Футбол • 13 Қазан, 2021

Қазақ футболына серпіліс қажет

188 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының үш буыны (19 жасқа дейінгі, 21 жасқа дейінгі және ересектер) сейсенбі күні әлем және Еуропа чемпионат­тарының іріктеу кезеңіндегі кезекті ойындарын өткізіп, барлығы да қазақ жанкүйерлерін жерге қаратты.

Қазақ футболына серпіліс қажет

Тағы да 0:2

Ең алдымен ересектер құрамасының ойынына тоқталсақ. Елордадағы «Астана Арена» стадионында Финляндия құра­ма­сын қабылдаған жерлестеріміз өз ала­ңында тағы да 0:2 есебімен же­ңіліп қалды. Тағы да деп екпін түсіріп ай­туымыздың себебі, осыдан 4-5 күн бұрын қазақстандық футболшылар Босния және Герцеговина құрамасынан да дәл осындай есеппен ұтылып еді. Және де екі матчтағы голдарды да қақпамызға тек бір футболшы соқты. Атап айтқанда, босниялықтар сапынан Бельгияның жо­ғары чемпионатында өнер көрсететін Смаил Превляк дубльдің авторы атанса, скандинавиялықтардан Ағылшын Премьер-лигасындағы (АПЛ) «Норвич» клубында ойнайтын Теему Пукки Игорь Шацкий қорғаған қақпаны екі мәрте дәл көздеді.

Ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов пен оның шәкірттері Фин­ляндиямен ойын осы іріктеу кезеңінде өз алаңымызда өткізетін және 2021 жыл­ғы «Астана Аренадағы» соңғы матч екенін жақсы білді. Сондықтан фут­бол­шылар осы кездесуде барын салып, қалайда жеңіске жетудің амалын қа­растырып, стадионға жиналған және матчты теледидар арқылы тамашалаған мыңдаған (миллиондаған) жанкүйерге қуаныш сыйлауға ұмтылуы тиіс еді. Өйткені іріктеу бәсекелері басталған бетте футболшыларымыздың Украинамен екі мәрте тең ойнауы, сырт алаңда соңғы минуттарда Босниядан бір ұпай олжалап кетуі, финляндиялықтардан солардың алаңында бір-ақ доп айырмасымен жеңілуі қазақстандық жанкүйерлерді жеңіске үміттендіргені рас-тын. Жалпы осындай нәтижелерден кейін бір жеңістің болары сөзсіз секілді көрінген. Өкінішке қарай, Қазақстан футболшылары жеңіс былай тұрсын, өз алаңымыздағы екі ойында да тең нәтиже көрсете алмай, абыройсыздыққа ұшырады. Статистикаға көз жүгіртсек, бұл – Қазақстан құра­масының қатарынан тоғызыншы жеңілісі екен. Жерлестеріміз соңғы рет 2020 жыл­дың 9 қыркүйегінде жеңіс туын жел­біреткен-ді. Ұлттар лигасы аясында сырт алаңда өткен ойында отандастарымыз Литва құрамасынан 2:0 есебімен басым түскен болатын. Ал «Астана Аренада» жеңіске жетпегенімізге екі жылдың жүзі болды. 2019 жылдың маусымында Қа­зақстан Еуропа чемпионатының ірік­теу кезеңінде Сан-Марино құрамасын қабылдап, 4:0 есебімен ұтқаны есімізде. Міне, осы уақыттан бері отандық жан­күйер­лер футболшыларымыздың жеңі­сіне сусап келеді.

Осы іріктеудегі сәтсіздігімізге ұлт­тық құрамадағы футболшылардың тұрақ­сыздығы да себеп болған сияқты. Талғат Байсуфинов іріктеу кезеңіндегі жеті тур бойы бір позицияға әртүрлі ойыншыларды қойып көрді. Бірде-бір футболшы қатарынан жеті ойынға қатысқан емес. Сөйтіп футболшылар бір құрамға үйренбегендіктен, бір-біріне пас беру кезінде жиі қателесіп, ойынның деңгейін түсіріп алды. Сонымен қатар бас бапкер осы іріктеуде үш қақпашымен ойнады. Біреуі сәл қателік жіберсе, келесі ойынға басқа қақпашыны шығара салады. Енді келесі айда Франциямен өтетін ойында ұлттық құраманың жас қақпашысы Мұхамеджан Сейсенге сенім артса да таңғал­маймыз.

Сондай-ақ кешегі матч қазақстандық футболшылар еуропалық клубтарда ойнамайынша және балалар футболына тиісті деңгейде көңіл бөлінбейінше алдағы 50 жылда да көсегеміздің көгермейтінін, осы тұрған деңгейімізде қала беретінімізді тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Мәселен, бір ойынның тағдырын Финляндия құрамасының АПЛ-да ойнайтын шабуылшысы шешіп кетті. «Норвич» футболшысы Теему Пукки қорғаушыларымыздың қате­лігінің және өз шеберлігінің арқа­сында бірінші таймның соңында есеп ашса, екінші тайм басында да керек жерден табылып, Шацкийден қайтқан допты оп-оңай қақпаға тоғыта салды. Біздің ұлттық құрамаға да дәл осындай ойыншылар керек-ақ!

Қазақстан құрамасы ақыры жеңіске жетпейді екен, неге осындай ойындарда қарсыластарына қарап, допты қалай тебу керектігін, допты бас салып алға қарай тебе бермей, пасты ақылмен, ойланып барып беруді үйренбейді екен?! УЕФА-да жүргенімізге келер жылы 20 жыл толады. Осы уақыт аралығында төменгі деңгейден орта деңгейге дейін көтерілетін уақыт болды ғой. Бірақ ұлттық құраманың 2002 жылғы деңгейі қандай болса, қазір де сол шамада.

Топтағы жағдайға көз салар бол­сақ, бұл жеңілістен кейін Талғат Маруа­ұлы­ның шәкірттері үш ұпаймен өздеріне тиесілі соңғы орынды «сақтап» қалды. Ал сырт алаңда үш ұпайға қол жеткізген Финляндия 8 ұпаймен үшінші сатыға көтерілді. Сонымен қатар топтағы екінші ойында Украина құрамасы Киевте Босния және Герцеговина футболшыларын қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті. Сөйтіп Украина 9 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Босниялықтар 7 ұпаймен төр­тінші орында тұр. Алты ойыннан кейін 12 ұпай иеленген Франция – көш басында. Әзірше Қазақстаннан басқа құрамалар әлем чемпионатына барудан күдер үзген жоқ.

Финляндияға қарсы өткен кездесуден кейін баспасөз мәслихатына қатыс­қан ұлттық құраманың бас бапкері Тал­ғат Байсуфинов өз алаңымызда өткен екі ойынның бірінде жеңіске жетуді армандағанын айтты. «Тым болмаса, бір ойында жеңіске жетсек қой деген арманымыз, мақсатымыз болған еді. Бірақ бұл екі кездесуде де жеңілдік. Басқа не айтуға болады... Біз екі ретінде де өз ойыны­мыз­ды көрсете алмадық», деді Талғат Байсуфинов.

Бас бапкер Босниямен өткен ойыннан кейін футболшылар ол матчқа психо­логиялық тұрғыдан дайын бол­май шықты деп мәлімдеген еді. Де­ген­мен кешегі ойында Қазақстан құрамасының қорғаушысы Еркін Тапалов психологиялық тұрғыдан ешқандай мәсе­ле болмағанын атап өтті. «Біздің футболшыларда психологиялық проблема бар деп айтпас едім. Бұл ойында бізге қорғаныста салқынқандылық жетіспеді. Психологиялық қысым бізге ешқандай әсер еткен жоқ. «Астана Аренадағы» соңғы ойында жеңіске жетуді көздеп едік, бірақ жеңіске жету қолымыздан келмеді. Сол үшін жанкүйерлерден кешірім сұ­раймын. Бізді қолдап, соңғы минутқа дейін алға жетелегендері үшін көп рахмет», деді Еркін Тапалов.

Енді Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі соңғы ойынын 13 қарашада сырт алаңда Франция футболшыларымен өткізіп, жылды қорытындылайды.

 

Жігерсіз жастардың жеңілісі

2023 жылы 21 жасқа дейінгі құрамалар арасында өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысып жатқан Қазақстан жастар (U-21) құрамасы Қарағандыда Түркия футболшыларымен кездесіп, 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Ойынның 27-минутында Энис Дестанның соққан голы Түркияға үш ұпай сыйлады. Қайрат Нұрдәулетов шәкірттері мұның алдында өз жерімізде Бельгиядан 3:1, сырт алаңда 2:0 және Даниядан 1:0 есебімен жеңіліп қалған еді. Төрт ойыннан кейін бірде-бір ұпай олжалай алмаған футболшыларымыз әдеттегідей топта ең соңғы орында тұр. Түркия жастары 4 ұпаймен үшінші оры­нға көтерілді.

Сонымен қатар 19 жасқа дейінгі жас­өспірімдер арасындағы Еуропа чем­пио­натының іріктеу ойындарына қатысып жатқан құрамамыз да өздерінің кезекті ойынын өткізіп, Солтүстік Ирландия футболшыларынан 2:1 есебімен ұтылды. Қата­рынан үш ойында жеңілген жасөс­пірімдеріміз де топта соңғы орында қалып отыр.

Міне, бұл – бір күнде өткізген қазақ футболшыларының үш буынының «нә­тижесі». Соңғы екі құраманың өкіл­де­рі әне-міне дегенше еліміздің бас құра­ма­сында доп тебеді. Жасөспірімдер, жас­тар құрамасы сапында жүрген шағында әбден жеңіліп-жеңіліп, ересектер дуына қосы­ламын дегенше жеңістің не екенін ұмытып қалатын футболшылардан тәуір нәтиже күтудің өзі қисынсыз сияқты.

...Олимпия ойындарында жарқырап өнер көрсетіп, қос-қостан алтын медаль ала алмауымызға кедергі келтірген пан­демияның футболдағы сәтсіздігімізге еш қатысы жоқ шығар деп ойлаймыз.