Елбасы • 19 Қазан, 2021

Қазақстанның бітімгерлік міндеті маңызды

455 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан 1991 жылдан бастап Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­ма­сымен бүкіл әлемдегі бейбітшілік үшін маңызды рөл атқарып келеді. 1995 жылы 10 тамызда Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Семей қаласында қазақтың ұлы ақыны, «қазақ руха­ниятының жаны» – Абай Құнанбайұлының 150 жылдығын тойлауды қолға алды. ЮНЕСКО-ның сол кездегі Бас хатшысы Федерико Ма­йор Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевқа және барлық қатысушыға арналған өзінің құттықтау сөзінде: «Сіздер көлеңкеде болдыңыздар, бірақ бұдан былай халықаралық қоғамдастықтың назары – сіздерде», деді.

Қазақстанның бітімгерлік міндеті маңызды

Елдің мойындалуының тағы бір көрсеткіші – басқа көптеген елдің қатарында Франция да 1992 жылы батыс­та алғашқылардың бірі болып «кө­лең­кеден шыққан жас республиканы» мо­йындады. Франция Президенті Франсуа Миттеран мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми іссапарларымен екіжақты қарым-қатынас нығая түсті.

Бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқан жемісті байланыстарды орнатуға деген осындай ұмтылыс халықаралық қоғамдастықтың 1992 жылдан бас­тап Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдаған шараларды, атап айтқанда, Семейдегі кеңестік «ядролық полигонды» жабу жөніндегі шараларды оң қабылдауымен түсіндіріледі.

Тұңғыш Президент «КСРО ыдырауы­ның салдарын түзетуге және Еуразия елдері арасындағы ғасырлық байланыс­тарды сақтауға» ұмтыла отырып, бүкіл әлемде бейбітшілікке бағытталған жаңа геосаясат құру үшін ел ішінде де, басқа мемлекеттерге қатысты да бейбіт шараларды қолға алды.

Ішкі алаңда, мысалы, жаңа заңна­ма­лық базаны әзірлеу үшін конституциялық құқық жөніндегі кеңестерге сүйене отырып, олардың қатарында екі француз са­рап­шысы – Жан-Пьер Мазо мен Ги Кар­кассон ұсынған елде қазіргі заманғы бас­қа мемлекеттердің моделі бойынша Сенат пен Мәжілістен тұратын қос па­ла­талы Парламент құрылды, оны Кон­с­титуциялық Кеңес толықтырды.

Сондай-ақ елдің көп этносты құ­ра­мын ескере отырып, және қазақстан­дық­тардың әртүрлі құрамдас бөліктері арасындағы келісім мен үйлесімділікті қамтамасыз ету мақсатында Тұңғыш Президент әлем­дегі бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды.

Қазақстан өзінің Тұңғыш Прези­ден­тінің басшылығымен ашықтық және бітімгершілік рухын сақтай отырып әлем­де бейбітшілікті сақтау мақсатында халықаралық қоғамдастық жоғары баға­лаған жоғары деңгейдегі халықаралық ұйым­дарды құруда маңызды рөл ат­қар­ды. Осылайша, жас республика әлемге ерекше саяси жетістіктер әкеле алатынын дә­лелдеді.

Мәселен, Тұңғыш Президенттің 1992 жылғы 5 қазандағы бастамасы бойынша Азияда және тіпті әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім ша­ралары жөніндегі Конференция (АӨСШК) құрылды. Бұл тамаша бастамадан кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) құрылды, оның қызметіне Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстан да белсенді қатысты. Бұл елде осы ұйымның саммиті екі рет өткі­зілді – 2011 жылы және 2017 жы­лы. Ас­та­на 12 мүше елдің өкілдерін, со­ның ішінде жаңадан қосылған Үндіс­тан мен Пәкістанды, сондай-ақ Иран­ды ба­­қылаушы ретінде қабылдады. Сонымен қатар бұл жерде де әлемдік қоғам­дас­тық­ты нығайтуға және жаңа саяси, эконо­микалық тәртіп орнатуға ұмты­лыс Қазақ­станға халықаралық қоғам­дастық жо­ғары бағалайтын өз дағдылары мен объек­тивтілігін көрсетуге мүмкіндік бер­ді.

Жауапкершілік пен шиеленісті төмен­дету ниетіне негізделген бұл әлемдік ықпал 2003 жылдан бастап Қазақстан негізін салған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерін әрбір үш жыл сайын бі­ріктіретін шараға айналды. Белгілі сәу­летші Норман Фостер салған керемет Бейбітшілік және келісім сарай­ында әртүрлі діндердің жетекші қай­раткерлері ең өзекті мәселелерді талқы­лайды. Олар әлемнің түрлі рухани ағым­дары бейбітшілікте өмір сүріп жатқан Қазақстанда өз ойлары үшін қолайлы атмосфераны табатынын біледі. Бұл – Тұңғыш Президент пен Қазақстан мақ­тана алатын жоғары мадақ.

Тағы бір мысалды атап өту керек. Таяу Шығыстағы жанжалды ше­шу үшін 2013 жылы Астана қаласы таң­далды. Өйткені оның басты қатысу­шы­лары Тұңғыш Президент Нұрсұл­тан Назарбаевтың арқасында Қазақ­стан­­ның бейтараптығына және оның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­ты мүше­ле­рімен жақсы қарым-қаты­нас­тарына сенімді болды.

Абай өзінің 25-ші қара сөзінде былай деп жазды: «Әрбіреудің тілін, өне­рін білген кісі оныменен бірдейлік да­ғуа­сына кіреді, аса арсыздана жалын­байды». Осылайша, 1991 жылдан бастап Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев берген сер­­пін­мен, бұл әлі де жас республи­ка әлем­дегі көптеген халықтың таңда­нысын мақ­танышпен қабылдай алады. Ха­лық­аралық қоғамдастықтың белгілі өкілдері Н.Назарбаевтан кеңес алу үшін жүгінеді және оның бүкіл әлемдегі бей­бітшілік жолындағы қызметін ба­ға­лайды.

Әлемнің танымал сәулетшілері өз­де­рінің дәстүр мен қазіргі заман тенденция­ларын үйлестіре білген жұмыстарын ұсынып, нағыз сәулет зертханасына ай­налған Нұр-Сұлтандағы ескерт­кіш­­тердің бірі – Бәйтерек. Ол көкке ұмтыл­ған ағаш, бұтақтары әлемді қа­был­дап, қорғау үшін жан-жаққа қа­райды. Қазақ аңызындағы Самұрық құсы сал­ған мифтік жұмыртқа да көрі­ніс тапқан. Ағаш қуатты күшпен көкке ұмты­лады, осы­лайша барша әлемнен көз тік­кен бақы­лау­шыларды таң қалдыру­дан жалық­пайтын жас Қазақстан Респуб­лика­сының динамикасына ілесіп келеді. 

 

Альбер ФИШЛЕР,

Францияның Құрметті профессоры, Академиялық пальмалар орденінің кавалері, Қазақстан Республикасының Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алтын медалінің иегері