Экономика • 22 Қазан, 2021

Тұрақты даму векторлары белгіленді

123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бас шаһарда Astana Mining & Metallurgy 11-ші тау-кен металлургиялық конгресі өз жұ­мысын бастады. Биылғы конгресс пан­де­­мия жағдайындағы әлемдік тау-кен өнер­кә­сібіне арналып, мемлекеттік органдар, халық­ара­лық сарапшылар, ірі компа­ния­лардың басшылары, қызметтік кәсіпорын­дар­дың топ-менеджерлері саладағы өзекті мәсе­лелер мен даму перспективаларын талқылады.

Тұрақты даму векторлары белгіленді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Әділбек Сәрсембаев тау-кен сек­торын Индустрия 4.0-ге ауыстыра отыра тех­нологиялық процестерді жаңғырту жөніндегі жұ­мыс­ты жалғастыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ цифрлы трансформация, энергияны үнемдеу, көміртегі бейтараптылығын қамтамасыз ету, дамудың шикізаттық моделінен өңдеуге көшу секілді дамудың маңызды аспектілерін жеткізді.

«Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жол­дауында айтқандай, еліміздің ресурстық әлеуеті толық ашылмаған және геологиялық зерттеу деңгейі төмен деңгейде. Бұл бағытта іздеу технологиясын жақсартып, инвестицияны ұлғайту қажет. Инвесторларға кешенді қолдау көрсететін және геологиялық ақпараттың ашық цифрлы дерек­қорын жасайтын Ұлттық геологиялық қызметті құру еліміздегі геологиялық барлауды дамытуда негізгі рөл атқарады», деді Ә.Сәрсембаев.

Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіп­орындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецтің сөзіне сүйенсек, пандемия жағдайында тау-кен кешені экономиканың басқа салалары секілді өз позициясын жоғалтпай, керісінше нығайта түсті.

Десе де бұл бағытта атқарылатын шаруалар әлі аз емес. Бірінші кезекте бұл экологиямен байланыс­ты мәселелер. Қауымдастық өкілі кәсіпорындарды озық қолжетімді технологияларға көшіру үшін арзан несие беруді, импорттық жабдықты әкелуде жеңілдіктер жасауды, сол секілді жеделдетілген амортизацияны енгізіп, ынталандыруды ұсынды.

Екінші мәселе, көмір өндірісінің болашағына қатысты. Қауымдастық басшысы Мемлекет бас­шы­сының көміртегі бейтараптығына байланыс­ты саясатты қолдайтынын айтып, саланы қайта құрылымдаудың мүмкіндіктеріне назар аудартты.

«Қазақстанда көмір қоры көп. Бұл – біздің кем­шілігіміз емес, керісінше артықшылығымыз. Бізге көмір саласының экономикалық дамуының жаңа моделін құрып, трансформациялауымыз керек. Қазір кокс химиясы, химия және фармацевтика өнеркәсібі бағытындағы өнімдердің жаңа түрлерін жасауға байланысты қызықты жобалар іске асырылуда. Жалпы алғанда, көмірден 300-ден астам өнім түрін шығаруға болады», деді Н.Радостовец.

Осы мақсатта салалық қауымдастық Үкіметпен бірлесіп, көмір индустриясын дамытуға арналған стратегияны әзірлеуді ұсынды.