Аймақтар • 18 Қазан, 2021

Байзақ ауданында 24 үй қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді

816 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Байзақ ауданында әскери қоймадағы жарылыстан кейін зардап шеккен 35 үйдің 24-і толығымен қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Байзақ ауданында 24 үй қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді

Оның ішінде 4-еуі - Үшбұлақ ауылында, 12-сі - Жібек жолы ауылында, 8-і - Қайнарда. Қалған 11 үйдің жұмысы қараша айында аяқталады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қайнар ауылындағы жұмыс барысымен танысып, жергілікті тұрғындармен әңгімелесті.

Бірлік көшесінің тұрғыны Ержан Айдарқұлов жөндеуден өткен үйдің одан да жақсара түскенін атап өтті.

«Сол күні біздің үйіміз қатты зардап шекті. Жарылыстан кейінгі үшінші күні құрылысшылар келіп, тұрғын үйімізді қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Бүгін біз қайтадан үйімізге ораламыз. Қуанышта шек жоқ. Үйге таза ауызсу тартылды. Бұрын бізде газбен жабдықтауға қосылуға қаржылық мүмкіндік болмады. Қазір біздің үйде көгілдір отын бар. Біздің шаруашылық құрылыстарымызды, қоршауымызды қалпына келтірді. Біз тұрғындарға, ел мен өңір басшылығына қиын сәттерде көрсеткен қолдауы үшін алғысымызды білдіреміз», деді Айдарқұлов.

Амангелді Нәдірбеков пен Асхат Мәмбетов те үйлерінің жаңа келбеті үшін алғыстарын білдірді.

Зардап шеккен 12 кәсіпкерлік нысанның 3-і қалпына келтіріліп, өз жұмысын қайта бастады. Тағы 9 нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Барлық қалпына келтірілген үйлердің бірыңғай сәулеттік стилі бар. Іргетасы мен төбесі қызыл түске боялған, негізгі корпусы қызғылт-сары.

Қайнар ауылының көшелері жарықтандырылды. Егер бұрын тек орталық жол асфальтталған болса, қазір ауылдың барлық көшелері асфальтталған.

«Облыс әкіміне халықты барынша әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл тұрғыда әлеуметтік осал отбасылардың үйлерін газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, орталықтандырылған сумен жабдықтау мәселесі толық шешілді. Сонымен қатар, зардап шеккен әрбір отбасыға біздің тарапымыздан 300 мың теңге, кәсіпкерлер тарапынан – 200 мың теңгеден, әрбір оқушыға – 50 мың теңгеден көмек көрсетілді. «Сенім Байзақ» қорына түскен қаражат есебінен ауыл тұрғындарының шаруашылық құрылыстары қалпына келтірілуде», деді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Құрылыс жұмыстарына 12 мердігерлік компания, 200 жұмысшы мен 22 техника жұмылдырылды.

Облыс әкімі қарашаға дейін қалған 11 тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Жібек жолы ауылына барып, 150 орындық мектептің құрылысымен танысты. Жұмысшылар екі қабатты ғимараттың іргетасын салып, бірінші қабаттың қабырғаларын салуға кірісті.