Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Әзірбайжан елшісі Лятиф Сейфеддиноғлы Гандиловты қабылдады.
Кездесу кезінде Л.Гандилов екі ел энерегетика саласындағы қарым-қатынастарын табысты дамытып келе жатқанын атап көрсетті. Әзірбайжан мен Қазақстан өз өңірлеріндегі маңызды көшбасшылар болып саналады. Екі мемлекет те Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіне белсенді қатысу үстінде. Осындай ауқымды жұмыстарды атқару Қазақстан мен Әзірбайжан халықтарының үлесіне тиіп отыр. Әзірбайжан мен Қазақстан қазіргі таңда өз өңірлерінде бейбітшілік орнатуға белсенді қатысып келеді. Екі ел халықаралық құқықтың белді ойыншылары болып табылады”, деді Л. Гандилов ойын сабақтай келіп.
Елші, сонымен қатар, Қазақстанда қызмет істеген жылдары еліміздің толайым табыстарға жеткенінің куәгері болғанын атап айтты. Осы ретте ол Қазақстанда қызмет істеген жылдарын ғұмыр бойы ұмытпайтынын ерекше атады. Оның айтуынша, өзі қай жерде жұмыс істесе де, екі ел арасындағы қарым-қатынасты бұдан да жақсарта түсуге ұмтылатын болады.
Жақсыбай САМРАТ.