Аймақтар • 23 Қазан, 2021

Полиция қызметкерлерінің кабинетіне бейнекамера орнатылады

438 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

1 желтоқсанға дейін Ақтөбедегі полиция қызметкерлерінің кабинетіне бейнекамералар орнатылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Полиция қызметкерлерінің кабинетіне бейнекамера орнатылады

Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов Ақтөбеде Президенттің қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы цифрландыру жөніндегі тапсырмаларының іске асырылуын бақылады.

Жұмыс сапары аясында ҚР ІІМ орынбасары Сәкен Сәрсенов облыстық білім беру ұйымдары орталығында бейнебақылау жүйесінің енгізілуімен танысты.

С.Сәрсенов жаппай бейнебақылау жүйесін енгізу барысын, полиция қызметкерлерінің көмегімен Жедел басқару орталығын жаңғыртуды, «Азаматтардың хабарламаларын біржақты қабылдау» жобасын іске асыруды, полиция нарядтарының геодеректерін GPS трекерлерінен электрондық картаға ауыстыруды зерттеп, көлік ағынын бақылау жүйесімен танысты.

Сапар барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Ақтөбе облысының әкімімен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысының қылмыстық істерді тергеп-тексеруді электрондық форматқа көшіру, сондай-ақ халықпен өзара іс-қимыл жасайтын тергеушілердің, жедел уәкілдердің және ішкі істер органдарының басқа да қызметкерлерінің кабинеттерінде бейнебақылау камераларын орнату жөніндегі тапсырмаларының өңірде іске асырылу барысы талқыланды.

«Әкімдік тарапынан қажетті материалдық қолдау көрсетілді. 1-желтоқсаннан бастап барлық кабинеттерде камералар болады деп жоспарлап отырмыз», деді Сәкен Сәрсенов.

Министр орынбасары №23 және №64 жалпы білім беретін мектептердегі қауіпсіздіктің техникалық қамтамасыздандыру жағдайымен танысты. «Құлагер» балабақшасына және Ақтөбе политехникалық колледжіне барып, ұйымдардағы штаттан тыс жағдайлар кезіндегі іс-қимыл тәртібін бағалады.

Сапар соңында Сәкен Сәрсенов Алға және Хромтау ауданы полиция бөлімдерінің жабдықталуымен және ішкі істер органдарының қызметкерлері пайдаланатын техникалық құралдармен танысты.