Қоғам • 14 Қазан, 2021

Журналиссимус

408 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1966 жылдың жадыраған жазы. Алғабас аудандық партия комитетінің идеология жө­ніндегі хатшысы Бақытжан Қал­менов алдында тұрған ұзын бойлы, сымбатты жігітке сүй­сіне қарап, жолдамасымен танысты.

Журналиссимус

«Қонысбеков, біздің «Алғабас» газетіне келгенің өте жақ­сы болды. Редакцияда өзің секілді жоғары білімді журналистер жоқтың қасы. Ауыл шаруа­шы­лығы бөліміндегі тілшінің орны бос еді», дей бергенде ол: «Бәке, менің жоғары біліміммен бұл қалай болар екен?..», деп киіп кетіп, сөз соңын жұтып қалды. Хатшы: «Сонда қалай, сенің бірден бөлім бастығы болғың келе ме?», деп дауысын көтере сөйледі. Ол: «Бәке, мен бөлімді сұрап тұрғаным жоқ», деді. Қалменов: «Ендеше қалағаның қай қызмет?», деді шүйлігіп. Ол именген жоқ. «Редактордың орынбасары қызметіне барар едім», деді ол. Хатшы мырс етті. «Қалауың тым жоғары емес пе?».  Ол кекесін сыңаймен езу тартты. Қонысбеков: «Бақытжан аға, әркім өз орнын біледі ғой», деді райынан қайтпай. Қалменов басын шайқады. «Шырағым, бұл бірден шешіле салатын мәселе емес. Сол лауазымға жету үшін саған екі-үш жыл уақыт керек».  Енжар үні салқын естілді. Ол: «Бәке, жағдай солай болса, сізге ренішім жоқ. Маған сіз де ренжімеңіз», деп кабинетінен шығып кетті. Сол бойда облыс орталығы Шымкентке барып, өзі үш жыл қатарынан өнді­рістік тәжірибеден өткен «Оң­түстік Қазақстан» газетінің есігін ашты. Редактор Әсет Тілеу­кеев ауруханада емделіп жатыр екен. Оның орынбасарлары Өскенбай Әмзеев пен Әлім Тұяқбаев ақылдаса келіп, секретариат бөліміне қызметке ал­ған. Ол әуелі секретариаттың қара қазанында қайнады. Содан соң бөлім басқарды. Кейін редак­тордың орынбасары қызметіне дейін көтерілді.

Шымкент обкомы ұйымдас­тыру бөлімінің меңгерушісі Суботин насихат және үгіт бөлі­мінің нұсқаушы қызметіне кан­дидатты ұзақ таңдады. Ақы­ры ықыласы облыстық газет­тің қызметкері Байдулла Қоныс­бековке түскен. Ұсыныс жасап еді, Қонысбеков жылы орнынан қозғалғысы келмей әуелгіде тартынды. Суботин араға редакторды салып, көндірді-ау әйтеуір. Сол кезде обкомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаров еді. Ол анкеталық деректерін қарап шығып: «Суботин, сен маған кімді әкеп тұрсың? Мынауың жасы қырық төрттен асқан егде ғой, деді қатқыл үнмен. – Мұның жасындағылар қазір аупарт­ком мен горкомның бі­рін­ші хатшысы, ОК бөлімін мең­герушілері. Сонда мұнда қандай болашақ болмақ?». Сол сәтте Суботин: «Асанбай Асқарұлы, басқа лайықты жанды таппадым», деді ағынан жарылып. Асқаров оның құжаттарын қайта қарап: «Бұл жігіттің партиялық жұмыстан хабары бар ма өзі?», деді тіксініп. Суботин қипақтап: «Бес жыл бастауыш партия ұйымының хатшысы болған»,  деді. Асқаровтың қату қабағы лезде жазылды. «Е, е, онда мұның жөні бөлек. Бастауыш ұйым деге­ніңіз біздің түп қазығымыз ғой». Байдуллаға сұқтана қарады.

– Суботин, бұл жігітті дұрыс таң­дапсың. Дайын партия қыз­меткері. Құжаттарын бюроның қарауына дайында, – деді жайдары жүзбен. Қабылдаудан шыққан соң Суботин: «Байдулла, Асқаровичтің сынағынан кез келгендер өте бермейді. Жаңа қызметіңмен құттықтаймын!», – деді қуанышын жасырмай.

1985 жылы Асанбай Асқаров зейнеткерлікке шығып, орнына Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы Рысбек Мыр­­зашев бюроның шешімімен тағайындалды.

Арада үш күн өткен соң кеш­­­кісін, жұмыс күні соңында бірінші хатшы Қонысбековты өзі­не ша­қыртқан. Сонда оның ойы он саққа жүгірген. «Неге шақыртты?.. Қызметте жоға­рылату үшін бе?..». «Ол мүмкін емес». «Әлде қызметімнен кем­шін көрді ме?..». «Оның да қисыны жоқ». «Ақылдасу үшін бе?..». «Бөлім меңгерушілері тұр­ғанда оның да тіпті реті жоқ». «Не де болса, бара көрейін». Мыр­зашев ертең Созақ ауданында болатын аупарткомның пленумына баратынын, онда жаңадан бірінші хатшы сайланатынын, өзінің сөйлейтінін, соған 15-20 минуттік мәтін дайын­дауын өтінген. Сөз ретінде ол: «Менің жұртпен амандасып, қал-жағдай сұрасуға қазақша тілім жетеді. Алайда үнемі орысшасы мол ортада жүргендіктен болар, орыс тілінің жетегінде кетіп қала беремін. Көмекшілерім сіздің қазақшаңызды, тілдің маманы екеніңізді айтты. Жұртты жалықтыратын цифрларды кө­бей­тудің қажеті жоқ. Жер жағ­дайына, халқының көңіл күйіне көбірек көңіл бөліңіз. Бұл жақта «теріскей», «күнгей» деген атау сөздер бар екен. Бұл сөздердің де мәні мен мағынасын түсіндіре кетсеңіз мен үшін аса қажет-ақ. Осындағы барлық бөлімдер сізге мәліметтер беруге көмектеседі. Біз таңертең сағат 7-де жүреміз. Ал сіз дайындаған сөз мәтінін кезекшіге беріп кетерсіз», деді.

Уақыттың тығыздығын айтсайшы. Бірінші хатшы бұл тапсырмасын бірер күн бұрын бергенде ғой. Бөлімдегілер цифрлардан көз сүрінетін мәліметтерді әкеп үстелінің үстін толтырып тастады. Қонысбеков соларды қарап шығып, ойын жинақтап мәтінді жазуға кірісті. Түнгі сағат бір шамасында қағазға түсір­ген мәтінді ғимараттың есік көзін­де отырған кезекшіге беріп, пәтеріне оралды.

Қонысбеков жалпы бөлімнің тапсырмасымен Бөген ауданында екі күн халықтан түскен арыз-шағымды тексеріп, келген бойда болған жайдың анық­тамасын қағазға түсіргені сол еді, алдындағы телефон шылдыр етті. Тұтқаның арғы жағынан қабылдау бөлмесінде отырған қыз біріншінің шақырып жат­қанын жеткізді. Бұл жолы көңілінде қобалжу болған жоқ. Мырзашев жылы шыраймен қарсы алып: «Созақ ауданына барып, жұртпен кездесіп қайттым. Менің сөзімді дұрыс, әсерлі дайындапсыз. Мақал-мәтелді де тауып, орны­мен қолданыпсыз. Ауданға бар­ғанша-ақ оқып, бұл аймақ туралы толық хабардар болдым. Сол үшін өзіңе рахметімді айтайын деп шақырт­қан едім», деді жымиып. «Демек сыннан өттім». Бірінші хат­шыдан алғыс алған ол кабинеттен қанаттанып шықты.

Бір жолы Рысбек Мырзашев оны тағы шақыртты. Екеуара әңгіме «Южный Казахстан» газетінің редакторы Роман Зуев­тің зейнеткерлікке шығуына байланысты болған. Бірінші оның орнына лайықты кім барын сұрағанда ол сонда жиыр­ма жылдан бері істеп келе жатқан Кунгурцевті ұсынды. Мырзашев оны қаперіне алып: «Ал енді негізгі мәселеге көшейік, – деп насихат және үгіт бөлімі меңгерушісі орынбасарының орны босағанын, сол орынға өзін ұсынғалы отырғанын ескерткенде Қонысбековтің ат-тонын ала қашпасы бар ма: «Рысбек Мырзашұлы, сеніміңізге рақмет! Бірақ мен бұл орында істей алмаймын», деді. Мырзашевтың неге деген сұрағына ол: «Мен орыс тіліне онша жетік емеспін. Әсіресе, жазуға келгенде, көп қиналамын. Ал обкомда барлық іс-қағаздары орыс тілінде жүре­ді», деді. Мырзашев: «Орыс тілінде сөйлей аласың ба?»,  деп сұрады. Ол: «Сөйлеуін сөйлеймін ғой», деді қысылып. Мырзашев: «Е,е онда жарасы жеңіл екен. Мен мүлдем сөйлей алмайды екен деп қалып едім. Едәуір еңбектенсең, орыстың тілін де жақсы меңгеріп кетесің. Алтыншы ноябрьде бюро, дайын бол», деді.

Солай Қонысбеков 6 қара­шада жаңа қызметке тағайын­далды.

1986 жылдың 16 желтоқ­санында Қазақстан Компартиясы ОК кезектен тыс пленумы өтіп, бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаев қызметінен босатылып, орнына Ресейдің Ульянов обкомының бірінші хатшысы Геннадий Колбин сайланды. Алматының студенттері мен жұмысшы жастары пленумның бұл шешіміне наразылықтарын білдіріп, алаңға шықты. Респуб­ликадағы ахуал күрт өзгерді. Шымкенттің жастары да түнде Коммунистік даңғылы мен Совет көшесінің бойына плакаттар іліп, наразылықтарын біл­­дірді. Соған байланысты МҚК-нің қызметкерлері 6 қыз баланы қамауға алған. Обком­да облыстың барлық жауапты қыз­меткерлерінің шұ­ғыл жи­ыны болды. Рыс­бек Мыр­за­шев барлығын сабыр­лы­лық­қа, әді­леттілікке шақы­рып, құ­қық қорғау органдары қыз­мекер­­­леріне: «Жас­тарға қиянат жаса­маңыздар, қателік­терін дұрыс­тап түсіндіріңіздер, оқу орын­дарының басшыларына да осы сөзімді жеткізіңіздер. Олар мына сіздер мен біздердің балаларымыз. Ертеңгі болашағымыз. Сондықтан әділетсіз шешім болмасын», деді. Сонда жұрт оның жанашыр нұсқалы сөзіне ри­за болған. Енді мұны ұлылық демей көр.

Қонысбековтің алдындағы телефон безек қақты. Тұтқаны құлағына тосып еді, арғы жағы­нан аптыға сөйлеген кісіні дауысынан таныды. Қазақ­стан Жазушылар одағы басқар­масының екінші хатшысы Қа­лаубек Тұрсынқұлов. Ол Созақ ауданының тумасы, сөз зергері, жазушы Тәкен Әлім­құловтың қайтыс болғанын ха­бар­лай келіп, оның «Мені Баба Атаға жерлеңдер» деген ең соңғы ама­натын орындауға машинамен мәйітін алып кеткенін, жерлеу рәсіміне Алматыдан бір топ ақын-жазушы кешке пойызбен шығатындарын, оларды Шымкенттен көліктермен алып бару жағын ұйымдастыруды айт­ты. Қонысбеков: «Ау, Қ­а­ле­ке, бұл тапсырмаңызды орын­­дау менің қолымнан кел­мейді. Осындағы хатшы немесе бөлім бастықтардың біріне шықсаңызшы», деп еді ол: «Үлкен бір облыс халыққа қадір­лі жазушысын жерлеуді ұйым­­дастыруға шамасы келмей­ді десем, ұяты сіздерге келеді. Хат­шың мен бөлім бастықтарыңа өзің айтарсың». Тұтқадан ды­ңыл­даған үн естілді.

Қонысбеков не істерін білмей шарасыздықтың күйін кешті. Идеология жөніндегі хатшы Әсем Сүлейменқызы мен бөлім бастығы Валерий Гавричков іссапарда. Ал бірінші хатшыға шығудың ретін таппай отырғанда ойына облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Дүй­сенкүл Бопова түсе кетті. Сол кісіге телефон шалып, қабыл­да­уын өтінді. Кабинетінде күтіп отыр екен. Қонысбеков оған мән-жайды баяндады. Жерлеуді ұйым­дастыру мәселесімен бі­рінші хатшыға шығуын өтінді. Бопова Мырзашевқа теле­фон шалып, Қонысбеков екеуі өте бір маңызды шаруамен кездес­кісі келетінін жеткізді. Ол құп көрді. Кабинетіне барған бойда Бопованың ишаратымен Қонысбеков жағдайды баяндап, көрнекті жазушыны Созақ ауданында жерлеуді ұйымдастыруға көмегі қажеттігін қысқа да нұсқа етіп жеткізді. Мырзашев: «Бұл елге де, басшыларға да сын екен, – деп телефон тұтқасын көтеріп, Созақ ауданының бірінші хатшысы Шерімқұловпен сөйлесті. «Досыбай, қаралы жиынның басы-қасында өзің бол. Қазақтың бетке ұстар ақын-жазушылары келіп жерлеуіне қатыспақшы. Аудан басшылары немқұрайлық танытпасын. Ертеңгі күні мен де, сен де жерге қарап, ұятты бо­лып қалмайық. – Ол телефон тұтқасын орнына қойды да. – Байдолла, (оны осылай атаған) қанша көлік керек, оны өзің шешіп, мекемелерге менің атымнан тапсырма бере бер», деп орнынан тұрды.

Ертеңіне бір «Рафик», үш «Волгамен» Алматыдан келген қонақтарды қарсы алып, Созаққа қарай жол тартты. Ел елдігін жа­сады. Тәкен Әлімқұловты жи­налған барша қауым қимас көңіл­мен ақтық сапарына шыға­рып салды.

1987 жылы Байдулла Қоныс­беков облыстық теледидар және радио хабарларын тарату жөнінегі комитеттің төрағасы қызметіне тағайындалды. Қазақ­стан Компартиясы ОК мәдениет бөлімінің меңгерушісі Камал Смай­ловтың қабылдауына бар­ғанда: «Шерхан Мұртаза мақтап жүретін журналисі сен екенсің ғой. Шерханның талғамы кез келгенге түсе бермейді», деген еді. Жоқ жерден бар жасау оңай ма. Ия, Қонысбековке коми­теттің телеорталығын құрып, жұ­­­мысын жолға қою оңайға түс­педі. Жоқтан бар жасады. Өзі облысқа танымал тұлғалармен «Бетпе-бет» тікелей сұхбат-бағ­дар­­ламасын жүргізді. Ұлттың ру­­ха­ни құндылықтарын алға шы­ғарды.

Түркі әлеміне белгілі жазушы-журналист, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт: «Журналиссимус қой бұл Байекең! Сексеннің сең­гі­ріндегі бұ кісі бүгінде облыс журналистерінің төбе биі ре­тінде танылған. Әбден мо­йын­­далған. Қаламгерлер қауы­мы толайым-тұтас тыңдай­ды. Облыстық газетте жаухатшы болды. Қолбас­шының оң қолы. Оншақты жыл осы қыз­метте істеді. Қабақ шытпастан. Күні-түні. Обкомда істеді. Он бес жылдай облыстық теледидар мен радионы басқарды. Жәлел Кеттебеков өте орынды жазғандай, сол кезеңдердегі облыстың руханиятын Байдулла Қонысбековтің бейнесінсіз елес­тету мүмкін емес-ті», деп жазған.

 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты