Экономика • 21 Қазан, 2021

Әйелдер кәсіпкерлігі қолдау тауып жатыр

1178 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның кәсіпкерлік кеңістігінде әйел азаматтар да белсенді. Әйелдер ашқан қаншама бизнес көпшілік тарапынан қолдау тауып, аудиториясын кеңейте түсуде.

Әйелдер кәсіпкерлігі қолдау тауып жатыр

McKinsey зерттеуінше, әйел­дердің экономикаға ерлермен тең дәрежеде араласуы 2025 жылға таман әлемдік ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) 28 трлн доллар қосып, 11-26 пайыз деңгейіне жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда Шығыс Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінде ІЖӨ 9 пайызға өсім көрсетуі мүмкін екен.

Қазақстандық әйел кәсіпкер­лерді Еуропалық қайта құру және даму банкі жиі қолдайды. Жыл сайын 1 мыңнан астам әйел осы банктен қаржылай қолдау табады.

«Гендерлік теңдік – Қазақ­станның әлеуметтік ғана емес, экономикалық өмірінде де өзекті үрдіс. Әйелдердің экономикаға белсенді араласуы елдің дұрыс даму жолында келе жатқанын, әр адамға тең мүмкіндік бері­летінін көрсетеді. Қазіргі кезде Қазақстанның шағын және орта бизнесіндегі әйелдер кәсіп­керлігінің үлесі 43 пайызды құрайды» делінген банк хабарламасында.

Статистика бойынша, қазақ­стандық әйелдер несие төлемін кешіктірмеу бойынша да өте мұқият. Елімізде керісінше, ер­лер қауымы несие төлеміне жауап­сыз қарайтын көрінеді. Қазір­гі уақытта Еуропалық қайта құру және даму банкі әйелдер биз­несін өрістету мақсатында микро­қаржы ұйымдары мен жергілікті банктерге мақсатты несие беріп отыр. Қазірге дейін 86,5 млн доллар қаржы бөлінген. Әрине, бұл аз ресурс емес.

– Банк стратегиясы бойын­ша біз «Әйелдер – бизнесте» бағ­дарламасы аясында қазақстан­дық әйел кәсіпкерлерге қолдау көр­сетеміз. Қазіргі таңда 300-ден астам әйел басшылық ете­тін компаниялармен бірігіп консуль­тациялық жобаларды жүзеге асырдық. Сондай-ақ біз жыл са­йын 1 мыңға жуық кәсіпкер әйел­дер мен басшы әйелдерді түр­лі оқу бағдарламаларына, тре­нинг­терге қатыстырамыз, – дейді банктің шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша менеджері Алма Қасымова.

Банктің қаржылық емес қол­дау құралдары қатарында – әйел кәсіпкерлердің кәсіби сарап­тамаға, бизнес-коучинг, оқу бағдарламалары мен тәлім­гер­лікке қолжетімділігін қамтама­сыз ету бар. Былтыр жағадан ал­ған пандемияға қарамастан тәлімгерлік бағдарламасына қатысқан 50 әйел франшиза сатқан, жаңа нарықтарға шық­қан және жаңа өнімдер өндіре бастаған. Бір қызығы, 2020 жылы пандемия қыспаққа алған кезде ерлерге қарағанда әйел азаматтар жұмыс істейтін және басқаратын бизнес ұйымдары көп зардап шеккен. Әйелдер кәсіпорындарының 75 пайызында табыс төмендеп кетсе, ерлер тарапында мұндай теріс көрсеткіш 60 пайызбен шектеледі. Сондай-ақ әйелдер ШОБ-ында орта есеппен 12-ден 9-ға дейін жұмыс орындарының саны қысқарған.

– Зерттеу көрсетіп отыр­ған­дай, отбасылық бизнес жүр­гізіп отырған жетекшілердің бұл кәсібін ұрпағына тастап кету­ге қатысты жоспары жоқ. От­басы­лық компаниялардың тек 30 пайызы ғана кәсібін келер ұр­паққа қалдыруды сәтімен жү­зеге асыра алған. Отбасылық ком­паниялардың алдында тұрған басты міндет – инновация мен цифр­ландыруды тоғыстыра оты­рып қажетті дағдылар мен мүм­кіндіктерге қол жеткізу, – дейді Алма Қасымова.

Қазірге дейін банк әйелдердің экономикалық мүмкіндігін ке­ңейту үшін 1,5 млрд еуро инвес­­тиция құйған. Банк пайда бол­ға­лы бері гендерлік теңдік пен инкл­ю­зияны алға жылжыту мақ­сатында 350-ден астам жоба жұ­мыс істеп келе жатыр екен. Осы­ған дейін Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев те әйел­дер кәсіпкерлігін дамытуға қатыс­ты ел аумағында 17 орталық құрылатынын мәлімдеген еді.

«Әр өңірден бір орталық ашылып, олар әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша жұмыс істей бастайды. Орталықтың басты міндеті – әйелдерге ақпараттық және консультативтік қолдау білдіру. Орталықтар министр­лік, «Атамекен» ҰКП пен Пре­зидент жанындағы отбасы­лық-демографиялық саясат және әйелдер істері жөніндегі ұлт­тық комиссияның келісімі негі­зінде құрылады» деген еді. Бұдан соң мемлекеттің де әйел кәсіпкерлерді қолдауға қатысты жобалары көбейе түсер деген үміт бар. Қазіргі кезде мемлекеттен қолдау алып отырған әйел кәсіпкерлер үлесі 32 пайыз мөлшерінде екен. Қолдау дегенде банк несиесі мен гранттар туралы айтып отырмыз. Әрине, бұдан өзге оқыту, үйрету секілді қаржылық емес қолдау түрлері де бар. Жоғарыда айтып отырған Еуропалық қайта құру және даму банкімен Үкімет тығыз жұмыс істейді. Қазірге дейін екі жақты келісім негізінде әйелдер басшылық ететін 300 кәсіпорын жергілікті консультанттардан тиісті кеңес алып, оларға жалпы сомасы 35,4 млрд теңге болатын 21,8 мың несие берілген.