06 Мамыр, 2010

БІРЛЕСКЕН ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ

630 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінде құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы болып өтті. Онда контрабандаға қарсы күрестің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Бүгінгі таңда еліміздің эконо­микалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекет тарапынан ерекше бақылауға алынып, барлық заңды талаптардың орындалуы үшін кешенді шаралар атқарылуда. Әсіресе, Қазақстан Ресей және Беларусь мемлекеттерімен кедендік одаққа мүше болып енгендіктен осы одақтың оңтүстік-шығыс шекарасын қорғау біздің елімізге жүктеліп отыр. Сондықтан да шекарадағы кеден бекеттерінің инфрақұрылымын жақсарту, сондай-ақ оларды жоғары техни­калық құралдармен жабдықтау мақсатында Үкімет тарапынан 16 миллиард 210 млн. теңге бөлінді. Демек, мұндай жағдайда алға қой­ылған міндеттің талапқа сай орындалуы үшін құқық қорғау органдары контрабанданың өтуіне, қару-жарақтың тасымалдануына, есірткі құралдарының заңсыз ай­налымына тосқауыл қою мақса­тында бірлесіп әрекет етуі тиіс. Міне, осыған орай Кедендік ба­қылау комитетінде бас қосқан құ­қық қорғау органдарының бірінші басшылары әуелі шекарадағы бақылау органдарының қызметін, жүктердің өтуін және тауарларды жеткізуді реттеу үшін құрылған Кедендік бақылау комитетінің жедел басқару орталығының (ЖБО) жұмысымен танысты. Сондай-ақ, кеден органдарының жеке құра­мының кедендік ресімдеу және бақылау, контрабандаға қарсы күрес, посткедендік бақылау, аудит және т.б. желілері бойынша білік­тілігін арттыру мақсатында құрыл­ған Дүниежүзілік кеден ұйымының өңірлік оқу орталығын аралап көрді. Қазіргі уақытта кеден орган­дары міндетін талапқа сай атқарып келеді. Өткен жылы мемлекет қазынасына 5 млрд. 255 млн. теңге құйылды. Енді жоғарыда айтылған­дай, Қазақстанның Ресей және Беларусь елдерімен Кедендік одаққа кіруі аясында экономикалық қауіп­сіздікті одан әрі нығайту және түрлі тауарларды заңсыз тасымалдаудың жолын кесу маңызы айрықша арта түсті. Ал құзырлы органдар мен ведомстволар мемлекеттік шека­раларды бекіту және кедендік бақы­лауды күшейту жұмыстарын бір­кел­кі деңгейде жүргізуде. Осы орай­да үйлестіру кеңесінің мү­шелері уәкілетті және құқық қорғау органдарының негізгі мәселе бойынша өзара іс-қимыл әрекетіне оң баға берді. Сонымен қатар, контрабандамен күрестің тиімділігін одан әрі арттыру, шекараны ин­же­нерлік нығайту және өткізу бекет­терін техникалық жабдықтау бой­ын­ша жұмыстардың белсенділігін күшейту, жүк тасымалын жүзеге асыратын ұйымдармен үйлесімді іс-қимыл орнатудың маңыздылығы атап көрсетілді. Мәжіліс барысында Бас Про­курор Қырғызстанмен арадағы шекарадағы инженерлік бекіту қондырғыларының құрылысын үстіміздегі жылдың соңына дейін аяқтау қажеттігіне назар аударып, жүктерді кедендік ресімдеу бары­сын­да сыбайлас жемқорлық көр­і­ніс­терін болдырмау үшін түбегейлі шаралар қабылдауды талап етті. Александр ТАСБОЛАТОВ.