Үкімет • 12 Қазан, 2021

Аида Балаева «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының міндеттерін түсіндірді

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының міндеттерін түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аида Балаева «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының міндеттерін түсіндірді

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының басты мақсаты – ғасырлар бойы қалыптасқан Ұлттық кодты сақтап, бүгінгі технологиялық заманның ағымына бейімдеп, болашақтағы өркениеттік сананың негізін бекіту.

«Осы ретте, Ұлттық жоба негізгі үш бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыт екі негізгі міндетті көздейді. Бұл – Елбасы мен Мемлекет басшысының идеялық бастамалары негізінде іске асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жаңа леп беру арқылы ұлттық құндылықтарымызды ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту», деді А. Балаева.

Атап айтқанда:

- халық арасында ұтымды салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды, елдік тәлім-тәрбие мен рухани үстемдікті дәріптеу және қоғамдық сананың мәдени деңгейі мен талғамын көтеру арқылы өркениет көшіне ілесетін, бәсекеге қабілетті жаңа ұлт келбетін жасау;

- жалпы қоғамда, соның ішінде балалар мен жастар арасында қазақтілді орта қалыптастыру арқылы мемлекеттік тілді – ұлтаралық тіл дәрежесіне жеткізу.

«Бұл міндеттерді орындау үшін 2025 жылға дейін қаржылық жағынан негізделіп, өзара біріктірілген 38 ауқымды іс-шара мен 8 нақты көрсеткішке жету жоспарланған.

Екінші бағыт «Ел Рухы» деген атаумен екі үлкен міндеттен тұрады. Бұл – ел ішінде мәдени қызметтердің сапасын көтеріп, халыққа қолжетімділігін арттыру және ел сыртында отандық мәдениетті дәріптеп, танымал ету», деді министр.

Осы орайда 2025 жылға дейін: - мәдени инфрақұрылымды дамыту мен шығармашылық потенциалды барынша арттыру арқылы мәдени қызметтердің еліміздің шалғай аудан-ауылдардағы қолжетімділігін 92,5%-ға дейін жеткізу; - төл мәдениет пен өнеріміздің жетістіктерін әлемдік деңгейде ілгерілету үшін отандық өнімдерді шығармашылық және технологиялық тұрғыда таратудың тиімді жүйесін қалыптастыру.

Бұл мақсатта іріктелген 13 жалпыұлттық іс-шара мен 5 нақты көрсеткішке жету жоспарланған, оның ішінде 250 жаңа мәдени нысан салынып, 1200 нысан күрделі жөндеуден өтетін болады.

«Үшінші бағыт «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталады. Ол – жастардың рухани кемелденіп, кәсіби өсіп, қоғамдық жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды», деп түсіндірді ведомство басшысы.

Сонымен қатар 2025 жылға дейін: - жастардың базалық сұраныстарын шешу, яғни, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету; - жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу; - жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті адами капиталдық ресурсын ұлғайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашу.

Бұл бағытта ұзын саны масштабты 15 жалпыұлттық іс-шара мен 8 нақты көрсеткішке жету жоспарланған, оның ішінде NEET санатындағы жастармен жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді. «Ұлттық жоба тұтастай қоғамдық сананы жаңғырту аясында стратегиялық міндеттерді шешуде бірқатар жалпыұлттық идеологиялық мәселелерге лайықты жауап беретін құжат деп есептейміз», деді Аида Балаева.