Аймақтар • 15 Қазан, 2021

Ел көлемінде ең қымбат ет Алматыда

226 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық банк 2021 жылдың қыркүйек айындағы өңірлердегі инфляциялық үрдістер бойынша шолуды жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ел көлемінде ең қымбат ет Алматыда

2021 жылғы қыркүйекте инфляция 0,4%-ды құрады (тамызда - 0,5%). Азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 0,1%-ға (тамызда - 0,1%), азық-түлік емес тауарларға - 0,6%-ға (тамызда - 0,6%), ақылы қызметтерге - 0,7%-ға (тамызда - 0,8%) өсті. Жылдық мәнде инфляция 8,9%-ды құрады (тамызда - 8,7%).

Өңірлер бөлінісінде жылдық инфляция 13 өңірде жеделдеді, 3 өңірде баяулады, 1 өңірде бағаның өсу қарқыны өзгеріссіз қалды. Ең көп баяулау Павлодар облысында тамыз айында 9,2%-дан қыркүйекте 8,8%-ға дейін тіркелді.

Ең көп үдеу Қызылорда облысында байқалады (8,2%-дан 8,8%-ға дейін). Жылдық инфляция 6 өңірде жалпы республикалық деңгейден жоғары болды, олардың ішінде ең үлкен мән Маңғыстау облысында тіркелді (9,8%). 

Ұлттық Банк атап өткендей, бағаның жылдық өсуіне Қазақстан бойынша ТБИ-де ең үлкен салмаққа ие Алматы және Алматы облысы ең көп үлес қосуды жалғастыруда. Аталған өңірлерде бағаның өсуі тиісінше 8,7% және 8,5%-ды құрады.

Қазақстанда азық-түлік тауарлары жылдық мәнде 11,5%-ға (тамызда - 11,4%-ға) қымбаттады. Ең төменгі өсім Шығыс Қазақстан (10,5%) және Солтүстік Қазақстан (10,6%) облыстарында, ең жоғары - Маңғыстау облысында (13,1%) байқалды.
Ел бойынша азық-түлік емес тауарлардың бағасы 7,5%-ға (тамызда - 7,3%-ға) өсті. Азық-түлік емес тауарлар бағасының ең жоғары өсуі Атырау және Ақтөбе облыстарында (8,0%-дан), ең төмені Павлодар облысында (6,8%) тіркелді.

Елімізде ақылы қызметтер 6,8%-ға (тамызда - 6,6%-ға) қымбаттады, бұл ретте ең жоғары өсім Ақтөбе және Жамбыл облыстарында (8,0%-дан), ең төмен - Алматы және Қызылорда облыстарында (6,1%-дан) байқалды.

Қыркүйек айында азық-түлік тауарларының айлық ТБИ-ге қосқан үлесі азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтердің үлесіне қарағанда аз болды. Азық-түлік тауарларының инфляциясына ең үлкен үлес ет және ет өнімдері бағасының өсуі, бұл ретте көкөністер мен жемістер 4,7%-ға арзандап, ( - ) 0,13 п. т. мөлшерінде теріс үлес қосты.

Жалпы еліміз бойынша азық-түлік тауарларының бағасы тамыз айындағыдай бір ай ішінде 0,1%-ға өсті. Аталған топтың тауарларына бағаның 0,6% мөлшерінде максималды өсуі Атырау облысында, Алматы және Шымкент қалаларында қалыптасты, бағаның 0,1%-дан 0,6%-ға дейін төмендеуі Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарында байқалды.

Елімізде ет және ет өнімдері бағасының өсу қарқыны өзгеріссіз қалды (1,3%), бұл ретте құс еті бағасының өсу қарқынының баяулауы байқалды (3,7%-дан 2,3%-ға дейін).

Алматыда ет және ет өнімдері бағасының ең жоғары өсуі (3,2%-ға) байқалды, онда сиыр еті (5,3%-ға) және жылқы еті (4,0%-ға) қымбаттады, олардың бағасы тұтастай ел бойынша тиісінше 1,6%-ға және 1,4%-ға өсті. Атырау облысында жылқы еті бағасының өсуі (3,5%-ға) және өңірлер арасында құс еті бағасының ең жоғары өсуі (4,5%-ға) тіркелді.

Шымкентте сүт өнімдері (2,3%-ға, ел бойынша 0,9%-ға өсу кезінде), атап айтқанда пастерленген сүт (3,0%) және қаймақ (2,5%) қымбаттады, ал осы тауарлардың бағасы ел бойынша тиісінше 1,1%-ға және 1,2%-ға өсті.