Аймақтар • 20 Қазан, 2021

Жемқорлықтың жолын кескендер сыйақы алуда

254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстарға талдау нәтижесі Түркістан облысында тіркелген құқық бұзушылықтың көбі мемлекет мүлкін жымқыру, парақорлық, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және қызметтік жалғандық жасау деректеріне қатысты екенін көрсетіп отыр.

Жемқорлықтың жолын кескендер сыйақы алуда

Жыл басынан бергі 9 айда сотқа де­йін­гі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілі­мі­не жалпы 73 қылмыстық іс тіркел­се, сыбайлас жемқорлық санатына жататыны – 55. Соның ішінде ауыр қылмыстары – 51, ауырлығы орташа – 18, онша ауыр емес – 4. Жалпы тіркелген қылмыстардың ішінде парақорлық қылмысы – 37, жымқыру дерегі – 25, өкілеттігін асыра пайдалану – 3. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар саласы және оған қарасты құ­р­ы­лымдық бөлімшелер қызметкерлері тара­пынан шағын және орта кәсіпкерлік қыз­метіне заңсыз араласудың 7 дерегі анық­талып, 7 азамат ұсталып, екеуі сот­тал­ды. Аталған кедергілердің орын алуы­на мемлекеттік кірістер басқармасы, по­ли­ция қызметі, санитарлық-эпи­де­мия­­лық және әкімшілік мекемелер түрт­кі болған. Жоғарыдағы деректерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бо­­­йынша департаментінің басшысы Хакім Көш­қа­лиев Қоғамдық кеңесте жасаған баяндамасында келтірді. Жыл басынан бері жүйелі сыбайлас жемқорлықтың дерегі анықталған, мемлекеттік бағ­дар­ламалар бойынша 35 қылмыс тір­ке­л­ген. Облыстық деңгейдегі бірінші басшыларға қатысты – 3, ал аудан және қалалық деңгейде 7 қылмыс анықталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәде­ниет­ті қалыптастыру бағытында 900 мың­ға жуық адамды қамтыған 1887 іс-шара өткізіліпті. Ал Protecting business andinvestments жобасы аясында жалпы соммасы 684 782 492 274 теңге болатын 76 ірі инвестор мен кәсіпкерлер департамент тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге алынған. Жобалық кеңсеге кәсіптік субъект өкілдерінен 72 шағым мен өтініштер түсіп, олардың барлығының заңды құқықтары қалпына келтірілді. «Сапалы жол» жобасы аясында 10 аудан, қалада жол сапасына мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 44 кемшілік анықталыпты. Анықталған кемшіліктер негізінде тиісті мекемелерге ұсыныс хат жолданып, бүгінге дейін 36 кемшілік қайта қалпына келтірілген. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг спортшылардың жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына қатысуы бо­йынша, сондай-ақ жерге орналастыру жобасын дайындау салаларына қатысты жүргізілді. Енгізілген ұсыныстардың саны – 9. Биылғы 9 айда өндірісте жал­пы 227 қылмыс болған, департамент қызметкерлерінің тіркегені – 104. Өн­діріспен 125 қылмыс аяқталып, негізгі 20 қылмыстық іс сот қарауына жолданған. Қалған 105-і қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылған. Жалпы сотқа жолданған қылмыстық істер бо­­­йынша 560 млн теңге залал келтіріліп, 336 млн теңгесі өндірілген», деді Хакім Көшқалиев.

Сондай-ақ департамент басшысы қо­ғамдық кеңес жұмысына тұрақты қаты­сып, ел пікірімен санаса әрекет етуге әзір екендігін білдірді. Сыбайлас жем­­қорлықпен күресте азаматтарды көтер­мелеудің жаңа сараланған жүйе­сі енгізілгені мәлім. Яғни мұндай жағ­дай­лар туралы хабарлаған адам ақшалай қаражатпен ынталандырылып қана қой­май, мемлекеттің қорғауында болады. Департамент басшысының айтуына қарағанда, қылмыстың ашылуына жәр­демдескен 9 тұлғаға 1 762 690 теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілген.