Қазақстан • 14 Қазан, 2021

Өлім жазасын жою – гуманизмге бағытталған қадам

618 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен төменгі Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар бірқатар заң жобасын мақұлдады. Соның ішінде, «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Өлім жазасын жою –  гуманизмге бағытталған қадам

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев аталған құжат жөнінде баян­дама жасады. Оның айтуынша, БҰҰ өлім жазасын жоюды адамның өмір сүру құқығын қамтамасыз ету жо­лын­дағы прогресс ретінде қарап отыр. Осы­ған байланысты өлім жазасын жою адам­ның қадір-қасиетін нығайтуға және құ­қық­тарын дамытуға ықпал етеді деп есептейді.

«Гуманизмді басшылыққа ала отырып, Қазақстан өлім жазасын сатылы түр­де жою бағытын қолға алды. 2005 жы­лы Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге ратификация жасалды. Осы пакттің 6-бабына сәйкес, өлім жазасы тек айрықша ауыр қылмыс жасағаны үшін заңға сәйкес тағайындалуы мүмкін. Қазақстан 2006 жылы Еуропалық одақтың «Өлім жазасын жою туралы» үндеуіне қосылды. 2007 жылы БҰҰ Өлім жазасына мораторий енгізу туралы қарарын қолдады. Осының аясында өлім жазасын қолдану сатылай азайып келеді», деді Әсет Шындалиев.

Бас прокурор орынбасарының айтуынша, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыс үшін тағайындалатын еді. Бұл жаза 1997 жылғы Қылмыстық Кодекстің 18 бабында ғана қалды. Ал 2014 жылы Қыл­мыс­тық кодекстің 17 бабында сақталған. Бар­лық санкцияларға балама ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру көз­делген.

«2003 жылы Елбасы мерзімсіз мораторий енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім өлім жазасын толық жойған кезге дейін қолданылады. Өлім жазасын жоюға бағытталған маңызды актілердің бірі – екінші факультативтік хаттама. Оны Қазақстан биылғы қаң­тар­да ратификациялады. Хаттама өлім жаза­сын жою үшін барлық шараларды қа­былдауды міндеттейді. Алайда бұл жа­заны хаттама ескертпесінің шеңбе­р­інде қалдыру мүмкіндігі бар», деді Ә.Шындалиев.

Қазақстан осы шартты басшылыққа алып, хаттаманы ескертпемен ратифи­ка­циялады. Ескертпеге сәйкес, Қазақстан соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырып отыр. Осы­лай­ша, заң жобасында Қылмыстық ко­дек­сті хаттама мен оған жасалған ескерт­пеге сәйкес келтірілмек, сондай-ақ Қыл­мыс­тық кодекске бірқатар түзету енгізіледі.

«Бірінші, өлім жазасы Қылмыстық кодекстің 13 бабынан алынып тасталады. Екінші, соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар ретінде өлім жазасын қолдану шектері бекітіледі. Қылмыстық кодекстің 4 ба­­бында осы жаза сақталады. Атап айт­қанда, бейбітшілік пен адамзат қауіп­сіз­­дігіне қарсы аса ауыр қылмыстар. Бұл қылмыстар соғыс әрекеттерімен байланысты әрі соғыс кезінде жасалуы мүмкін. Олар: басқыншылық соғыс­ты жүргізу, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, әскери тұтқындар мен бей­біт тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу, соғыс уақытында жасалған геноцид. Бұл баптар аталған қылмыстардың ауыр­лы­ғын ескеріп, соғыс уақытында көп адамды өл­тіргені үшін жауапқа тартуды көз­дейді», деді Ә.Шындалиев. 

Адамгершілікке қарсы осындай әрекеттер белгіленген халықаралық актілер өлім жазасы қолданылуы мүмкін қылмыстарды анықтауда негізге алынбақ. Атап айтсақ, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің қарарына сәйкес, өлім жазасы көзделген әрекеттер тізімі көптеген адам өліміне және басқа да ауыр зардаптарға әкелетін қасақана қылмыстар шегінен шықпауға тиіс.

Бұдан бөлек, Рим статуты (Ха­лық­аралық қылмыстық сот жарғысы) да ескеріледі. Онда барлық халықаралық қоғамды алаңдататын ең аса ауыр қыл­мыстар ретінде геноцид, адамзатқа қарсы қылмыстар, әскери қылмыстар мен агрессия қылмыстары белгіленген. Жарғыда әскери қылмыстарға азаматтық тұрғындарға қасақана шабуыл жасау, жаппай тыйым салынған қару-жарақтарды қолдану кіреді.

«Әскери тұтқындарды ұстау туралы» Женева Конвенциясы (1949 жыл) басқа қылмыстармен қатар, әскери тұтқындарды қасақана өлтіруді ең аса ауыр қылмыс деп санайды. Осындай ереже 1949 жыл қабылданған «Соғыс кезінде бейбіт тұрғындарды қорғау туралы» Конвенцияда да айтылған.

Ә.Шындалиевтің айтуынша, осыларды ескере келе Қазақстан бұл қылмыстарды аса ауыр сипаттағы қылмыстар деп таныған. Жоғарыда айтылғанның негізінде осы қылмыстар үшін өлім жазасы қалдырылмақ.

«Бұдан бөлек, Қазақстан Биологиялық және химиялық қаруға (1972 және 1993 жылғы), Ядролық қаруға (2017 жыл­ғы) тыйым салу туралы шарттарды бе­кіт­ті. Бұл шарттар жаппай қырып-жою қа­руына тыйым салады. Сол себепті, осын­дай құралдарды қолданғаны үшін өлім жазасын қалдыруды қарастырып отырмыз», деді Ә.Шындалиев.

Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақ­­стан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл заң жобасының негізгі мақсаты – ішкі жалпы өнімнің энергия сыйымдылығын тө­мендету бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сала­сын­дағы жүргізілетін саясаттың түпкі нәтижесіне қол жеткізу.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2018 жылғы Қазақстан халқына Жол­дауында берілген тапсырмасына сәйкес әзірленген. Мақсаты – кәсіпорындардың энергия тиімділігіне қойылатын талап­тарды күшейту. Аталған заң жобасы жөнінде Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрі Бейбіт Атам­құлов баяндама жасады.

Ведомство басшысының айтуынша, құжат энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге ба­ғыт­талған. Жалпы, Заңның 9 бабына өз­геріс енгізіліп, 2 жаңа баппен толық­тыру көзделген. Негізгі бағыттар – мем­лекеттік энергетикалық тізілім, энергия аудиті, мемлекеттік бақылау, бюджет секторы және өңірлік саясат.

«Елдегі тұтыну көлемінің үштен бірі тиесілі ірі кәсіпорындарда энергия үнемдеу мәселелері бойынша жауапты тұлғаларды енгізу ұсынылады. Олар энергия менеджерлерінің рөлін атқармақ. Сонымен қатар энергетикалық тізілім аясында жеке сектор үшін ақпарат тізбесін оңтайландыру ұсынылады. Мемлекеттік сектор үшін автоматтандырылған жылу пунктімен қамтамасыз ету туралы және басқа да ақпаратпен толықтыру арқылы кеңейту көзделеді. Оның мақсаты – ең озық тәжірибелермен әрі қарай салыс­тыру және ұсыныстар дайындау», деді Б.Атамқұлов.

Министрдің сөзіне сүйенсек, энергия аудиторларына үміткерлерді аттес­таттау функцияларын қызметкерлердің лайықтылығын растайтын органдарға беру ұсынылады. Бұл шара сала са­рап­шыларының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етіп, энергия аудитінің сапасын жақсартады. Бұдан бөлек, заң жобасында энергия аудиттерін толық, мақсатты және жедел энергия аудиті етіп жіктеу көзделген.

«Энергия үнемдеу саясатын іске асыруда жергілікті атқарушы орган­дар маңызды рөл атқарады. Бүгінде жер­гілікті жерлерде энергия үнем­деу шара­ларына бағытталған бағдар­ламалар жоқ. Осыған байланысты жер­гілікті атқару­шы органдарға үш жыл­ға арналған жол кар­таларын қабыл­дау және іске асыру құзыретін беру ұсы­ны­лады.

Энергия үнемдеудің елеулі әлеуеті бар бюджет секторын реттеуді күшейту және бюджет шығындарын азайту мақ­сатында тиісті құралдар ұсынылды. Мем­лекеттік мекемелерде энергия үнем­деуді қамтамасыз ететін, сонымен бірге энергия тұтынатын жабдықтар нары­ғын қайта құруға серпін беретін тиім­ді мемлекеттік сатып алу енгізіледі. Энер­гия тұтыну нормативтерін қабылдап, олар­дың сақталуына мониторинг жүргі­зіліп, бенчмаркинг және энергия тиім­ділік бойынша тиісті ұсынымдар бері­леді», деді министр.

Бизнеске бұзушылықтарды өз бетінше жоюға мүмкіндік беру мақ­сатында энергия үнемдеу саласы үшін жаңа мем­ле­кеттік бақылау тетігін, яғни субъектілерге бар­май профилактикалық бақылау жасал­мақ. Оның тәртібін айқындау көзделеді.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­ма­­тулин заң жобасында су пайдалануды бақы­лау жүйесін қарастырылуға тиіс еке­нін атап өтіп, жұмыс тобына екін­ші оқы­лымға дейін әзірлеушілермен бір­лесіп, осы мәселені пысықтау қажеттігін айтты.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің заң жобасынан тиісті нормаларды алып тастау ұсыны­сы өнеркәсіптік кәсіпорындардың, коммер­циялық және бюджеттік ұйымдардың суды қалай пайдаланатынын бақылауға мүмкіндік бермейді.

Сондықтан Нұрлан Нығматулин де­путаттардың қолданыстағы су тұ­ты­нуды бақылау жүйесін сақтау қажеттілігі туралы түзетулерін қолдау керектігін атап өтті. Жалпы, заң жобасымен экспресс-энергоаудит және мақсатты энергоаудит енгізіледі. Нысанға бармай алдын алу бақылау тәртібі бекітіледі.

Сонымен қатар облыстардың, рес­пуб­ликалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы орган­дарының құзыреті энергия үнем­деу жөніндегі жол карталарын әзірлеу және бекіту жөніндегі нормамен толық­тырылады.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Фе­дерациясының Үкіметі арасындағы «Бай­қоңыр» ғарыш айлағында «Бәйте­рек» ғарыш зымыран кешенін құру тура­лы келісімге өзгерістер мен толық­ты­­рулар енгізу туралы хаттаманы ра­ти­фи­кациялау туралы» заң жобасы ма­құлданды.

«Хаттаманың негізгі міндеті – «Бәй­терек» жобасының негізгі шарттарын түзету және өзектендіру. Бұл ретте хаттама ең алдымен Қазақстан тарапының мүдделеріне жауап береді. Тұтастай алған­да, хаттама қазақстандық тарап үшін қажет, өйткені бұл бірінші кезекте бірлескен кәсіпорынның Қазақ­станның Қаржы министрлігі алдындағы бюджеттік кредит бойынша қаржылық міндеттемелері мәселесін заңды негізде шешуге жағдай жасайды», деді аталған құжат жөнінде баяндама жасаған Цифр­лық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин.

Хаттамаға Ресей тарапының 2036 жылға дейін «Союз-5» зымыран-тасы­ғыштарын ұшыру кеше­нін қамтамасыз ету жөніндегі міндет­темелері енгізілген. Бұл жобада Ресей тарапы тасымалдағыш зымыранды құру­ды қамтамасыз етеді, ал Қазақстан тарапы қолданыстағы «Зенит-М» ғарыш­тық зымыран кешенінің жерүсті кешенін жаңғыртуды қаржыландыруды мемле­кеттік тапсырыс арқылы орындау­ды қамтамасыз етеді.

«Заң жобасы күшіне енгенде мына­дай нәтижелерге қол жеткізуге мүм­кіндік береді. Бірінші, «Бәйтерек» Қазақ­стан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ бюд­жеттік кредитті оның жарғылық капита­лына айырбастау арқылы кредит­тік міндеттемелерден босатылады. «Бәйтерек» мемлекетаралық жобасын іске асыруды жалғастыруға мүмкін­дік алады. Айырбастау рәсімінің нәтиже­сінде Қазақстандық тараптың бірлескен кәсіпорынға қатысу үлесі шамамен 99 пайызға дейін артады.

Екінші, хаттама «Бәйтерек» ғарыш­тық ұшыру кешенінен 10 жыл ішінде Ресей тарапынан кемінде 2 ұшырылым қам­тамасыз ететін кепілдігін береді. Бұл құрылған кешеннің болашақта мемле­кеттік инвестицияларды қайтаруына мүмкіндік береді. Ресей тарапымен осы келісімнің күшіне енуі туралы ішкі мем­лекеттік рәсімдер орындалды», деді Б.Мусин.

Жалпы отырыс барысында Пала­та­ның бейінді комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Олар – гео­дезия, картография және кеңістіктік деректер туралы заң жобасы ілеспе түзетулерімен, сондай-ақ, волонтерлік қыз­мет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік ау­мағы арқылы қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары.

Жиын барысында депутаттар мем­лекеттік органдар басшыларына бірқатар депутаттық сауалдар жолдады.