Суретте: Жамбыл мен Ғали. 1939 жыл.
Соның бірі – «Жамбылмен қалжың» атты Ғ.Ормановтың 1942 жылы жазу машинкасымен терген қолжазбасы. Бұл құнды дерек Ғали ақынның отбасылық қорында сақталған. Алғаш рет 2017 жылы, яғни ақынның туғанына 110 жыл толған мереке қарсаңында бұл қолжазба құжат NDH порталында жарияланса, сондай-ақ ақынның немере-жиені Асқар Қырықбаевтың айтуына қарағанда, құжаттың тұпнұсқасы қазір Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Ғ.Орманов атындағы №7 мектеп-гимназияның музей-кабинетінде тұрған көрінеді.
Бұл орайда айта кетерлік оқиға, 1938 жылы республика басшылары 92 жасқа толған Жәкеңе 12 бөлмелі үлкен үй салып беріп, өзін толықтай Үкімет қамқорлығына алады. Қарт ақынға жеке дәрігер, медбике, аспаз, көлік жүргізуші, сондай-ақ бірнеше әдеби хатшы тағайындаған. Соның бірі – Ғали Орманов. Бұл екі тұлға әзіл-қалжыңы жарасып, шығармашылық тұрғыдан бірін-бірі ұштап отырған. Ғали ақынның қызы Жамиға Орманованың естелігінде: «Жамбыл ата Алматыға келгенде, үнемі «Көк базар» маңындағы біздің үйге түсетін. Шешем болса асын даярлап, жағдайын жасайды. Мазасын алмасын деп олар отырған бөлмеге бізді жібермейтін. Үйде үш бала болатынбыз. Сонда Жамбыл ата «Осы үйдің балалары қайда, бала бар екендігі тіпті білінбейді ғой дейтін» деп әкесі мен Жамбыл қарттың достығын есіне алады.
Сол сияқты, Жамбыл мен Ғали арасындағы сыйластық қатынасты қарт ақынның Ғалиға арнап шығарған бірнеше өлеңінен де байқауға болады. Соның алғашқысы – 1939 жылдың күзінде Қазақстан Жазушылар одағы Ғали Ормановты қарт ақынның әдеби хатшысы етіп тағайындаған кезінде, Алматыдан Жамбылдың ауылына барған Ғали: «Ассалаумағалейкүм, денсаулығыңыз қалай?» деп сұрағанда, Жамбыл бірден өлеңдетіп жауап қайырған екен. Бұл өлең тарихта «Кәрілік» деп аталып, Жамбылдың Ғалиға арнаған бірінші өлеңі есептелді: «Көкірегің кірілдеп, Көздің алды іріңдеп. Қаз-қаз басқан баладай, Буындарың дірілдеп. Қартайған соң, немене, Қауіп ойлайтын күнің көп. Айлашы екен кәрілік, Бірге түнеп, бір жүріп. Сыр білдірмей сұрамай, Не көрсетіп тонамай, Мүшеңді алған біртіндеп».
Кешікпей осы жылдың аяғына таман, нақтырақ айтқанда 9 қараша күні Алматыда қазақ ақындарының республикалық слеті өтеді. Слетке жүргелі жатқанында Ғалекең қарт ақынның киіміне әтір сеуіп, жаға-жеңін реттей бастайды. Сол кезде Жамбыл Ғалекеңе әзілдеп «Иісті майға» деп аталатын өлеңін шығарған екен: «Иісің жақсы нәрсесің жас адамға, Жараспайсың тоқсанды жасағанға. Жас күнімде жанымнан шықпайтындар, Бәрі де ұқсап кетті ғой қашағанға. Жабы күлік болар ма байлағанмен, Жасық – болат болар ма қайрағанмен? Жамбыл қайта жасарып жігіт болмас, Жағасын неше қайта майлағанмен. Жабағыны жапсырып иегіме, Жүргеніме, өзім де күлемін де. Короліндей картаның қаужиыппын, Қанша жылу болғанмен жүрегімде».
Қарт жырау ақын інісіне бұдан басқа да «Жамбылмен қалжың», «Жетіппін жүре-жүре қыр басына», «Жамбыл өлең айтпайды жантайған соң», «Кекілік ұшып дүр етті», т.б. өлеңдерін арнаған. Жоғарыда айтқанымыздай, «Жамбылмен қалжың» өлеңінің хатқа түскен нұсқасында – Жамбыл:
Кел, Ғали-жан, бері отыр,
Майпалаудан жей отыр,
Қасыңызға қалайша,
Шақырдыңыз дей отыр.
Саған айтар қалжың бар,
Хатшым едің қалжыңдар,
Қағыс тисе кей сөзім,
Деме мұнда алжу бар.
Шөлге шыққан бұтадай,
Бойың қысқа мыртиған,
Қара шолақ бұқадай,
Суға тойып тыңқиған, – деп өткір қалжыңмен іліп түскенде, Ғали ақын да қарап қалмай:
Жәке, мені шақырдың,
Әдейілеп қасыңа,
Аулағырақ отырдым,
Ортақ болмай асыңа.
Менің айтар жауабым,
Қалжыңыңа татыр ма,
Қатты тисе, қалауым,
Қапелімде ақырма, –
деген екен.