Аймақтар • 15 Қазан, 2021

Атырауда көліктен 2 миллион теңгені ұрлағандар ұсталды

859 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда өзге қалалардан келген үш жігіт көлік терезесін сындырып, 2 миллион теңгені ұрлап кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда көліктен 2 миллион теңгені ұрлағандар ұсталды

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, ұрлық 12 қазанда сағат 13:31 шамасында болған.

«Атырау қалалық полиция басқармасының 102 операторына 35 жастағы тұрғын шағым түсірген. Арызданушының айтуынша, 12 қазанда сағат 12:50-13:25 аралығында белгісіз адам Kia Sportage маркалы автокөлігінің жүргізуші жақ терезесін сындырып, салоннан 2 миллион теңге ақшасын ұрлап кеткен. Полиция қызметкерлері аталған дерекке қатысты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сол кезде Атырау қаласының аумағында орналасқан бейнебақылау камералары арқылы жәбірленуші көлігінің артынан Ваз-2114 маркалы көлігінің еріп жүргені анықталды. Алайда, аталған күдікке ілінген автокөліктің қала аумағынан шығып кеткен. Сол себептен, аудандарға бағыттама берілді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері күдікті автокөлікті «Атырау-Орал» бағытындағы жолдың 132-шақырымында тоқтатқан.

«Көлікті 1977 жылғы жүргізуші басқарған. Онымен бірге болған 1974 және 1981 жылғы  жолаушылардың жеке заттары тексерілді. ВАЗ-2114 автокөлігінің ішінен пакетке оралған 2 миллион теңге табылды. Өзге көліктен ұрланған қаржы айғақ зат ретінде тәркіленді. Ұрлыққа қатысы бар күдіктілер Орал, Ақтөбе және Шымкент қаласының тұрғындары екені белгілі болды», деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Қазір ұсталған күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Олардың өзге қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.