Мың түрлі гүлдің балы – мың да бір ауруға ем екенін білетін ел қысқы маусымға соғыммен қатар, балды да молынан алуға тырысады. Шығыс Қазақстанда балдың да таңдауы көп. Әсіресе Катонқарағайдың, Маралдының балы бренд. Дейтұрғанмен, әр өңірдің шөбі әртүрлі болғандықтан ба, балы да өзінше ерекше.
Жәрмеңкеде жұрттың бірқатары Көкпектінің балына кезекке тұрды. Не құдіреті бар деп, жақындасақ, фацелия гүлінен жиналған бал екен. Дәмін татып едік, таңдайда қалатындай. Омарташы Александр Шаровтың айтуынша, көктемде ұяларын адам аяғы баса бермейтін таудың қойнауына жеткізеді. Сол маңдағы фацелия гүлдегенде айнала хош иіске бөленіп, аралардың ызыңы жиілей бастайды. Өсімдік маусымнан қыркүйекке дейін гүлдегендіктен, бал өнімін молынан алуға мүмкіндік бар. Әулетімен омарта ұстайтын «Фацелия» шаруашылығының аралары да қарапайым емес, асыл тұқымды. Жылына 7 тоннаға дейін бал алады екен. А.Шаровтың үш ұлы да балдан бұлақ ағызып отыр. Үлкен ұлы Максим Шаров Ресейде омарта шаруашылығы бойынша үлкен ғалым.
– Көкпекті ауданының Мариногорка ауылынан келдік. Балға деген сұраныс жоғары. Тіпті шетелге дейін шығарамыз. Бүгін алып келген 150 кило балымыз бір сағаттың ішінде сатылып кетті, дейді А.Шаров.
Биыл жаз маусымы жылдағыдан құрғақ болғанымен, балдың түсімі жаман емес деседі омарташылар. Айта кетерлігі, жәрмеңкеде балдың килосы 1800-2000 теңгеден сатылды. Иә, тиімді баға. Сол үшін де өнімін өткізе алмай тұрған омарташы болмады.