Экономика • 14 Қазан, 2021

ПИК-тен – МИБ-ке: Бүгінге дейін не өзгерді?

499 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Пәтер иелері кооперативтерін (ПИК) мүлік иелері бірлестік­теріне (МИБ) немесе жеке серіктестіктерге ауыстыру жұмысы басталғалы біршама уақыт өтті. Содан бері не өзгерді? Тұрғын үйді басқарудың жаңа формасына өту қалай жүзеге асырылып жатыр? Шолу жасап көрдік.

ПИК-тен – МИБ-ке: Бүгінге дейін не өзгерді?

Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда 54 474 көп пәтерлі тұрғын үй бар. Соның 50 427-сі үйді басқарудың жаңа формасына көшуі керек. Қалған 4 047 үй бөлінбейтін коммуналдық меншікке немесе жеке меншікке тиесілі. Кейбірі апаттық жағдай­да тұр. Демек, бұларға мүлік ие­лері бірлестігін/жеке серіктестік құрудың қажеті жоқ.

2021 жылдың 30 қыркүйегін­дегі жағдай бойынша, республикада тұрғын үйді басқарудың 13 005 жаңа нысаны құрылған. Оның 1 969-ы – мүлік иелері бірлес­тігі, 10 036-сы – жеке серіктестік. Сонда қолданыстағы көппәтерлі тұрғын үйлердің тек 25,8 пайызы ғана үйді басқарудың жаңа формасына көшкен.

Әлбетте, көрсеткіш төмен. Бұл әкімдіктер тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстың сылбырлығын көрсетеді. Әйтпесе, әрбір әкімдікте тұрғын үйді басқарудың жаңа формасына көшуге қатысты тиісті жол карталары мен жұмыс кестелері бекітілген. Жоспар бойынша, биыл тұрғын үйді басқарудың 31 580 жаңа нысаны құрылуға тиіс еді. Соңғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 11 776 мүлік иелері бірлестігі/жеке серіктестік құрылған. Демек, жос­пар 37,3 пайызға орындалған. Әлі 19 804 жаңа нысан құрылуы керек.

Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, Атырау және Батыс Қазақ­стан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қала­ларында жоспардың орындалуы төмен. Мәселен, Атырау облысында 1 052 мүлік иелері бір­лестігі/жеке серіктестік құрылуы керек еді. Мұнда тек 167 үй ғана жаңа нысанға ауысқан.

Бұл дегеніміз жалпы жоспардың 15,9 пайызы. Елордада тұрғын үйді басқарудың 1 709 жаңа нысанының орнына 208 мүлік иелері бірлестігі/жеке серіктестік құрылған немесе жоспардың 12,2 пайызы ғана орын­далған. Алматының көрсеткіші – 19,4 пайыз. Бұл шаһарда 5 275 жаңа нысан құрылуға тиіс еді. Алайда 1 023 мүлік иелері бірлестігі/жеке серік­тестік қана жұмысқа кіріскен. Батыс Қазақстанда 1 524 жаңа нысан­ның орнына 284 қана мүлік иелері бірлестігі/жеке серіктестік құрылған. Бұл 18,6 пайызға тең.

1

«Көппәтерлі тұрғын үй бойынша кестелердің барлығы Easy project жүйесіне жүктелген. Жергілікті ат­қарушы органдар мен Әділет ми­нистр­лігінің жедел деректерімен салы­с­тырғанда жүйе ақпаратының өзектілігі 92,4 пайызды құрайды. Өзектендіру жұмыстары Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында сылбыр жүріп жатыр», деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Бұл ретте министрлік тұрғын үйді басқарудың жаңа нысанына көшу реформасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, осы күнге дейін реформаны сәтті жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы орган­дардың және «Азаматтарға арнал­ған үкіметтің» 796 қызметкері арнайы оқытылған. Мәселен, Л.Н.Гу­милев атындағы Еура­зия ұлттық университеті мен министр­ліктің бағ­дарламасы бойынша 634 тың­дау­шы оқыған. Сондай-ақ мүлік ие­лері бірлестігі/жеке серік­тест­ік­тің 266 басқарушысы сертификаттау орта­лығында біліктілігін рас­таған. Бүгінде өзге де білім беру нысан­дарының базасында оқу орталықтарын ұлғайту жұмысы жүргізілуде.

Осы жылдың сәуір айында «Қазақ­стан Республикасының коопе­ративтері мен экономикалық қо­ғамдастықтардың басқа да ны­сандарының ұлттық қауым­дас­тығы» негізінде алғаш рет өзін өзі рет­тейтін ұйым құрылған болатын. Бұл ұйым мүлік иелері бірлестігі/же­ке серіктестік құру және жылу беру кезеңіне дайындық мәселелері бо­­йынша өңірлерде кең ауқымды ақ­­па­рат­тық-түсіндіру науқанын өт­кізу­ге дайын. Сондай-ақ аталған ұйым пәтер иелері кооперативтері ара­­­сын­дағы шиеленісті һәм даулы мәселелерді төмендетуді өз мойнына алып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегімен пәтер иелері кооперативтерінің басқарушылар мен сер­вистік компаниялар нысанына бірқалыпты өтуін қамтамасыз етуі керек. Әкімдіктерге өзін өзі рет­тейтін атал­ған ұйыммен өзара іс-қимылды жолға қою ұсынылған болатын. Алай­да жергілікті атқарушы органдар тара­­пынан ұйымдастыру жұмыстары дұ­рыс ұйымдастырылмай жатқан көрінеді.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын жаңғырту мен дамыту орта­лығының ресми сайтында және Facebook желісіндегі топтарда жаңа ре­формаға қатысты ақпараттар орналас­тырылған. Сондай-ақ TelegramBot, Suraqtar.kz платформаларында да қажетті ақпараттық материалдар, хат­­та­малардың үлгілері, жиналыс өт­кізу үшін сауалдама парақтары, хабар­­­ламалар, нормативтік-құқықтық ак-т­і­л­е­р, нормативтік-техникалық құ­­­жат­­тар баршаға қолжетімді. Бұл рет­те келіп түскен 828 сұраққа жауап берілді. Тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­­шылығын жаңғырту мен дамыту орта­­лығының жанында тікелей мүлік иелері бірлестігі/жеке серіктестік құру­мен жұмыс істейтін, әдіснамалық консультация беретін фронт-офис ашылды», деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму минис­трлігі.

2021 жылғы 16 қыркүйекте ми­нистр­лік Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын жаңғырту мен дамыту орталығының алаңында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­сындағы электронды ақпараттық ресурстарды орталықтандырылған жи­нау және сақтау жүйесін – Е-Шаңырақ жобасын тәжірибеден өткізу үшін іске қосты. Бірінші кезең шең­берінде ақпараттық жүйе көппә­терлі тұрғын үйлердің саны, олардың техникалық жай-күйі, тұрғын үйлерді басқару органдарынан алынатын орнатылған есепке алу аспаптары бойынша талдамалық деректерді қалыптастыруға, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерімен және үйді басқарудың нарықтық IT қо­сымшаларымен интеграция­ны жүр­гізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте жүйе­ні одан әрі дамыту көз­деліп отыр. Оның аясында рейтингтер, басқа­ру­шылар мен сервистік ком­па­ния­лардың тізілімдерін қалып­тас­­тыру мүмкіндігі пайда болады. Жоба мемлекет-жекешелік әріптес­тігі тетігі бойынша бюджеттік қаржы­лан­дырусыз іске асырылады.

Бұдан бөлек Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Әділет, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрліктері бірлескен бұй­рықты бекітті. Ендігі жерде Жол картасын және e-Gov порталында мүлік иелері бір­лестігі/жеке серік­тес­тікті тіркей оты­рып, электронды дауыс беру қыз­меті іске қосылмақ. Қазіргі уақытта e-Gov пор­талында тіркелген кондоминиум нысанымен көппәтерлі тұрғын үй үшін электронды дауыс беруді өткізуге болады.

Сондай-ақ тұрғын үй заңнамасы­ның жекелеген нормаларын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді. Олар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар ен­­гізу туралы» заң жобасында еске­рілген.

Бұл ретте пәтер иелері кооператив­терінен техникалық және қаржылық құжаттаманы ұсынбау жөніндегі шараларды реттеу мақсатында Әділет министрлігіндегі жұмыс тобының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабына әкімшілік шаралар қолдану туралы енгізген түзетулері қолдау тапты. Сондай-ақ «көппәтерлі тұрғын жай серіктестігі» басқару нысанын құру кезінде салық салу рәсімін оңайлату мақсатында Салық кодексіне өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.

Біз жаңа реформа аясында атқа­рыл­ған жұмысты толық қамтуға тырыстық. Бірақ бұл бәрі дұрыс деген сөз емес. Өйткені тұрғын үйді бас­қарудың жаңа нысанына көшу біршама мәселенің бетін ашып отыр.

Негізі жаңашылдық пәтер иелері кооперативтеріне қатысты мәселе­лер­ді түбегейлі шешіп, қызмет көр­сету процесінің ашықтығын қамта­ма­сыз етуге тиіс еді. Әсіресе қаржылық тұр­­­ғ­ыдан. Алайда қазіргі тәжірибе көр­­­сетіп отырғандай, мүлік иелері бір­­­лес­тіктері тұрғын үйлерге қызмет ету­дің қаржылық мәселесімен ғана ай­на­лысуда. Ал сервистік қызмет сол күйі пәтер иелері кооперативтерінің мой­нында қалып отыр. Осылайша, бір үйге екі нысан қызмет көрсетуде. Бұл тұрғындарға тиімсіз. Өйткені екі бір­дей нысанды ұстап тұру үшін жинала­тын қаржының тарифі де өспек.

Бұл реформаға қатысты тағы бір мәселені Премьер-Министрдің орын­басары Роман Склярдың өзі атаған болатын. Оның айтуынша, тұрғын­дар жаңадан құрылған мүлік иелері бір­лестіктерін басқаруға құлық­ты емес. Мұны «Юстус» заң консуль­тант­­тары палатасының төрағасы Жанетта Камелева да растап отыр. Ол тұрғындар мен компания басшылары арасында түсініспеушілік жиі орын алатынын жеткізді.

Сонымен қатар пәтер иелері коо­перативтерінің өкілдері жаңадан құрылған мүлік иелері бірлестіктеріне тиісті құжаттарды бермей әуреге салады. Мұндай фактілер көп кездесетін көрінеді. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамы­тудың қазақстандық орталығы» АҚ Өңірлік даму және әдіснама де­пар­таментінің басшысы Марғұлан Әбдікәрімов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтердің бірінде тұрғын үйдің құжаттарын жаңа нысанға беруді әдейі созып отыр­ған ұйымдарға айыппұл салу тетігі қарастырылатынын хабарлаған еді. Алайда әзірше бұған қатысты нақты шаралар қабылданған жоқ.