Экономика • 14 Қазан, 2021

Мұнай рекордтық жағдайда қымбаттады

890 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұнай бағасы соңғы үш жылда болмаған межеге жетті. ICE Futures лондондық биржасындағы Brent маркалы мұнайдың құны 2,03 пайызға қымбаттап, барреліне 84,06 долларға жеткен. Нью-Йорк тауар биржасындағы WTI мұнайының бағасы да барреліне 80,95 долларға өскен. Бұл алдыңғы сессиямен салыстырғанда 1,59 пайызға жоғары.

Мұнай рекордтық жағдайда қымбаттады

Сарапшылар мұнай бағасы­ның қымбаттауына қатысты себепті түрлі жағдайдан іздейді. Олардың бірқатары «қара алтын» құнының өсуіне табиғи газдың қымбаттауы әсер етті деп есептейді. Қазір Еуропада газдың бағасы аспандап тұр: 6 қазанда TTF нидерланд хабын­дағы сауда кезінде газ бағасы мың текше метрге 1900 доллардан асып түсіп, тарихи рекорд жасады. Жалпы, 1 шілдеден бері Еуропада газ бағасы 4 мәрте қымбаттаған. Осыдан келіп трейдерлер мұнайды балама тауар ретінде тұтына бастаған.

Сонымен қатар мұнайға деген сұраныстың да арта түсуі – баға шарықтауына өз әсерін тигізбей қоймайды. Жа­қын­да өткен ОПЕК+ қатысушы елдерінің отырысында Энер­гетика министрі Мағзұм Мыр­зағалиев Қазақстанның келесі айларда мұнай өндірісін арттыратынын мәлімдеген еді.

«Отырыс қорытындысы бо­йынша келісімге қатысушылар шектеулерді алып тастамайынша тәулігіне 400 мың баррель болатын қазіргі өндіріс деңгейін ұжымдық түрде өсіру туралы шешім қабылданды», делінген министрлік таратқан ақпаратта. Бұл шешім аясында Қазақстан қазан айында тәулігіне 1,524 млн баррель мұнай өндіруі тиіс. Тиісінше, әр ай сайын өндіріс көлемі тәулігіне 16 мың баррелге артып отырады.

Мұнай қымбаттаған сайын «теңге неге күшеймейді?» дей­тін дәстүрлі сауал туындайды.

«Мұнай бағасы өте маңызды рөлге ие, бірақ бұл басты фактор емес. Теңге бағамына әсет ететін сыртқы факторлар қатарында мұнай бағасынан бөлек DXT индексі түріндегі доллар бағасы, сауда серіктес ел­дерінің экономикалық жағ­дайы және геосаяси ахуал бар. Ішкі факторлар – төлем балансы көрсеткіштерінің динами­ка­сындағы өзгерістер, салық ап­та­лары, түрлі маусымдық жағ­дай­лар және экономикалық бел­сен­ділік трендтері де ықпал етеді.

2020-2021 жылдары мұнай бағасы төмен, соған қарамастан теңге құны әлдеқайда мығым болған сәттер жиі ұшырасты. Бұл кезеңдер – 2020 жылдың мамыр-шілде аралығы: Brent маркасының бағасы – барреліне 29-44 доллар, ал теңге бағамы – 397-410. Сондай-ақ биыл ақпанда мұнай бағасы барреліне 60-65 доллар болып тұрды, ал теңге – 415-417», деп жазады теле­грамдағы Tengenomika каналы.

Мұнай бағасына қатысты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова да түсініктеме берген. Оның айтуынша, Еуропа мен Азияда жылу беру маусымы қарсаңында газ қымбаттап кетіп, нәтижесінде көп компания мұнай тұтынуға күрт ауысқан. «Ида» дауылынан кейінгі Мексика шығанағындағы өндірістің баяулап қалуы да – көп фактордың бірі.

«Ұлттық валюта үшін ір­гелі факторлардың бірі болып табылатын мұнай бағасы тең­геге сөзсіз қолдау көрсет­ті. Алай­да шетелдік валютаға жал­ғасып отырған ішкі сұра­ныс және жаһандық қаржы на­рық­тарындағы күшті теріс сен­ти­мент теңге серпініндегі басым факторларға айналды. Біріншіден, АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздары кірістілігінің өсуі және доллардың жаһандық деңгейде нығаюы дамушы ел­дердің валюталарына қысым көрсетті. Мұнай бағасының айтарлықтай өсуіне қарамастан, дамыған және дамушы елдер­дің шикізат экономикасы валюта­ларының көпшілігі теріс аймақта болды. Канада доллары – 0,5, Норвегия кроны – 0,6, Индонезия рупиясы 0,3 пайызға әлсіре­ді. Сонымен бірге экономика­лық белсенділіктің қалпына келуі және импорттың өсуі теңгенің нығаюын шектейді» дейді Ә.Молдабекова.