Аймақтар • 20 Қазан, 2021

Тоғыз айдағы тыныс-тіршілік

324 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осы күндері солтүстікте май тоңғысыз, барынша жайлы, мизамшуақ қоңыр күз тұр. Қыс қамын жасап үлгермегендер қазір қызу жұмыс үстінде. Агроқұрылымдардың бәрі жиын-терім науқанын аяқтаған. Астық өсіретін шаруашылықтар бағаның тұрақтануын күтіп, өнімдерін сата қойған жоқ, бірақ өкіметке берешектерін толық өтеген. Биыл ауыр жыл болды. Жаман індет бір жақтан қысса, жаз ортасына дейін болған аптап ыстық екінші жақтан соғып, қуаңшылық болды. Құрылыс материалдары бағасының шарықтап өсуі де экономикаға өз зиянын тигізіп бақты.

Тоғыз айдағы тыныс-тіршілік

Осы жылдың тоғыз айында Солтүстік Қазақстан облысында былтырдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда экономикаға инвестиция құю көлемі – 17,5%-ға, өнеркәсіп өндірісі – 6,7%-ға, тұрғын үй салу көлемі – 6,5%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,7%-ға артқан. Өндірістің өсімі бар екенін бай­қауға болады. Әсіресе, ауыл шаруа­шылы­ғы өнімдері қатарында көптеп тұрғызыла бастаға тауарлы-сүт фермаларын арқылы сүт өнім­дерін шығару күрт артуда. Өткен 9 ай­да ауыл шаруашылығының жалпы өнімі был­тырмен салыстырғанда барлық ауданда арт­қан. Жалпы көлемі 833,9 млрд тең­генің өнімі шығарылған. Тек Мамлют, Ғ.Мүсі­репов және Тимирязев аудандарында белгі­ленген меженің 95-96%-ы орындалған, қал­ғанының бәрі жүздің үстінде. Соның ішінде облыс бойынша ет өнімдері – 2,1, сүт өнім­дері 6,1%-ға артқан. Дегенмен артта қалушылықтар да жоқ емес, тек Петропавл қала­сында ғана ет өнімдерін шығару жоспары 38%-ға орындалмаған. Сондай-ақ Қызылжар ауданында жұмыртқа өндіру көлемі 43,1%-ға дейін құлдыраған. Облыстағы аса ірі үш құс фабрикасы – осы ауданның аумағында. Кәсіпорындар былтырғы және аз мөлшерде болса да биылғы құс тұмауынан қырылған құс басын қалпына келтіре алмағандықтан, жұ­мырт­қа өндіру көлемін әлі өрістете алмай отыр.

Бүгінгі таңда облыс шаруашылықтарында 407,5 мың ірі қара, 444,6 мың қой-ешкі, 139,8 мың тұяқ жылқы бар. Тоғыз айдағы малдың барлық түрі бойынша өсім байқалады. Мәсе­лен, жылқы саны осы кезеңде 3,9%-ға, ірі қара саны 4,2%-ға артқан.

Қазір мал санын көбейтумен қатар түрлі аурулардың таралуын бақылау да күн тәр­тібінен түспейді. Тамыз айында эпизо­оти­калық ахуалы алаңдатарлық болған Ақжар ауданындағы «Ақ ниет-Агро» ЖШС аумағына бір ай карантин енгізіліп, агроқұрылым басшысы 100 АЕК (146 мың теңге) көлемінде айыппұл салынған. Мемлекеттік санитарлық инспекторлар белгілеген шектеу шаралары да толық орындалмаған әкімшілік бірліктер бар. Мысалы, Уәлиханов ауданындағы Көк­­терек ауылдық округының Мортық ауы­лына енгізілген шектеу шаралары толық орын­далмай, ол 33 күнге созылған. Қосал­қы шаруашылығы бар мал иелеріне ветери­нарлық заңнаманы бұзғаны үшін 243 рет айыппұл салынып, 7,5 млн теңгеден артық қаржы өндірілген. Сондай-ақ өз міндеттерін толық орындамаған 23 ветеринарлық маманға 984 мың теңгенің айыппұлы салынған.

Сырттан әкелінетін малдарды тексеру үшін барлық кедендік бекеттерде ветери­нар­лық қызметтер ашылған. Тоғыз айда олар мал әкеле жатқан 2 768 көлік құралдарын тек­серіп, ветеринарлық талапты сақтамаған 19 көлік­ті кері қайтарған, ал 3 көлікке 87 мың теңгенің айыппұлын салған.

Тоғыз айдағы өсім өнеркәсіп саласында да орын алды. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі белгіленген межені 7,6%-ға асыра орындаған. Артта қалушылар арасында тау-кен өнеркәсібі келеді. Пайдалы қазба өндірі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 28,3%-ға төмендеген.

Аталған мерзімде құрылыс қарқыны өткен жылдың сәйкес мерзімінен 1,7%-ға немесе 70,2 млрд теңгеге артқан. Соның арқа­сында 119,6 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілді. Облыста құрылысты ең жоғары қарқынмен Тайынша ауданы жүр­гізіп келеді. Ондағы құрылыс былтырғы көр­сеткіштен 20 пайызға асқан. Сондай-ақ Петропавл қаласының құрылыс қарқыны да жоғары. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыс­тырғанда мұндағы өсім 11,9%-ға артық.

Экономикалық өсім біршама жақсы бол­ғанымен облыс халқы санының өсімі ауыз тұщынтпайды. 2021 жылдың 1 қыр­күйегіндегі халық саны 540 мың адам болып отыр. Ал былтырғы 1 қыркүйекте ол 546 мың болған. Бұған әсер етуші факторлар көп. Соның бірі – көшіп кетушілер саны­ның келгендерге қарағанда артық екені. Биыл бұл көрсеткіштің өзі былтырғымен салыс­тырғанда 3,1%-ға азайған, яғни тоғыз айдағы көшіп кетушілердің саны келушілерден 3 008 адамға ғана артық. Ең өкініштісі сол, облысқа басқа өңірлерден қоныс аударушылар санының былтырғыдан 9,6%-ға азайғаны болып отыр. Мұның ең басты себебі «Еңбек» бағдарламасымен қоныс аударған халықты қарсы алудың кемшін тұстары көптігінен. Қысы қатты Солтүстікке сұлуынан жылуы артық үйлер керек еді, бірақ бағдарламаны жа­сағандер тек сұлулық жағына көңіл ауда­рып, қоныс аударушы үшін 8 млн тең­геге бағалаған үйлерінің сырты сұлу болға­нымен іші суық болып жатыр. Бір пысықай жігіт­тердің бір күндік бригадалары мұндай «қуыр­шақ» үйлерді қаптата салып, оны өкіметке 8 млн-ға сатып, өздері жоқ болады. Егер қоныс аударушының өзіне 8 млн теңгенің көле­міндегі сатылатын үйді таңдатып, алып берген болса, «қой да тыныш, қасқыр да тоқ» болар еді. Ал сатылатын жақсы үйлер толып жатыр. Өзі таңдаған үйді «суық» деп қоныс аударушы да ешкімнің мазасын алмас еді.

Санаққа да халық белсенділікпен қатыс­пауда. Жуырда облыс әкімі Қ.Ақсақалов осы­ған орай үндеу жариялап, халықты осы­нау маңызды іс-шараға белсене қатысуға шақырды.

Биылғы тоғыз айда облыстың жергілікті бюджеттеріне түскен салық былтырғымен салыстырғанда 103,2%-ға орындалған. Яғни жоспардағы 49 млрд 166 млн теңгенің орнына бюджеттерге 50 млрд 743 млн теңгенің салығы түскен. Ал бюджеттің шығыс бөлігі 99,8%-ға орындалған. Яғни жоспарланған 253 млрд 336,4 млн шығыс 252 млрд 930,3 млн теңгеге орындалған. 406 млн теңгенің шы­ғысы игерілмей қалған. Республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттер мен не­сиелердің шығысы 99,8%-ға игеріліп, 137,9 млн теңгесі қалған. Қолға берілген қар­жыны толық ұқсата алмағандардың алдың­ғы қатарында Жолаушы тасымалы көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы мен Білім беру басқармалары бар. Бұлардың алдың­ғысы 203,3 млн, соңғысы 126 млн теңгені игере алмаған.

Міне, облыстың тоғыз айдағы тыныс-тіршілігі қысқаша шолғанда осындай болып отыр.