Алайда «Азаттық» деп аталар асыл ұғымды, баға жетпес байлықты уысымыздан шығарып алғанымыз жоқ. Қаз-қаз басқан Қазақ елінің 30 жылда қанаты қатайып, аяғына нық тұрды. Ел тізгінін ұстаған тұлғалардың табандылығы мен көрегендігінің арқасында өшкеніміз тұтанып, сөнгеніміз жанды. Отандастарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара бастады.
Зейнетақы жүйесінде
11,6 млн жеке шот бар
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Еліміз әлеуметтік-экономикалық дамуда, халықтың әл-ауқатының артуында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Нарықтық экономика басынан бастап құрылды. Түбегейлі реформалар табысты жүргізілді. Бұл соңғы 30 жылда өсіп-өнген жас ұрпақтың есінде болмауы мүмкін. Дегенмен біздің есімізде. Өткенді біліп, болашаққа нық қарау үшін осы нәрсені жастарға айтып, қайталап отыру– біздің міндетіміз. Осының арқасында Қазақстан қазір әлемде бәсекеге қабілетті 50 елдің және орташа табысы жоғары елдер қатарына қосылып отыр», деген болатын. Ұлт Көшбасшысы айтып отырғандай, жылдар жылжыған сайын әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық орнап, халықтың әл-ауқаты арта баста-
ды.
«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» болған соң, әлеуметтік қамсыздандырудың конституциялық кепілдіктерін іске асыру мәселесінде де зейнетақы жүйесі айрықша орыналады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған мәліметке сенсек, 1992 жылдан бастап Үкімет күрделі экономикалық жағдайларға қарамастан зейнеткерлердің тұрмыс деңгейін төмендетіп алмау мақсатында маңызды қадамдар жасап келеді.
Алайда зейнетке шығу жасының төмендігі, өсіп келе жатқан бейресми сектор, салықтан жалтару амалдарының етек жаюы және өтпелі кезеңнің басындағы экономикалық құлдырау мәселелері ақыр-соңында зейнетақы төлеу мен зейнетақы жинау ісіндегі берешектің өсуіне әкеліп соқты. Бұл өз кезегінде зейнетақы жүйесін тұрақсыз етті. Сондықтан 1998 жылы елімізде зейнетақы жүйесін реформалау басталды. Қазақстан ТМД елдерінің аумағында бірінші болып жеке жинақ принциптеріне негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Бүгінде жинақтаушы зейнетақы жүйесінде азаматтардың 11,6 млн жеке зейнетақы шоты бар. Бұл шоттарда шамамен 12,9 трлн теңге шоғырланған.
Жүйе статистикасы жаһандық өзгерістер барын айқындап отыр. Мәселен, зейнетақымен қамтамасыз етуге арналған шығыстар (ынтымақты + базалық зейнетақы) 2021 жылы 2 742,2 млрд теңге сомасында көзделген. Бұл ретте 1999 жылғы ұқсас шығыстар 99,1 млрд теңгені құраған болатын. Бұдан басқа жинақтаушы зейнетақы қорларынан реформа басталғаннан бері 1 313,5 млрд теңгеге зейнетақы төленді. Бұл қадам зейнетақы төлемдерін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Яғни 1999-2021 жылдары зейнетақы төлемдерінің елдегі орташа мөлшері 24 есеге дерлік өсіп, бүгінде 100 мың теңгеге жетті (2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша). Ал зейнетақының ең жоғары мөлшері134,9 мың теңгеден асады.
Мүгедектер мұңына мемлекеттік назар
Бүгінде елімізде 695,1 мың мүгедек адам тұрады. Соның ішінде 419,9 мың адам еңбекке қабілетті жаста (60,4%) болса, 180,6 мың адам – зейнеткер (26%). Бұған қоса 18 жасқа толмаған 94,6 мың бала бар (13,6%). Елімізде мүгедек адамдардың әлеуметтік қорғалу құқығы әлеуметтік көмек ұсыну, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту, білімиберу арқылы іске асырылады. Сонымен бірге олардың өзге азаматтармен тең дәрежеде қоғам өміріне араласуына мүмкіндік жасауға бағытталған өзге де шара қолға алыныпкеледі.
Мұндай адамдар оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, оңалту құралдары мен қызметтерін ұсынуға арналған өтініші негізінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік оңалту құралдарымен (протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифло техникалық құралдармен, міндетті гигиеналық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емделумен және басқалармен) қамтылады. Жыл сайын 300 мыңнан аса мүгедек адам техникалық құралдарымен қамтылып, оңалту қызметтері көрсетіледі.
Осылайша, елімізде техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамту үлесінің өскені байқалады. Мәселен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мұқтаж жандардың жалпы санының 81%-ы қамтылды (2013 жылы – 88%, 2015 жылы – 67%, 2016 жылы – 67%, 2017 жылы – 67,5%, 2018 жылы – 57,8%, 2019 жылы – 69,5%).
Организмнің бұзылған функцияларының орнын толтыру мақсатында мүгедек адамдарға берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарының тізбесі кеңейтіледі. Мүгедек адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар тізбесінің атаулары 32-ден 60-қа дейін (1,8 есе) көбейтілді. Осыған байланысты, әлеуметтік қамсыздандырудың тең құқығын қамтамасыз етуүшін 1998 жылдан бастап базалық деңгейде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар енгізілді.
Бүгінде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі табысты жұмыс істейді. Оған мемлекет төлейтін негізгі жәрдемақылар кіреді. Жалпы, аурудан пайда болған мүгедектік бойынша жәрдемақы мөлшері 2021 жылы 1-топтағы мүгедектер үшін – 65 860 теңгені, 2-топтағы мүгедектер үшін –
52 483 теңгені, 3-топтағы мүгедектер үшін 35 675 теңгені құрады.
Әлеуметтік төлемдердің көлемі 8 есе артты
Сонымен қатар үш деңгейлі жүйеде жұмыс берушілер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына формальды сектордың қызметкерлері үшін төлейтін әлеуметтік аударымдар да бар. Бұл мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер саналады. 2005 жылдан бастап елімізде әлеуметтік тәуекелдер пайда болған жағдайда әлеуметтік қорғаудың қосымша нысаны әрі оның екінші деңгейі саналатын әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілді. Аталған жүйе жұмыс берушілер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төлейтін формальды сектордың қызметкерлерін қамтиды.
2005 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер үш әлеуметтік тәуекел негізінде іске асырылып келді. Яғни мұндай төлемдер адам еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан, жұмысынан айырылған жағдайларда төленді. 2008 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдердің тағы екі түрімен толықтырылды. Мәселен, бұдан былай мұндай төлемдер жүктілігіне және босануына, сондай-ақ бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайларда берілетін болды. Жүйе жұмыс істеген жылдар ішінде әлеуметтік төлемдердің сомасы, орташа мөлшері және алушылар саны айтарлықтай өсті.
Еңбек өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейту жөніндегі Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын іске асыру үшін «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң жаңа редакцияда қабылданды. Аталған заңды іске асыру үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік тәуекелдердің үштүрі – еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылу жағдайларына әлеуметтік төлемдер тағайындау параметрлері қайта қаралды. Бұл өзгерістер жоғарыда көрсетілген әлеуметтік төлемдер мөлшерінің орта есеппен 50%-ға өсуін қамтамасыз етті.
Осылайша, 2008 жылмен салыстырғанда барлық әлеуметтік тәуекел бойынша әлеуметтік төлем алушылардың саны 2,8 есеге дерлік ұлғайды (2008 жылы – 321,5 мың адам, 2020 жылы – 894,4 мың адам). Осы кезеңде төлемдер сомасы 8 есе өсті (2008 жылы – 29 472,1 млн теңге, 2020 жылы – 232 924,2 млн теңге). Бұл ретте әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері де ұлғайды. Мәселен, еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайына байланысты жасалатын төлемдер 2008 жылғы 4 172 теңгеден 2021 жылы 26 574 теңгеге дейін 6,4 есе өсті. Сонымен қатар асыраушысынан айырылған жағдайда жасалатын төлемдер 2008 жылғы 5 678 теңгеден 2021 жылы 27 219 теңге дейін 4,8 есе көбейді.
Бұған қоса жұмысынан айырылған жағдайда берілетін төлемдер 2005 жылғы 9 224 теңгеден 2021 жылғы 46 842 теңгеге дейін 5,1 есе артты. Ал жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда жасалатын төлемдер 2008 жылғы 167 568 теңгеден 2021 жылғы 541 266 теңгеге дейін 3,2 есе ұлғайды. Сонымен қатар бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін төлемдер 2008 жылғы 9 557 теңгеден 2021 жылғы 32 345 теңгеге дейін 3,4 есе көбейді.