Сөйтіп кішкентай Сашаның таланты мен білімге деген құштарлығы қазылар алқасынан лайықты баға алып, ол дипломмен, сертификат және «Жас ғалым» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен бірге жас талаптың жобасы республикалық кітап-жинаққа енгізілді.
Анасы Елена Куропятникованың айтуынша, Саша бес жылдан бері ежелгі заман жануарларына қызығушылық танытып келеді екен. Балақайдың білімін байытып, танымын кеңейту мақсатында ата-анасы оны Египеттегі динозаврлар саябағына да апарыпты.
Саша сабақты жақсы оқитын көрінеді. Пәндердің ішінде математика мен ағылшын тілін ұнатады екен.
Сынып жетекшісі Ольга Штер Саша қолға алған жобаның идеясы жаратылыстану сабағы үстінде туындағанын айтады.
– Біз «Қазақстан аумағында тіршілік еткен жануарлар» тақырыбын талқыладық. Балалар: «Еліміздің аумағында динозаврлар болды ма?», деген сұрақ қойды. Сашаның бұл сұраққа жауап іздеген талпынысы бірден ұнады, сондықтан, мен оған бұл туралы көбірек мәлімет жинауға тапсырма бердім, – дейді ол.
Айта кететін бір жайт, Саша мен ұстазының зерттеу еңбегі Қазақстан аумағында динозаврлардың оннан астам түрінің тіршілік еткенін анықтауға септігін тигізген көрінеді.