Оқиға • 12 Қазан, 2021

Мамонттың мүйізін Қытайға әкетпек болғандар ұсталды

802 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржы мониторингі агенттігінің елордалық департаменті Ресей Федерациясының азаматына қатысты артефактілердің экономикалық контрабандасы фактісі бойынша тергеуді бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мамонттың мүйізін Қытайға әкетпек болғандар ұсталды

Ресей Федерациясының азаматы Нұр-Сұлтан қаласының халықаралық әуежайы арқылы жалпы салмағы 2 мың кг-нан асатын мамонттардың азуы мен жүнді мүйізтұмсықтардың мүйізін Қытай Халық Республикасына контрабандалық жолмен әкетуге тырысқаны анықталды.

Тауарды жөнелтуші – Мәскеу қаласындағы ЖШҚ директоры. Палеонтологиялық материалдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және одан әрі ҚХР-ға жіберу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында ЖШС тіркеліп, директоры болып Ресей Федерациясының азаматы тағайындалған.

Мамандардың қорытындыларына сәйкес мамонттар мен жүнді мүйізтұмсықтардың қазба қалдықтарының зерттелген барлық бөліктері палеонтологиялық аретфактілердің ғылыми-тарихи, мәдени құндылығы бар. Зерттелген қазба қалдықтарының барлық бөліктерінің құны 173 миллион теңгені құрайды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәдени құндылықтарды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге тыйым салынады.

Осылайша, ұсталған азамат аса ірі көлемде экономикалық контрабанда жасады деген күдікке ілінді.

2021 жылғы 1 қазанда күдікті ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.