06 Мамыр, 2010

ТАРИХИ МИССИЯ ЗАҢДАРДА КӨРІНІС ТАБАДЫ

797 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палатаның кезекті пленарлық отырысы болып,  онда  13  мәселе талқыға түсті. Күн тәртібіне сондай-ақ бір топ депутат бастамашы болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының ерекше тарихи миссиясына орай әзірленген екі заң жобасы енгізілді. Бұл заңдық құжаттар “Қазақ­стан Республикасының кейбір конс­титуциялық заңдарына Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Пре­зидентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заң­на­маны жетілдіру мәселелері бой­ын­ша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы” Конституциялық заңның жобасы және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетіл­діру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы деп аталады. Олар бой­ынша депутаттар Розақұл Хал­мұ­радов, Светлана Ферхо және Әм­зе­бек Жолшыбеков арнайы мәлім­де­ме жасап, бұқаралық ақпарат құ­рал­дары өкілдеріне арнап, баспасөз мәслихатын өткізді (Р.Халмұра­дов­тың сөзі мен баспасөз мәслихаты жайлы есеп бөлек беріліп отыр). Тұтастай алғанда, Қазақстан Рес­публикасы дамуының тұрақты­лы­ғын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы мәр­те­бесін заң деңгейінде бекіту қажет деп санаймыз, дейді жоба автор­лары. Осы орайда Светлана Ферхо былай дейді: “Одақтың ыдырауы алдында бұрынғы кеңестік рес­пуб­ликалар ішінде еліміз тұрғын­дар­дың өмір сүру деңгейі жөнінен ең соңғы позициялардың бірін ием­ден­се, бүгінде әлеуметтік және эко­номикалық көрсеткіштер бойынша сенімді түрде алда келеді”.  Осы ретте депутат Тұңғыш Президенттің мәртебесі  Конституция мен конс­ти­туциялық заңдарда айқындалған­ды­ғын айта келіп, Президенттің жетістіктері Ұлт көш­басшысы деп атауға құқық бере­ті­нін жеткізді. Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік коми­те­тінің төрағасы Әмзебек Жолшы­бе­ков Президент Нұрсұлтан Назар­баев сыртқы және ішкі саясатта көрініс тапқан Қазақстанның бірізді  дамуы бағытын сақтаудың және тұрақтылығының кепілі бо­лып табылады, деген ойын ортаға салды. Депутаттың айтуынша, заң­дық құжат мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатындағы негізгі бағыттары жөніндегі бастамаларды әзірлеуде Ұлт көшбасшысымен – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен келісу қажеттігін көздейді. Осылайша Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасының ерекше тарихи миссия­сы­на орай оның конституциялық өкілеттіктерін нақты регламент­теу­ді, сондай-ақ оның қызметін қам­та­масыз етудің кепілдіктерін көздейтін екі заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі 25 маусымға дейін деп шешілді. Ал пленарлық отырыста күн тәртібіне шығарылған өзге барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.