Экономика • 20 Қазан, 2021

Сыр өңірінің өсімдік шаруашылығы: кеше, бүгін, ертең

375 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қызылорда Қазақстандағы ірі суармалы егіншілікпен айналысатын өңір екендігі белгілі. Қазір облыста 96,6 мың гектарға дәнді, 6,7 мың гектар жерге майлы дақылдар, 66,4 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 18,5 мың гектар жерге картоп, көкөніс, бақша өнімдері және 84,4 мың гектар аумаққа күріш егілді. Соңғы жылдардағы су тапшылығына байланысты әртараптандыру бағытында жаңа дақылдар сынақтан өткізіліп, оң нәтижелер алынғаннан кейін өндірістік деңгейде егу жұмыстары жүргізілуде. Биыл 98 гектарға соя, 40 гектарға қант құмайы егіліп, жақсы өнім алынды. Егін шаруашылығында заманауи технологиялар енгізіп, тамшылатып және жаңбырлатып суару да қолға алынуда. 

Сыр өңірінің өсімдік шаруашылығы: кеше, бүгін, ертең

Еліміз бойынша күріштің шамамен 85 пайызы біздің облыста егі­леді. Аталған дақыл суды көп қажет ете­тіні белгілі, бірақ бұған жыл санап Сыр­­дария өзеніндегі су мөлшері азайып келе жатқаны мүмкіндік бермей отыр. Өңір топырағы орташа және қат­ты тұзданған аймаққа жатады, ал жер­ге дән түскеннен орылғанша суда тұра­тын күріш топырақтағы тұзды ша­йып, басқа ауыспалы егіс дақылдарын егу­ге мүм­кіндік тудырады. БАҚ бет­терін­­де немесе әлеуметтік желіде су тап­­шы­­лығы жағдайында күріштен мүл­­дем бас тартып, басқа дақылдарға көшуі­міз керегін жазып, дабыл қағып жат­қан­дар бар. Күріш егілмесе жерасты қаба­тындағы тұз қайта көтеріліп, топы­рақ ауыл­шаруашылық мақсатында тұтыну­ға мүлдем жарамсыз болып қа­ла­ды, оның үстіне облыстағы барлық ин­женер­лік жүйе­лер күріш дақылына арналған­дық­тан, басқа дақылға бейім­деу қыруар қаржы­ны қажет етеді.

Осы мәселелерге байланысты Сыр өңіріндегі бірден-бір ғылым ордасы, әрі еліміздегі күріш саласын зерттейтін жалғыз мекеме Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының ат­­қарып жатқан жұмысы қыруар. Инс­ти­тут ғалымдары суды үнемдеу, топы­рақ­ты қалпына келтіру, күріш дақы­лын тиімді өсірудің технологиялары, өңір­дің климаттық ерекшеліктеріне бейім­делген күріш және күріш ауыспалы егіс дақылдарының селекциясы және басқа да бағыттарда зерттеулер жүргізіп, нәтижелері өндіріске сәтті енгі­зілуде. Институттың селекционер ға­лымдары күріштің өнімді, ерте пісе­тін бірнеше сұрпын шығарды. Атап айтар болсақ, «Сыр сұлуы» сорты 105-110 күн­де піседі. Осындай ерекшелігі бар жер­гілікті сұрыптар 120-125 күнде пісе­тін ре­сейлік сорттарды алмастыра ала­ды, сапалық көрсеткіштері де жоғары.

 Осы жылы бизнес-әріптестеріміз 175 гектар аумаққа Шығыс Азия ел­дерінде кең тараған әдіс бойынша кү­­ріш­ті көшеттеп екті. Ғалымдар кө­шет­­теп егу мол өнім берумен қатар, су­ды 25%-ға дейін үнемдейтінін дәлел­деп отыр. Өңірде тәлімі жерлерге би­дай егу бойынша да жұмыстар жүр­гізіл­ді, Жаңақорған ауданында аквагель пай­далану арқылы бидай егіліп, мол нәтижелер алынуда. Аквагель топы­рақ­та атмосфералық жауын-шашынмен келген суды аккумуляция­лап, да­қыл­дарды егіс уақытында ылғал­мен қам­та­масыз етіп отырады. Бұл су тап­шы­лы­ғы мәселесін шешуде таптырмас құрал.

Қызылорда облысында XX ғасыр­дың 60-жылдарынан бастап суар­малы егістікті дамыту қарқынды жүрді, гид­ро­мелиоративті құрылыстар салынып, инженерлік жүйелер жасала бастады, соның нәтижесінде 1965 жылы өңір­де суармалы егістік 92,2 мың гек­тар­ға жетті, одан кейінгі жылдары да қар­қынды өсіп, 1990 жылға қарай 235 мың гектарға дейін ұлғайды.

Дегенмен соңғы жылдарда өңірдегі ауыспалы егіс жүйесін басқару, пайдалану бағытындағы өзгерістердің әсері мен каналдар, қашыртқы кәріз жүйе­лерінің, оның бойындағы гидротех­ни­калық құрылыстардың пайдалану тәртібі толық сақталмағандықтан ир­ри­гациялық жүйелер тозып, суарма­лы жерлер ауданы мен өнімділігі кеміп кетті. Ирригациялық жүйелердің тех­никалық жағдайларының нашарлауы олардың су өткізгіштік қабілеттерін төмендетіп, су қорларының тиімсіз шы­ғынының мөлшерін арттырады.

Су тапшылығын тудыратын тағы бір себеп – су үнемдегіш технологияларды кеңінен пайдаланбау. Сондықтан суару барысында берілген су мөлшерінің тең жартысы шығын болып жатады. Осыған орай, қазіргі кезде өңірімізде ирригациялық жүйелерде қалыптасқан техникалық-мелиоративтік жағдайды жақсарту мақсатында қайта құру жұ­мыс­тары жүргізілуде.

Атап айтатын болсақ, ПУИД-2 жобасы бойынша Жалағаш ауданының Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәде­ниет ауылдық округтеріндегі 15,1 мың гектар суармалы жерлерді қал­­пына келтіру бойынша жұмыстар жүр­гі­зілуде. Ал ПУИД-3 жобасы бо­йын­ша 143 мың гектар суармалы жер­лер­ді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы халыққа Жолдауында суармалы жерлер көлемін арттыру қажеттілігі жөнінде баса айтты. Бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі екендігі сөзсіз. Осы үдеден шығу үшін ғылыми зерттеу нәтижелерін, заманауи аграрлы технологияларды пайдалану, оның ішінде тамшылатып, жаңбырлатып, топырақ асты суару жүйелерін жасау, қолда бар ирригациялық жүйелерді толық қалпына келтіру, егістік атыздарын тегістеу, өңірдің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген дақылдардың жаңа сорттарын шығару уақыт күттірмейтін мәселе.

 

Нұрбол АППАЗОВ,

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты