Қоғам • 22 Қазан, 2021

Биыл 16,1 млн тонна астық жиналды – АШМ

935 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы 22 қазандағы жағдай бойынша елімізде 15,8 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе жалпы жинау алаңының 99,7 пайызы жиналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл 16,1 млн тонна астық жиналды – АШМ

«Орташа өнімділік гектарына 10,2 центнерді құрап, 16,1 млн тонна өнім бастырылды, оның 11,8 млн тоннасы бидай. Сондай-ақ 1,6 млн тонна майлы дақылдар, 3,8 млн тонна картоп, 4,6 млн тонна көкөніс дақылдары, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды», делінген Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінде.

Негізгі астық егетін өңірлер - Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 11,6 млн гектар жиналды, бұл олардың жалпы жинау алаңының 100 пайызын құрады. Орташа өнімділік 8,8 центнерге жетіп, 10,1 млн тонна бастырылды.

«Егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 396,5 мың тонна жеңілдетілген бағадағы дизель отыны бөлінді. Энергетика министрлігімен бірлесіп, облыс операторларын МӨЗ-ге бекіту кестесі жасалды. 2021 жылғы 22 қазандағы жағдай бойынша шілде-қазан айларының кестесіндегі 396,5 мың тоннаның 370,1 мың тоннасы (93%) тиелді», делінген ведомство мәліметінде.

Республикадағы астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 29,4 млн тонна, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12,8 млн тонна, ауыл шаруашылығы өндірушілерінде 16,6 млн тонна. 15 қазандағы жағдай бойынша 3,5 млн тонна астық сақтауға жөнелтілді.

«Жалпы егін жинау болжанған көлемде аяқталды. Жиналған дақыл сапасының жоғары көрсеткіштерін атап өткен жөн. Ауыл шаруашылығы министрлігінің есептеуі бойынша қалған көлем қазан айының соңына дейін жиналады», делінген министрлік хабарламасында.