Таным • 22 Қазан, 2021

Тарихи оқиғаларды тың деректермен толықтыру маңызды

261 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесі Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп 1916-1930 жылдары мемлекеттің жазалау әрекеттері мен сол кездегі биліктің саяси қуғын-сүргін, аштық кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық науқандарының себебінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындарды ақтауға сәйкес зерттеу материалдарын жинау бойынша кезекті тәжірибе алмасу семинарын өткізді.

Тарихи оқиғаларды тың деректермен толықтыру маңызды

Семинар жұмысына республика­ның барлық аймақтарындағы Өңірлік комис­сиялардың жұмыс топтарының өкіл­дерімен қатар, мемлекеттік қыз­мет­шілер, дін қызметкерлері, ғалым­дар, қоғам қайраткерлері мен еріктілер қатысты.

Жобалық кеңсенің басшысы Сабыр Қасымов атап өткендей, 1920-30 жылдары большевиктік-сталиндік билік әрекеттерінің кесірінен болған қайғы­лы оқиғалардың арасында хал­қымыз үшін мәжбүрлі босқын бол­ған­дар мәселесі айрықша орын алады. Егер біз осы мәселені жан-жақты зерттеп, түсінетін болсақ, онда халқы­мыз­дың неге демографиялық апатқа ұшырағаны белгілі болады.

«Жаппай мәжбүрлі босқындар Қазақстанда Кеңес өкіметін күштеп орнату кезінде, кулактарды, байларды, жартылай феодалдар мен крестьян-шаруаларды тәркілеу кезінде, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру кезінде, күштеп ет дайындау және халыққа қарсы жүргізілген басқа да науқандар кезінде пайда болды. Адамдар мемлекеттік қудалау мен саяси қуғын-сүргін кесірінен, діни сенім­дері, таптық қатыстылығы, тек­тік-топтық шығу тегі, халық көтеріліс­тері мен наразылықтарына қатысуы немесе қолдауы үшін, сондай-ақ Қазақ­­стандағы басқыншылық боль­шев­ик­тік-голощекиндік саясатпен келіс­пеушілігі мен жалпы түсініспеу­шілігі секілді себептермен басқа өңірлерге қашты», деді жобалық кеңсе басшысы.

С.Қасымовтың айтуынша, Голо­щекин мен оның командасы фактілерді бұрмалап, қоғамды республика бо­йынша ғана емес, Қазақстаннан тыс жерлерде де теріс ақпараттандырып отырған. Атап айтқанда, республика бас­шылығы, оның арнайы қызмет­тері жергілікті халықтың көз­қарасын өзгерту үшін түрлі жолмен Қазақ­станнан келген босқындарды байлар мен кулактар, бұрынғы хандар мен сұлтандардың ұрпақтары, ұлтшылдар, алашордашылар, діни қызметшілер деп хабарлап отырған. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес өкіметінің жаулары деп көрсеткен. Мұндай хабарламалар мен ақпараттарды республика бас­шылығы тек орталыққа ғана емес, көр­­шілес республикалардың және Ресей­­дің жақын орналасқан облыс­тары­ның партия комитеттеріне де жіберген.

Сондықтан партия комитеттері мен құқық қорғау органдарының басшылары, большевиктік-сталиндік өкіметтің жақтаушылары, кейбір аймақтарды қоспағанда, қазақ босқындарын мемлекет жауы секілді қарсы алған.

Жобалық кеңсе жетекшісі, сон­дай-ақ Қазақстанның батыс және оңтүс­тік аймақтарынан босқындар Түрік­менстанға, Қарақалпақстанға, Өзбек­станға, Тәжікстанға, сондай-ақ Иранға, Ауғанстанға қашқанын айт­ты. Ал Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарынан шық­қан босқындар Ресейдің көрші облыс­тарын қоныстанған. Көптеген қазақ бос­қындары Қытаймен арадағы ше­кара­дан өтті. Құжаттардағы дерек­терге сәйкес, шекаралас аудандардан халықтың үштен бірі қашқа­нын көрсетеді. «Әсіресе, Қазақстан басшы­лығы өз азаматтарын тоқтатуға тырысты. Алайда Біріккен мемлекеттік саяси басқару (БМСБ), милиция және әскери бөлімдердің жасақтары артиллерияны, авиацияны, пулеметтерді қолдана отырып, қашқан азаматтарды тоқтатуға тырысты. Қарусыз адамдарды аяусыз атып тастады. Бұл әрекеттерін басмашылармен, қылмыстық топ мүшелерімен күрес ретінде тү­сін­дірді. Тіпті Қытай аумағына қаш­қан босқындарды қуып жетіп, шабуылдаған. Біріккен мемлекеттік саяси басқару отрядтары мен әскери бөлімдер республикадан тыс жерлерде де қазақстандық босқындарға қатысты қуғын-сүргінді жалғастыра берді. Біз жол бойында, қоныс аудару орындарында қанша адамның, оның ішінде қарттар мен балалардың қайтыс болғанын есептемедік. Бұл алдымыздағы жаңа әрі қиын міндет, бірақ біз оны бастауы­мыз керек. Ал ізбасарларымыз мұны жалғастыра жатар. Мұндай есептеу қуғын-сүргін құрбандарының басқа санаттары бойынша да жүргізілуі қажет», деп атап өтті С.Қасымов.

Кеңсе жетекшісі ғалымдарға осы есепті жүргізу үшін ғылыми негіздел­ген әдістемені әзірлеу керектігін айт­ты. Оның айтуынша, зерттеу бары­сында Голощекин, БМСБ және басқа жаза­лаушылардың жасаған қылмыс­тары туралы ақпараттары мен қорытындыларына ғана сенбеу керек. Математикалық реттеу әдістерін қолдану ұсынылды. Адам шығынын есептеу үшін арнайы топ құрылуы да мүмкін екенін хабарланды.

Отырыс барысында негізгі баяндаманы Мемлекеттік комиссияның жұмыс тобының жетекшісі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түлектер қауымдастығының атқарушы директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Балтабаева жасады.

Сондай-ақ республиканың барлық өңірлерінің өкілдері зерттеу барысын баяндап, атқарылып жатқан жұмыс жайына тоқталып өтті.