Аймақтар • 19 Қазан, 2021

Қамба толды астыққа...

770 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мыңғыртып мал бақсаң да, гектарлап егін ексең де Шығыстың жері қолайлы. Бүгінде жалпы көлемі 1 384 гектар егістік алқабы орылып, қамбаға төгілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 17 мың гектарға артық. Алқаптың көлеміне қарай, түсім де жаман емес. Егін пісе сала техника тізгіндеген шаруалар әлі тыным таппаған.

Қамба толды астыққа...

Самар өңірінде теңіздей толқыған алтын алқапты тіліп келе жатқан қос комбайнды көріп, күре жолдан дала жолына шықтық. Ойымыз – дән егіп, жер емген шаруалармен әңгімелескіміз келген. Жаздай жауын-шашынның аз түсуі астық қорына әсері болмады ма дегендей сұрақтар да ойда тұр.

«Есіл» комбайны жайқалған егінді қылғыта жұтып келіп, алдымызға тоқ­тады. Алпысты алқымдап қалған «Қали­сат­тарұлы» шаруа қожалығының жетекшісі Самархан Жотабаев комбайннан қарғып түсті. Өзі басшы болғанымен, қара жұ­мыс­пен біте қайнасып кеткен. Қырман ба­сында ерте көктемнен қара күзге дейін жұмысшылармен бірге. Алдына қара түсір­мей­тін тәжірибелі комбайншы екенін де жер­лестері жыр қылып айтады.

– Сексенінші жылдардан бері ауыр тех­никалардың рөлінде келе жатырмын. Ком­байн өмірімнің бір бөлшегі секілді. Ал қожалықта жалпы 25 адам жұмыс істейді. Күз бен көктемде қосымша жұмысшылар тартылуы мүмкін. Биыл түсім жаман емес. Бір суық түскен соң күнбағысты оруға кірісеміз, – дейді С.Жотабаев.

Ол сондай-ақ 1, 2, 3 репродукциялы тұқым өндірумен де айналысып келеді. Қорында бидайдың «Омская-18», «Алтай 325», күнбағыстың «Заря», арпаның «Скакун» деген сұрыптары бар. Саралап қара­сақ, өңірде малмен, жермен айналыса­тын шаруа қожалықтары көп. Бірақ жұ­мысшылардың әлеуметтік жағ­да­йын қан­­шалықты жасай алады? Ал «Қа­ли­сат­тарұлы» қожалығында жұмыс­шы­­лар­дың еңбектеріне қарай лайықты жала­қы­­ларымен қатар, озық шыққандарына баспана, көлік берілетінін де айта кеткен жөн. Жалпы, қожалық жетекшісі жұмысшылардың әлеу­мет­тік жағдайын үнемі назарында ұстап отырады. Бұл жұ­мысшы мамандарына деген құрметі. Әйтпесе, жыл өткен сайын тракторшы, комбайншы, токарь, агроном сынды мамандықтар азайып барады. Мектеп бітірген түлектердің басым көпшілігі жылы жерде, басшылық орында отыруды мақсат етеді. Десе де еңбек мамандарының табысы ешкімнен кем емес.

Самархан Жотабаев ауданның және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып келеді. Еңбегі де елеусіз емес. Бірнеше рет мемлекеттік наг­радалармен және алғыстармен мара­патталған.

Облыстың Алтай, Глубокое, Шемо­най­ха, Бородулиха, Ұлан аудандары да түгін тартсаң майы шығатындай, шұ­рай­лы өңірлер. Жаз құрғақ болғанымен, егін шықпады дегенді естімедік. Жалпы алғанда, биыл дәнді дақылдар 599 мың гектарға, майлы дақылдар 486 мың гек­тар­ға егілді. Картоптың өзі 18 мың гек­тарды алып жатты. Дәнді-бұршақты да­қыл­дарға орақ шілденің соңында түсе бас­таған. Облыстық ауыл шаруашылығы мамандарының деректеріне сүйенсек, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың орташа түсімі гектарына 14,48 центнерден. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 0,48 центнерге жоғары.

Жыл сайын техникалар да жаңартылып жатыр. Облыс шаруашылықтарында ұзын саны 3 581 астық жинайтын комбайн бар екен. Оның 1 202-сі заманауи техникалар. Яғни өнімділігі жоғары, біреуінің өзі өнімділігі жағынан «Нива» немесе «Енисей» маркалы 2-3 комбайнға пара пар. Дизельге де үнемді. Дизель демекші, орақ маусымында Энергетика министрлігі облыс шаруаларына тоннасы 189 мың теңгеден 30 мың тонна дизель отынын бөлді. Сонымен қатар жем-шөп дайындау үшін 4,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Жиналған өнімді ысырап етіп алмай өңдеу үшін тәулігіне 12 мың тонна астық кептіретін 90 кептіргіш жұмыс істеп тұр. Одан басқа 300 механикаландырылған кептіргіш бар. Облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін сақтаумен 8 лицен­зияланған элеватор айналысады. Лицен­зия­лан­ған астық қабылдау пункттері 472 мың тонна астыққа дейін сақтауға қауқарлы.

Түсінгеніміз, жанар-жағармай нарық­та­ғы бағадан арзанға босатылды. Астық қоры был­тырғыдан 1,2 пайызға артық. Эле­ва­тор­лар да жеткілікті. Алайда нан бағасы 135 теңгеге қымбаттаған.