Таным • 19 Қазан, 2021

Ғұламаны дәріптеген ғалым

836 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тарихты жасаушы халық болғанымен тарихи үдеріске басшылық ететін де, оны тұтас ұлттық сана дәрежесі мен деңгейінде танымның объектісі ретінде зерттеп, зерделеп ғылыми айналымға түсіретін де, негізінен тарихи тұлғалар. Әсіресе, ұлы тұлғалардың ғылыми-шығармашылық мұрасын теориялық талдау философия тарихының ажырамас буыны. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі.

Ғұламаны дәріптеген ғалым

Көптеген халық өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есім­дерін мақтан тұтады. Бұл бағытта қазақ философиясы да әлемдік деңгей­дегі ғалымдарға кенде емес. Атап айт­сақ ХХ ғасырдағы қазақтың көрнекті философы А.Х.Қасымжановтың шығар­машылық ой-дүниесі, қазақтың ұлттық өзіндік санасында маңызды орын алатын әл-Фараби мұрасын зерделеуі, сондай-ақ далалық өркениет мұрагері – қазақ халқының рухани мұрасы, ұлт­тық өзіндік сананың тарихи дамуы мен қалыптасуы мәселелері жан-жақты зерт­теуді, ғылыми қарастыруды талап ететін өзекті мәселе.

Талантты ғалым, әлемдік деңгей­дегі философ, педагог, кемел ұстаз, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым акаде­мия­сының корреспондент-мүшесі Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов 1931 жылы 19 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. ҚазМУ-дің философия факультетінде 1949-1954 жылдары оқыған А.Қасымжанов 1957 жылы сол факультеттің аспирантурасын да тәмамдады. Аспирантураны бітіргеннен кейін ҚазССР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында кіші ғылыми қызметкер ретінде еңбек жолын бастады.

1960 жылы Мәскеу қаласында КСРО Ғылым Академиясының Философия институтында «В.И.Лениннің «Фило­софиялық дәптерлеріндегі» диалектика, логика және таным теориясының сәйкес келуі мәселелері» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады.

1962 жылы қазақтың жас ғалымына үлкен сенім артылып, А.Х.Қасымжанов бес томдық философиялық энцикло­педия авторларының біріне айнал­ды. Редакция құрамында сол кезең­дегі ірі кеңес философтары В.Ф.Асмус, М.Т.Иовчук, Б.М.Кедров, Е.П.Ситков­ский, т.б. ғалымдар болған еді. А.Х.Қасым­жанов сол ғалымдармен тең, тіп­ті жоғары деңгейде ғылыми ма­қа­лалар жазды. Бірнеше жыл бойы «Фи­лософия ғылымдары» журналының редакциялық кеңесінің мүшесі болды.

1963-1966 жылдары ҚазМУ-дің доценті, 1966-1976 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясының Философия инс­титутында «Философия тарихы және Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойлар» бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1969 жылы А.Х.Қасымжанов Мәскеу қаласында «Диалектиканың логикалық аспектілері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды. Ал 1970 жылы ҚазКСР Ғылым акаде­миясының ең жас корреспондент-мүшесі болып сайланады.

Осы жылдары А.Х.Қасымжанов тұңғыш рет Фараби мұраларын зерттеу мақсатында ғалымдар тобын ұйым­­дастырып, соның арқасында көп­­теген іргелі еңбектері жарық кө­реді. «Философия тарихы және Қазақ­­стандағы қоғамдық-саяси ойлар» бөлі­мі жанынан құрылған топқа А.Х.Қасым­­жанов жетекшілік етіп, оған алғаш­қыда арабтанушы Ильяс Омар Мұхам­мед (Иран), Еуропа тіл­де­рінің маманы Б.Я.Ошерович, шығыс математикасының маманы А.Қ.Көбесов, кейіннен келіп қосыл­ған арабтанушылар А.С.Иванов, К.Х.Тад­жикова, Н.Караев, әуел бас­та мәс­кеулік атақты арабтанушылар Б.Г.Ғафуров, А.В.Сагадеев кірген болатын. Осы ғылыми-шығармашылық топтың арқасында ұлы ғұлама философ Фарабидің шығармашылығымен, қолжазбаларымен мұқият танысуды мақсат тұтқан зерделі зерттеулер басталып кетті. Алғаш рет әл-Фарабидің «Философиялық трактат­тары», «Әлеуметтік-этикалық трактат­тары», «Логикалық трактаттары», «Математикалық трактат­тары», сон­дай-ақ «Птоломейдің «Алма­гесіне» әл-Фарабидің түсініктемесі» («Комментарии аль-Фараби к «Алма­гесту» Птоломея») атты шығармала­ры қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді. Ағын Қасымжанов бастаған ғылыми топтың орасан зор ғылыми ізденістері­нің нәтижесінде әл-Фарабидің 30-ға жуық ғылыми еңбегі жарыққа шы­ғып, қалың оқырманға танымал болды. Осы аудармалардың көмегімен ғұла­маның еңбектері ғылыми-көпшілік оқырмандарға жетіп, оларға барлық жерде сілтеме жасалына бастады.

А.Х.Қасымжановтың ұйымдасты­руымен 1975 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына арнал­ған үлкен халықаралық ғылыми конференция «Мәскеу-Алматы-Бағдад» қа­ла­ларында өтті. Сөйтіп Алматы аз уақыт­тың ішінде әл-Фараби мұрала­рын зерт­теудің ғылыми орталығы есебін­де шетел ғалымдары арасында да кеңі­нен танымал болды. 1975 жылы Мәскеу қаласында белгілі шығыстанушы ға­­лым Б.Г.Ғафуров пен А.Х.Қасымжа­нов­­тың орыс тілінде шыққан «Әл-Фараби мәдениет тарихында» атты кітабы араб-мұсылман философия­сы­мен шұ­ғылданушы ғалымдар арасында тың серпіліс туғызды. Оның әл-Фара­биге арналған 4 монографиясы, 10 кітапшасы, 30-дан аса ғылыми мақа­ласы бар.

1976-1977 жылдары А.Х.Қасым­жанов С.М.Киров (қазіргі әл-Фа­раби атындағы) Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетінің философия-экономика факультетінің деканы, ал 1977 жылдан 1983 жылдар аралығында ҚазМУ жанындағы Жоғары оқу орындары оқытушыларының білімін жетілдіру институтының директоры, 1983-1986 жылдары ҚазМУ-дың философия тарихы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1987-1993 жылдары Алматы малдәрігерлік институты философия кафедрасында профессор болып жұмыс істеді. Тоқсаныншы жылдар­дың басында А.Х.Қасымжановтың отан­дық мәдениетті оқып үйренуге арналған «Қазақ халқының рухани мұралары» атты мазмұнды кітабы жарық көріп, оқырман арасында өте жоғары бағаға ие болды. Бұл жұмыс кейін де өзінің жалғасын тауып, 1994 жылы «Қазақ», 1995 жылы «Портреттер: дала тарихына штрихтар», 1998 жылы «Кошо-Цайдама стеллалары» деген еңбектеріне ғылыми көпшілік орта үлкен қызығушылық танытты.

1993 жылы А.Х.Қасымжанов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанында «әл-Фараби ғылыми орталығын» құрып, соның директоры қызметін атқарды. 1996-1997 жылдары Фулбрайт қоры­ның стипендиясымен Америка Құра­ма Штатына, Оклохома Мемлекет­тік университетіне лекция оқуға арнайы шақырылады. Осы университет студенттері мен оқытушылары­на «Дала өркениеті», «Орталық Азия мә­дениетіне кіріспе» тақырыбында лекция оқыды. Оклохома университетінде оқыған дәрістердің тақырыбы «Түркі халықтары мен Түркістанның бірлігі», «Орта Азияның саяси дәстүрлерінің ежелгі тамырлары», «Әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн шығармаларындағы адамшылық бастаулары» болды. Осы жылдары А.Х.Қасымжанов қазақ мә­дениеті мен философиясынан, әл-Фараби мұраларынан Оклохома уни­ве­рситетінің профессорлары мен сту­денттеріне, магистранттар, мен докторанттарына кеңінен хабардар етті.

Аталған университеттің бел­гілі про­­фессоры Кит Триббл А.Х.Қасым­жа­­нов оқыған лекцияларды ағылшын тілі­не аударып, үлкен кітап етіп басып шы­ғарды. Қазір ол университет студент­теріне кеңінен танымал болып отыр.

Ғалым 1994 жылдан ғұ­мырының соңына дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде философия және әлеуметтік таным методологиясы кафедрасына жетекшілік етті.

2000 жылы қараша айында үлкен ғалым, ойшыл, философ, ұлағатты ұстаз А.Х.Қасымжанов өмірден өтті.

А.Х.Қасымжанов – қазақ халқы­ның сонау алыста жатқан рухани мұра­сын дүниетанымдық тұрғыда зерттеуге алғаш жол ашқан, көрнекті ғалым, философ. Ол өз дәуірінің озық ойлы азаматы болғандығын біз жоғарыда атап кеткен мол мұрасы айқындап тұр. Ғалымның, әсіресе ұлттық рух, өзін­дік сана концепцияларын зерттеу бағы­тындағы «Кошо Цайдам стеллалары» еңбегі – бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртудың бірден-бір құралы. Сондықтан А.Х.Қасымжанов шығармашылығындағы «Дала өрке­ниеті» ұғымына философиялық талдау жасауды ата-бабаларымыздың көпғасырлық мұрасының цифрлы өр­кениет жағдайында түсінікті әрі сұра­нысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртудың құралы ретінде қapacтыpды.

А.Х.Қасымжанов өзі өмір сүріп отырған уақыттың ілімнің қажеттісін алуға тырысты. Мәселен, осы заманғы ғылым үшін оның қажетіне сай келетін ойлау формасының ұлттық негізін алды. Бірақ ол өз міндетін тек таным тарихының қорытындыларын, оның даму үдерісіндегі маңызды кезең­дерін есепке алып отырғанда ғана атқара алады деп есептейді және де философиялық ғылым ретінде диалектика өзіне қатысты мәселелерді жан-жақты қарастырып, осының негізінде нақты ғылымдарға қатысты міндеттері дұрыс белгіленгенде ғана логикалық-методологиялық қызметін жүзеге асыра алатындығын айтады.

Қазақ халқының тұтастығын, оның күретамыры болатын ұлт­тық ойларды философиялық дең­гейге көтеруде, рухани дүниеміз тегі­сінен ұлттық сипатта болуы тиіс, оның тұтас­тығын бұзып алмауды әрқа­шан ойлауымыз керек. Бұл жөнінде А.X.Қасым­жанов өте маңызды пікір айтқан: «Жалпы алғанда, бір халықтың өмір сүру салтын, заңдылықтарын екінші бір халыққа телу деген өте бір ауыр, қиын құбылыс. Айталық, тірі ағзаға екінші бір ағзадан бір мүшені ауыстырып салу барлық жағдайда дұрыс нәтиже бермейді, себебі оны ағза жатсынады, ауырсынады, қабылдай алмайды, тіпті өліп кетуі мүмкін. Көнеден келе жатқан мынадай бір сөз бар: «Өзіңе жат әдет-ғұрыптарды қалай болса, солай қабылдай беруге болмайды». Ұлы тарихшы Геродот сақтардың өзге елдің әдет-ғұрып, салт-дәсүрлерін қабыл­дауға қарсы болғанын атап көр­сетеді. Түрік бабамыз Тоныкөк те өзі қытай білімін ала тұра: өзге халық­тардың құндылығын қабылдауға болады, бірақ ол үшін өз әдет-ғұрпыңды сақтай отырып, өзге елдің жеріне түсіп кетуден аулақ болу керек». Қысқаша айтқанда, халықтың тұтастығына негіз болатын ұлттық болмыс, сол белгілі бір ұлттың мүшесі адамның ойлау жүйесі тегінен нәр алу керек. «Тегіңе тартсаң тозбайсың» деп қазақ бекер айтпаса керек. Тектілік – тұтастықтың үлкен белгісі. Оның өзегі – сабақтастық, ұрпақ арасындағы рухани байланыс. Рухани байланыс пен сабақтастық үзілген кезде ұлттық тұтастықтың қуаты кетіп, сыртқы күштерге қарсы тұра алмайды. Өзіңнің ата-бабаңның салып кеткен сара жолымен жүріп, олардың қалдырған рухани байлығының иесімін деп, оны келер ұрпаққа жеткізу – естілік пен тектіліктің белгісі. Тектілік бар жер­де ғана иегерлік бар. Қазіргі кездегі басты мақсат – осы тұтастықты жүзеге асыру арқылы болашақты айқындау.

Жалпы, тарих пен қазіргі заман ара­сындағы шекті анықтау қиын ғой. Барлығы уақыт өткен сайын тарихқа айналады. Ал кейбір тарихи жайттар қазіргі заманғы конъюнктуралықтан өзектілеу болады. Осыны ұстанудың мəні бар, өйткені заман қарқыны өске­лең ұрпақтар арасында үлкен психо­логиялық алшақтық елесін туғы­зады. Балалар өз əке-шешелері туралы: «арғы тектер» деп айтады. Көп адам, осы күнгі адамның түбегейлі мəселелерін түсіну үшін жəне оларды шешу əрекеті үшін өткенді тану ештеңе бермейді деп ойлайды.

Өткен мəдениетті зерттеуде шы­на­йылықты сезінуден, тіптен, А.Х.Қасым­жанов сияқты дəуір адамдарымен кездесуден, олардың ой желісінен олар­дың ұрпақтарына жеткізгісі келгенінен, өздері де білмей, олардың бізге түсі­нуінен беретінінен ғажайып лəззат аласың. А.Х.Қасымжанов ойларын алсақ, онда философияның мəдениет дамуындағы рөлі зор, ол əрқашан адам­ның əлемге əмбебап, əсіресе эти­ка­лық қатынасын анықтау талпынысымен белгіленеді. Философиядан жеке ғылымдарының бөлінуімен сол уақыт­та философияның бұдан былайғы өмір­дегі, қоғамдағы орнын өзі белгілеу үрдісі болған, философияның білім субъектісі ретіндегі адам туралы ғылым ретінде функциясы нақты белгіленді. Адам болмысының, жалпы мəдениет­тің негізгі құндылықтарына қатысты мəселелер əрқашан философиялық деп танылған.

Сөйтіп азды-көпті дүниетану мен гу­манистік функцияларды атқаратын көз­қарастар жүйесі ғана мəдениет тари­хы құрамына тікелей кіреді. Оны нақ­ты тарихи контекске салып, ол дəуір­дің қандай күштерінің орталығы бола­тынын көру қажет. Бірақ мəдениет тари­хын­дағы А.Х.Қасымжанов тəріз­ді тұлға өзін қазіргі заманда ғана тəмам­дамайды, өйткені оның негізі өткен уақытта, ал сəулесі алыс бола­шаққа түседі.

 

Пірімбек СҮЛЕЙМЕНОВ,

саяси ғылымдар кандидаты,
доцент