18 Ақпан, 2014

Елбасының қамдағаны – елге қамқорлық

384 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Республика жұртшылығы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Үкіметтің

кеңейтілген отырысындағы сөзін қуана қолдап отыр

 14 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізгені белгілі. Бұл алқалы басқосуда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдауға ие болды.

Бұл – бәрімізге ортақ тірлік

Мен 45 жылдан бері құс ша­руа­­шылығы саласында ең­бек етіп келемін, бүгінде ұлдарым мен немерелерім осы аталған ша­руа­шылықта ұрпақтар сабақ­тастығын жалғастыруда. Бір қуанарлығы, бұл тек ме­нің отба­сымдағы ғана кәсіп жал­ғастығы емес, біздің «Шым­кент құс» ЖШС-інде 550 адам қызмет етсе, соның ішінде бүгінде 50 отбасында ата-әке жо­лын қуған үшінші буыны еңбек етіп келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың тұр­­ғын­дардың табыстарын қол­дау жөніндегі халықтық тап­сырмалары өте орынды әрі дер кезінде қолға алынып отыр. Бұл Елбасының халықтың жағ­дайын бір сәт те есінен шы­ғар­майтынын білдірсе керек. Елдің жағдайын жасау – бәрі­мізге ортақ тірлік. Біз алда­ғы уақытта кәсібімізді жандан­дыру үшін инвесторлар тартып, өндірісті жаңа технологиямен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Бұл, әрине, өнім көлемін ұлғайтып, жұмысшылардың жалақысын өсіретіні сөзсіз. Пре­­зи­дент тапсырмасын қол­дау мақсатында осы бастан жа­ңа мүм­кіндіктерді қарастырып жа­тырмыз. Жалпы, облысымыз еліміз бой­ын­ша көш бастап келеді. Сон­дықтан Ел­басының тапсырмасы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Әбілқасым ДОСБОЛОВ, «Шымкент құс» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы. Оңтүстік Қазақстан облысы.

Жүрекке жылу қосады

Мен бұрынғы Ленин ауданындағы Горький атындағы шаруашылықта отыз жылдан астам механизатор болып жұмыс істедім. Қалаға көшіп келгенімізге де біраз болды. Ондағы ой сырқат әйелімді емдету еді. Қуанышымызға орай, облыстық онкологиялық ауруханада жасалған ота сәтті болып, үй-ішіміздің шырайы кіріп қалды. Ұл мен қызымызды аяқтандырып, мамандық алуына мүмкіндік жасадық. Бірақ, өзімнің де жүрегім сыр беріп, квота арқылы Көк­ше­таудағы кардиологиялық ор­талықта ота жасатуыма ту­ра келді. Комиссия биылғы жыл­дың басында үшінші топтағы мүгедектікке шығарды. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Қаңтар айында үлгірмегендіктен, екі айдың төлемін қосып алмақпын. Осы қаңтар айы қамкөңі­лімізді жадыратқандай жылы­лыққа толы болды. Елбасы Н.Назарбаевтың жақсы жаңа­лық­тарға толы Жолдауы жария­ланды. Үкімет онда көрсе­тілген тапсырмаларды орын­дауға жедел кірісіп кетті. 1 қаңтардан әлеуметтік төлем­дер 7 пайызға көбейтілді. Ал 14 ақпандағы кеңейтілген мәжі­лісте Елбасымыз оны тағы да 5 пайызға үстемелеп, 12 пай­ызға жеткізуді тапсырды. Бұл біздің көңілімізді көтеріп, ертең­гі күнімізге сенім ұялатты. Оның үстіне, арнайы есепте тұра­тындықтан, дәрі-дәрмекті жеңіл­детілген бағамен аламыз. Мемлекет басшысы қо­ғам мүшелерінің табыстарын қол­даудың халықтық 6 тап­сыр­масын белгілеуі «Мәңгі­лік Елдің» мұраттары жар­қын екендігін дәлелдейді. Әсі­ресе, әлеуметтік сала қызмет­керлерінің еңбекақысы 40 пайызға көтерілетіні – сауапты қадам. Мүмкіндігі шектеулі адам­дар мұны жақсы түсінеді. Бақыт ДҮЙСЕНОВ, ІІІ топтағы мүгедек. КӨКШЕТАУ.

Түсім түрлерін арттыру керек

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы қоғамдағы қадау-қадау мәселелер турасында сөз қозғады. Соның бірі ретінде, жергілікті өзін өзі басқару органдарында түсім көзі толық шешілмей тұрғанын айтты. «Үкімет пен Ұлттық банк мемлекет пен жекеменшік әріптестігін іске асыру жобасы бойынша даму институттарынан, зейнетақы қорларынан, қаржылық ұйымдардан қаражат тарту жөніндегі ұсыныс бойынша нақты нәтиже шығара алған жоқ. Ауыл шаруашылығы жөніндегі мәселелер де шешімін тапқан жоқ. Бұл тізімді одан әрі де жалғастыра беруге болады. Ал бұлардың бәрі де Жолдаудың сапалы түрде орындалуына қажетті маңызды мәселелер», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Мемлекет басшысы атап айтқан мәселе бойынша Қызыл­орда облысында біршама алға ілгерілеушілік байқалады. Былтыр аймақ салық түсімдерін арттыру мен инвестиция тарту шаруа­сында республикада жоғары көрсеткішке ие болғаны сөзіміздің айғағы болса керек. Әрине, инвес­тиция тартудың оңай емес екені белгілі. Дегенмен, Қызылорда облысында бұл тұрғыда ауқымды және жүйелі жұмыс жасалды. Өткен жылдың ішінде екі рет «Байқоңыр» инвестициялық форумы ұйымдастырылып, оған өзге елдерден бизнес өкілдері мен елімізде тіркелген елшілік өкілдері шақырылып, аймақтың барлық мүмкіндіктері толық таныстырылды. Осының арқасында Сыр бойына инвесторлар келе бастады. Салық түрлері түсімінің артуына шағын және орта кәсіпкерлік дамуына жасалған жайлы жағ­дайдың әсер еткені де анық. Бүгінде Қызылорда облысында кәсіп­керліктің кең қанат жаюы үшін тиісті көмек жасалып жатыр. Әлбетте, тұтастай алғанда, елімізде Елбасы айтқан мәсе­ленің толықтай орындалмай тұрғаны ақиқат. Сондықтан жер­гі­лікті басқарушы органдар рес­публикалық бюджеттен түсетін қаржыға байланбай, аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі саланы дамытып, инвестиция тартуы шарт. Бұл бүгінгі биліктің әртүрлі тармақтарында жұмыс істеп жүрген азаматтарға қойылатын басты талаптың бірі болуы керек. 2012 жылы Халықтық IPO бағ­дарламасы көтерілді. Дегенмен, осы бір игі бастама өз дәрежесінде атқарылмағаны жасырын емес. Мұның да өзіндік себептері бар шығар. Алайда, аталған бағ­дар­лама жұртшылықты ырысқа кенелтетін жобаның бірі дер едік. Сондықтан бұл тұрғыда да кешенді жұмыстар атқарылуы тиіс. Ең алдымен, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізген абзал. Өйткені, бағдарламаның толықтай атқарылуы халықтың ынта-ықыласына тікелей байланысты. Бастысы, елдің игілігі үшін қабылданған құжат орта жолда қалып қоймауы керек. Қамбар ӘЖІБЕКОВ, қаржыгер.  ҚЫЗЫЛОРДА.

Айтылуында кемдік жоқ, мәселе орындалуында

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Көлеңкелі экономиканы» ауыздықтау туралы айтуы, тиісті орындарға тапсырма беруі – өте құптарлық іс. Өйткені, егіннің немесе бау-бақшаның дұрыс өсуі үшін онымен жарыса өскен арамшөптерді жұлып, маңайды тазартып отырады ғой. Сол секілді белгілі бір кәсіп түрімен айналысқан кәсіпкер елдің дамуына өз үлесін өнім өндірумен ғана қосып қоймай, заңдық негізде салық төлеп, мемлекетіміздің барлық заң-талаптарын қатаң сақтауы шарт. Мұның бәрінен жалтарып, тек өз есебін түгендеумен айналысатын «кәсіпкер мен кәсіпкерліктің» ғұмыры ұзаққа бармайтыны белгілі. Менің кәсіпкерлік тарихым 1988 жылы кооперативте жұмыс жасаған кезімнен бас­талды деуіме болады. Ал өртке қарсы қызмет көрсету және құрылыс жұмыстарымен айналысатын ЖШС-ні 2000 жылы аштым. Содан бері тәуелсіз еліміздің заңы аясында, барлық талап-тәртіптер шеңберінде жұмыс жүргізіп келеміз. Бәрі дұрыс болған соң, көңіл де тыныш, жұмыс алаңсыз. Елбасы «көлеңкелі экономика» көлемі ішкі жалпы өнімнің бестен бірін қамтитын шамаға жеткендігін айтумен қатар, оның салдарының қаншалықты болатындығын құлағдар етті. Ендігі кезекте ел Үкіметі Елбасы тапсырмасын кешіктірмей орындап, белгіленген мерзімге аталмыш келеңсіздікті ауыздықтаудың жолдарын ұсынса дейміз. Бұлай деуімнің себебі де жоқ емес, өйткені, Елбасы 2013 жылдың күз айында берілген 33 тапсырманың 11-і орындалғанын айтты, ал «көлеңкелі экономика» тұрғысында әлі ештеңе жасалып үлгермеген... Демек, тапсырма қайталап берілді, «ұзын арқау, кең тұсауға» салудың қажеттілігі жоқ деп білемін. Мемлекетіміздің одан әрі нығая түсуі үшін қажетті бағыттар айтылып, тапсырмалар жүктелген мәжілісте инвестиция тартудың жайбасарлығы туралы да орынды айтылды. Нарықтық экономиканың табалдырығын тәуелсіздікті алысымен аттаған жас мемлекетімізге инвесторларды тарту, инвестиция құйдыру – барынша қажетті іс. Мұнайлы Маңғыстау аймағында инвесторлар көбіне мұнай-газ салаларына қызығушылық танытады. Ал инвесторларды ауыл шаруашылығына тарту үшін не істеу керек? Тиісті орындар осындай тұстарды бағамдап, нақтылауы тиіс. Өңірімізде құрылған «Ақтау арнайы экономикалық аймағында» кәсіпкерлер үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Аймақтың жұмысын одан әрі жетілдіріп, инвесторларды әр салаға тартудың тетіктері қарастырылса деймін. Мемлекет басшысы тарапынан айтылып, тиісті тапсырмалар беріліп жатыр, енді орындалудағы олқылықтар жөнделсе екен. Гаджимагоммед СЕЛИМОВ, «Самур» лезгин этномәдени бірлестігінің төрағасы, «Пожстройсервис» ЖШС директоры. Маңғыстау облысы.

Ұстаздардың да ұлттық мақтанышы

Елбасы дәстүрлі Жол­дау­ында еліміздің ұзақ мер­зім­ге бағдарланған зор әлеует­тері­мізді белгілеп, оның ішінде біре­гей сапалы білім беру жүйе­сін жақсартудың айқын мақсат­тарын қойғаны мәлім. Осы орайда, ұстаздар қауымы алдын­да заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін жетіл­ді­ру, жалпы білім беретін мектеп­­терді Назарбаев Зият­кер­лік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу, оқушыларды сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығына бау­лу секілді ауқымды талаптар тұрғанын баса айтқым келеді. Ал үлгерімі жақсы студенттер мен оқушылардың шәкіртақысын, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбек­ақысын өсіру жөніндегі қадам­дар әлеуметтік қорғауды одан әрі қамтамасыз етері анық. Енд­і, міне, үстіміздегі жылғы Жол­даудың тапсырмалары мен «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын орын­дау мәселелеріне қатысты өткен Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында халықтың тұрмысы мен өмір сапасын жақсартуға бағыт­талған кешенді әлеуметтік пакет­тердің қабылданғанын естіп, қуанып отырған жайымыз бар. Иә, Президентіміз қазақ­стан­дықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасын әркез ұсы­нып келеді. Соның нақты үлгі­сіне биылғы 1 сәуірден бастап мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік қазынашылық кәсіпорындарда қызмет ететін азаматтардың еңбекақыларына ай сайын 10 пайыздан үстеме төлеу қарастырылатынын айтар едік. Бұл санатқа білім беру, ғылым, денсаулық сақ­тау, мәдениет, спорт және әлеу­мет­тік қолдау саласының өкіл­дері жататынын ескерсек, күр­делі жаһандық бәсекелестік жағдайдың өзінде Мемлекет басшысы белгілеп берген 7 басым бағыттардың ойдағыдай орындалып жатқанын аңғаруға болады. Бұған келесі жылдың 1 шілдесінен бастап осы топ­қа жататындарға еңбекақы төлеу­дің жаңа моделін жасау жөнінде Үкіметке тапсыр­ма берілгенін еске алсақ, атап айт­қанда, білім беру саласын­да жалақының 29 пайызға көте­рі­летіні экономикалық тұрақ­ты­лығымыздың, қарышты дамуы­мыздың арқасы деп білеміз. Алдағы мақсатымыз ай­қын: ол – ең өркениетті 30 ел­дің қатарына қосылу. Ел тари­хын­дағы жаңа дәуірдің кемел келбеті – өзгелер секілді ұстаздардың да ұлттық мақтанышы. Құрыштай бірлігіміз бен тапжылмас тұрақ­тылығымыз сыналатын үлкен емтиханнан сүрінбей өту жолында еліміздің ертеңіне сеніммен қарайтын ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан білім беру саласы қызметкерлері де аянбай еңбек ете беретін болады. Зәуреш ЖИЕНТАЕВА, «Әл-Фараби» мектеп-лицейі директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары. Петропавл.

Дер уақытында көрсетілген қолдау

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау, ол үшін жүйелі шараларды әзірлеу керектігін айтты. Нұрсұлтан Әбішұлы орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту жөнінде биылғы Жолдауында да айтқаны белгілі. Мемлекет басшысы осы мәселені өте дұрыс көтеріп отыр. Расында, кәсіпкерлерге іс ашу үшін капитал керек. Олар екінші деңгейлі банктерге жүгінеді, ал банк берген несиесін бір жылдан кейін қайтара бастауды талап етеді. Бір жылда ешқандай кәсіпорын аяғынан тік тұрып, пайда тауып кетпейді. Кәсіпорындар кемеліне келуі үшін 5-6 жыл уақыт керек. Ұзақмерзімді несие болмаған соң, кәсіпорын дамудың орнына нарықтың талабына да, банктің талабына да ілесе алмай, тығырыққа тіреледі. Мысалы, мен тез дайындалатын кеспе өндіру үшін оны сегіз ай бойы зерттедім. Сосын Рудный қаласында зауыт ашуға бел байладым. Инновациялық-инвестициялық жобаның құны 150 миллион теңге болды. Біздің тек ұннан жасалған өніміміз Қытайдың арзанқол лапшасын дүкен сөресінен ысырады деп ойлаймын. Мен өнімнің тек сапасына ғана сеніп отырмын. Тұтынушы таңдау жасауға тиіс. Менің пікірімше, қазір елдегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарында барлық жұмысшылардың шамамен 30 пайызы жұмыс істейді. Олардың қарасын мұнан да көбейту үшін кәсіпкерлік дамуы тиіс. Қазір кәсіпкерлерге тауар өндірісін ұйымдастыру, сапалы өнім шығару оңай емес. Өйткені, Қазақстанда бұрын өнеркәсіп кәсіпорындары, яғни ұқсату, өңдеу жүйесі қалыптаспады, инфрақұрылым нашар. Оның үстіне, бүгін бәсеке өте жоғары. Еуропа мен Ресейден, Қытайдан келетін импорттық тауарларға қарсы тұруымыз керек. Шағын және орта бизнес кәсіпорындары өндірген тауарларды сыртқа шығарғанда олар қазынамызға қаржы болып оралады. Бұл экономиканың дамуына да серпіліс берер еді. Ол үшін өндірген өнімнің сапасы мінсіз болуы, халықаралық стандартқа жауап беруі тиіс. Осы талаптардың барлығын кәсіпкер тапқан табысты несиеге төлеп жүріп орындауы мүмкін бе? Ел экономикасының дамуы шағын және орта бизнеске тікелей байланысты екенін алыстан болжаған Елбасының осы саланы, оның ішінде де өнім өндіретін кәсіпорындарды қолдау үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге қаржы бөлуді тапсырғаны мені аса қуантты. Мемлекет тарапынан осындай қолдауды сезінген кәсіпкерлер ешқайда жалтақтамай, ынтамен нарықты зерттейтін болады, бұл бастаған істің нәтижесін көруге құлшындырады. Ізденіске сай осындай қолдау болғанда, кәсіпорындардың сапалы өнім өндіру мәдениеті де арта түсеріне ешкімнің күмәні қалмайды. Азамат НҰРҒАЗИН, «Ақ барыс» НК» ЖШС директоры. Қостанай облысы, Рудный қаласы.

Адымымыз аршынды болсын десек...

Біздің елімізде әлеуметтік қолдауға басым бағыт беріледі. Мұны жыл сайын зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің көбеюінен айқын аңғарып келеміз. Әсіресе, ұзақ жылдар бойғы бейнетті еңбегінің зейнетін көріп отырған зейнеткерлер де жасалып отырған әлеуметтік қолдаудан кенде емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен зейнетақымызға жыл сайын үстеме қосылады. Биылғы жылдың басында зейнетақы мөлшері 9 пайызға, ал мемлекеттік  әлеуметтік төлемдер 7 пайызға көбейтіліп еді. Ал өткен аптадағы теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамының өзгеруіне байланысты зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің тағы да өсетіндігі, әсіресе, ардагерлер көңілін бір серпілтіп тастады. Мұнымен бірге, әр сала өкілдерінің де жалақысы өседі. «Алдымен... экономика» саясатын ұстанатын еліміз әлемдік қаржы дағдарысы кезінде де тұрмысы төмен отбасылар мен зейнеткерлерге әлеуметтік қолдау көрсетуін шектеп көрген емес. Біз еліміздің осынау берік ұстанымына, міне, тағы да куә болып отырмыз. Демек, халықтың тұрмысы төмендейді деуге еш негіз жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жұмадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларынан осыны ұғындық. Әрине, отандық экономиканы өркендету үшін сан алуан қиындықтардың алдан шығары анық. Өйткені, біз өзімен өзі томаға-тұйық отырған ел емеспіз. Әлемнің көптеген елімен сауда-экономикалық, дип­ломатиялық, іскерлік байланыс орнаттық. Тіпті, елімізден әлемдік рынокқа бірнеше отан­дық өнім экспортталады. Әлемдегі дамыған елдердің экономикалық өркендеуін, әлемдік нарықтағы баға айырмашылығын мезгілінде сараптап, соған орай әрекет ету – бүгінгі нарықтың талабы. Міне, осы тұр­ғыдан айтқанда, теңгенің айырбас бағамын жасанды түрде ұстап тұру мүмкін емес. Бұл өзгеріс мұнай және мұнай өнімдерін, астық пен ет секілді қазақстандық тауарларды  сыртқы рынокқа экспорттаушылар үшін өте тиімді болады екен. Қазақстанның экспортталатын тауарларынан ел бюджетіне түсетін қаржы көлемі де молаяды. Сонымен бірге, отандық экономиканың өсіміне оң ықпал етпек. Ал ішкі нарықтағы азық-түлік бағаларының бұған дейінгі тұрақты қалпын сақтайтындығына бір аптаның ішінде көзіміз жетті. Күнделікті тұтынатын азық-түліктер бағасының қалыпты деңгейден аспайтындығына кепілдік барлығын айтар болсақ, алдымен, еліміздегі астық қорының молдығына үміт артамыз. Бұрынғыдай емес, ауыл шаруашылығы өнімдері де өз елімізде молынан өңделеді. Тәуелсіз еліміз әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан лайықты орнын алуға ұмтылып отыр. Төрткүл дүниеге бәсекеге қабілетті қуатты мемлекет ретінде танылған тәуелсіз Қазақстанымыздың экспорттық әлеуетін жаңа биіктерге көтеретін бұл шара алдымен ел экономикасын өркендету тұрғысынан қолға алынғанын сезініп отырмыз. Ендеше, бұл отандық экономиканың өркендеуіне, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуына оң өзгеріс әкелетіндігіне сенімдімін. Өтеп НҰРИЕВ, Индер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Атырау облысы.

Ілгерілеудің ілкімді бағыттары

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отыры­сын­да үстіміздегі жылғы Жол­дау­дың тапсырмалары мен «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын орын­даудың мәселелерін қарастырды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы бүгінгі күні әлемдік ахуалдың оңай еместігін, дағдарыстың салдары әлі аяқталмағанын атап өтті. Президент Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақ мерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады... ХХІ ғасырда «жеңіл серуен» болмайды... Дамыған елдер өздерінің стратегияларын ХХІ ғасырға өлшеп-пішіп жатыр», деген сөздерінің терең ғылыми астары бар. Себебі, өндірістік қатынастардың өндіргіш күштердің даму деңгейіне сәйкес болуы объективті заңына орай, олардың арасында орын алатын диалектикалық қарама-қайшылықтар уақыт талабына сай кезең-кезеңмен шешіліп отырмаса, өндіргіш күштердің дамуына бөгет жасайтын тұсауға айналады, олардың шиеленісуі әлеуметтік-экономикалық прог­рестің дағдарысына әкеліп соқ­тыруы мүмкін. Сондықтан, жоғарыда келтірілгендермен қатар, «Қазақстан-2050» Стратегиясы ХХІ ғасырдағы нөмірі 1 ереже болып табылады. Егер ел өзінің жүру бағдарын және жету айлағын білмесе, ешқандай жел ілеспе бола алмайды», деуінің ғылыми астарлы мағынасы бар. Елбасы әлемдік экономика мен қалыптасқан үрдісті ескере отырып, Үкімет пен Ұлттық банкке макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін жеті бағыттағы алдын алу шараларын іске асыруы керектігін еске салды. Халықтың табыс табуын қолдау, кәсіпкерлікті дамытуға ынталандыру, қаржы секторының тұрақтылығын арттыру, экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту, «көлеңкелі экономиканы» қысқарту, инвестициялық ахуалды жақсарту, экономиканы әртараптандыру еліміздің ертеңгі жарқын болашағын айқындайтын арналар екені сөзсіз. Бұл міндеттерді жүзеге асыру арқылы ел экономикасының дамуына берік негіз қаланады. Мемлекеттің  экономикаға қатысуын азайту арқылы өнеркәсіптің өркендеуіне қол жеткізіледі. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарына сәйкес, жылма-жыл ІЖӨ-нің өсуін 4 пайызға, Экономиканың ғылыми сыйымдылығы жоғары моделін енгізе отырып, қазақстандық экспортта шикізаттық емес өнімдердің үлесін 70 пайызға көбейту міндеті қойылды. Бұл көрсеткіштердің өзіндік мәні бар. Халықаралық сарапшылардың пікірінше де осындай өсім тұрақты сапалық өсу деңгейін көрсетеді, ал қосылған құны жоғары дайын өнімдердің үлесін арттыру еліміздің ішкі нарығын, ұлттық валютамыздың тұрақтылығын қамтамасыз етеді, сонымен бірге, халықаралық рынокта бәсекелестік басымдыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Елбасы ел дамуының көк­жиектерін нақты көрсете отырып, болашаққа батыл болжамды қадамдар жасап отыр. Бұған біздің еліміздің мүмкіндігі мол. Тек Елбасы айқындаған бағыттарды баянды жүзеге асыруға баршамыз жұмылуымыз керек. Еңбек етемін дегендерге жұмыс та табылады, табыс көзі де бар.  Үбайдолла МӘМБЕТОВ, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті құқық және экономика негіздері кафедрасының доценті. Ақтөбе.