Бір сәт өткенге бүгінгінің көзімен дүрбі салыңызшы?! Не құдіреті бар өзі? Олар бізге не айтпақ болды екен? Леонардо да Винчи, Сальвадор Дали, Клод Моне, Сандро Боттичелли, Фрида Кало де Ривера, Джексон Поллок, Энди Уорхол, берідегі қазақ бейнелеу өнерінің атасы Әбілхан Қастеев сынды алыптардың еңбегін қайта қарап, салыстырып, салмақтап көрген сайын, адам мен өмір арасындағы шым-шытырық ойлар төбеңнен түскен бұршақтай тыныштығыңызды ұрлап, ақылдан жаныға, бірде күйініп, бірде сүйініп, пенденің шеберлігіне мастанып, жаныңызды қоярға жер таппайсыз. Қылқалам ұшынан ағып түскен түрлі-түсті тамшының бұлым-бұлым, қатпар-қыртысына дейін дымын қалдырмай сүзіп, мойынына діңкелеп мінген сана дертінен арылуға асыққан суретшінің жан әлемінің жағрафиясын көресіз. Бұл сұңғыла сурет өнерінің қасиеті!
Біз осы көркем көріністерге Жанұзақ Керімбекұлының жеке шеберханасында жолықтық, тіпті оңаша дидарластық та. Шынайы өнерпаздың шимайы да сұлу шықпай ма? Портрет, пейзаж, натюрморт, интерьер жанрларын шығармашылық локомативіне айналдырған суретшінің еңбегі ілкіде жатқан ізгіліктерге, қағаберісте қалып кеткен құбылыстарға қанат бітіріп, адамның бет-әлпетіне ұя салған қоңыр әжімнің астарына үңіле отырып, жанарын қабыздаған уақыттың күйін шертеді. Кенеп ішіндегі кейіпкерлермен бірге күліп, бірге жылайсыз...
Оның туған өлкесінің құмдары ән айтып тұрушы еді ғой... Содан ба екен, кіндік қаны тамған топырақтың ең аяулы кезеңдері, қойшы баласының жайлау төрінде қамшыны жастанып жатып құс жолына көз қадаған балғын бейнесі, қоянжон төбелерді айнала шапқан ауыл бұзығының албырттығы шығармашылығының алтын арқауы. Үлкен қаланың қауырт тіршілігіне терезе алдынан телмірген ата Жанұзақ алақандай ауылының аспанына қоныстанған бала бұлттай асқақ, арманшыл Жанұзақты сағынатын секілді. Сол сағыныш қой, шабыттың қайнар бастауы, дәуірлік азық.
«Балалық шақта армандар қанатты құстарға ұқсайды. Бізді алысқа ұшырып әкететіндей. Есейе келе, сенің арманың да есейеді. Енді ғарышқа ұшып бара алмайтыныңды ұғасыз, танкінің ішінде отырып, Отан қорғаудың да дәуірі өткенін аңдайсыз. Арманыңның бояуы өзгереді. Енді жұмыр жердің бетіне қолтаңбаңды қалдырып кетуді ойлай бастайсыз. Құлағыңа бала күнгі қиялдың әуені келеді. Сол әуен әлі де көкейімнен кетер емес», дейді Жанұзақ Мүсәпір.
Ілені көбелей орналасқан Балқаш ауданына қарасты аядай ғана Ақкөл ауылы. Тарпаң тарихтың таспасына «Ақкөл көтерілісі» ретінде енген ежелгі елді мекен. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары осылай сөйлейді. Бүгінде жер жәннаты Жетісудың еншісінде. Қысқасы аудан орталығынан арыда қоныс тепкен қиырдағы ауыл. Етегі толған төрт түлік, шөбі шүйгін, құйқалы өңір. Жезайыр жазушы Мұхтар Мағауин «Шақан шері» хикаятында осы аймақты тасынан тасбақасына дейін тамаша суреттейді. Ал егер оқуға ерінсеңіз, Мүсәпіровтің көрмесіне барыңыз. Мұзбалақ Мұқағалиша айтсақ, «Сенің ғажап табиғатыңды кімге айтам, Кім құмартса, өзі көрсін көзімен». Рап-рас, қылқалам шебері табиғатын жазғанда тағалаған жорғадай. Тандыры құрғап, тамыры суалып, қаңсып жатқан кер далаға тамып түскен бір тамшы су сияқты.
Сіз сенбеуіңіз мүмкін, оның ата-анасы бейнелеу өнерімен бейтаныс, тіпті қолынан қарандаш ұстап көрген адамдар емес. Десе де «ел іші – өнер кеніші» дегендей әкесі қамшы өріп, тұрмысқа керек-жарақты қолдан соғып, ат әбзелдерін өзі әзірлейтін адам болған. Ал анасы қазақтың ұлттық киімдерін тігіп, алаша тоқып, көрпе тіккен ісмер кісі екен. Киіз басқанда арнайы ою-өрнектерді бала Жанұзақ қолына тапсырады. Қасында қыздары болғанымен өнерге қатысы бар кішкентай нәрсені шыр айналдырып жіберетін алғыр баланың талабын алыстан-ақ анасы аңдаған секілді. Құмға аунап өскен құлыншақтың әр төбенің желкесіне сызған суретін жел ұшырып кеткенімен, саусағында сол күннің ізі қалды. Міне, бүгін Көркемсурет академиясының академигі. Оның картиналары жаһанның ең ғажайып көрмелеріне қойылып үлгерді. Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Польша, Германия, Украина, Марокко, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр сынды мәдениеті терең мемлекеттерде коллекциялары сақтаулы тұр.
Иығына мольберт асынып, Алатауды айнала шолып, қара қарындаштың ұшы үгітілгенше этюд жазады. Сол этюдтер ертеңгі пейзаждың штрихтары ғана. Ал азаптанып жазған портреттер жан-күйігіңнің жемісі. Мүмкін оған азын-аулақ пайда әкелер, бірақ жаныңды жегідей жеген күйзеліс пен ішкі толғанысыңның өтеуі бола ала ма? Суретшінің ниеті ә дегеннен-ақ графикаға ауды, ауды да аяғына дейін сол саланың адал перзенті болуға тырысты. Керек десеңіз, құлақ кесті құлы болды. Өлердей жақсы көрді, өзінен биік тұтты.
Суретші – портрет жанрының жұлдызы. Ол жазған шығармалардың колориті, тіні құбыла түсіп, көрерменге ерекше әсермен барып сіңеді. Күннің нұрлы да шуақты сәтінде бір әсер берсе, томсарып-тұманданған шағында басқаша көңіл күй сыйлауымен ерекше. Портрет – ксерокс емес, сана биігінде ғана сезінетін адамның ішкі халінің түсі. Әйгілі суретші Пабло Пикассоның «Бәрі суретті түсінуге тырысады. Неге олар құстардың шиқылын ұғуға тырыспайды?!» дейтіні бар. Қазақы қанмен будандасқан балауса бояудың кенептегі мінезін беру жалаң қолмен мұнара тұрғызғанмен бірдей дүние. Оны түйсінуге үлкен сана керек. Адамның жаны – шытырман, қат-қабат. Бұл орайда кейіпкеріміздің еңбегі ұшан-теңіз.
Жанұзақ Мүсәпір қазаққа Балуан Шолақтың бейнесін сыйлады. Бұл жиынтық образ қазақ руханиятына қосылған үлкен олжа. Еңбектің шығу тарихы да ерекше. Осы тұста суретшінің телевизия саласында да өзіндік рөлі, жеке қолтаңбасы бар екенін айта кеткеніміз жөн шығар. «Қазақстан» телеарнасының Жаңалықтар мен сараптама дирекциясын басқарып тұрған уағында қарамағындағы қызметкерлерге Балуан Шолақ туралы деректі фильм түсіруді тапсырады. Әйтсе де әріптестері балуанның жеке фотосы тұрмақ, көркем картинасын таба алмай дал болады. Бұл суретшіні қатты қынжылтса керек. Баба бейнесін өзі жазуға кіріседі. Немересін іздеп тауып, соған қарап қас пен қабағын келтірген. Ал шоқша сақал мен қою мұртты кітаптағы естеліктерден қарап қосқан. Балуанның күшін сырт келбетінен емес, түйілген көзінен ұғындырады. Білеу-білеу денені құндыз жағалы ішік жауып тұрғанымен алпамса денеге қарап, балуанның образы әйдік шыққанына қайран қаласыз!?
Суретші қылқаламының өз ізі бар. Сол таңбалы іздер аса күшті жылдамдықпен кенеп бетін осқылай, бірде шашырай, бірде қатарлай түсіп, палитраға қайта төніп басқа түстермен шым-шытырық араласа беріп, картина бетінде құстай самғайды. Аса жауапкершілікті талап ететін кейіпкерінің келбетіне келгенде де көп бөгелмей, бөгелсе де қайта айналып келместей, шұқылап бүлдіріп алмастай, біржола бітіріп, кеуде, иық, білек саусақты мүдірмей айқындап, әрі қарай шығандап кететін, әбден машықтанған қолтаңба қалдырды.
Атақ пен қызмет суретшінің ауласына біржола ат басын тірегенімен, ол өзінің әуелгі қалпынан айнымады. Солай болуға тиіс те еді. Қауырт тірліктің ырқына көнбей, тіршіліктің әрбір сәтін, мезгілдердің түр-түсін, әртүрлі жарық алмасуын қағазға сол қалпында қондыра берді. Құс жолына арман бояуын төкті. Шеберханада қамалып отырмай, табиғатқа ұмтылды. Жүздеген картинаны өмірге әкелді. Күннің сәулесін аңдып, көшкен бұлттарды аңдап, қылқаламынан төгілген тағдыр көріністерін, табиғат болмысын ерінбей кенепке түсірді. «Ұстатпайды-ау» деген өмірдің ең аяулы шақтарын жартасқа соққан нөсердей нақпа-нақ кенеп бетіне қондырды. Табиғаттың сұлулығы мен сырына күн сайын үңіліп, сусап, көзді ашып-жұмғандай сиқырлы сәттің әсерін бүкіл шығармасына желі қылып, әлгі бағытынан бір елі айнымай, өнер қорын өміршең туындылармен толтырды.
Суретші үшін ең ауыры өзінің автопортретін жазу. Ол өнердің өртіне күйіп, аязына қақталған жан-рухыңның реңкі, жүрек жылнамасы. Әйгілі қылқалам шебері Винсент Ван Гог «Мен өз жұмысымды жүрегім мен жанымды салып жазамын, сол үшін де ақылымнан алжастым» дейді. Шынында ақыл мен азаптың айқасы бояумен ұштасқанда айна алдындағы бейнеңізді көшіріп қана жаза алмайсыз, санаңыздан суырылып шыққан жүрек ырғағына ден қоюыңыз шарт. Бұл ғұмырына мәйек болар аяулы мезет, мәңгілік картина.
Иә, көркем өнерге көңілі кеткен жан көп ішінен дара көрінетіні даусыз. Жанұзақ Мүсәпір – бақытты жан. Айы оңынан туды, өнертанушылардың назарына ерте ілікті. Алдыңғы буын әріптестерінің құрметі алқады. Былайғы жұрт та алақанына салып, қадір биігіне көтеруде. Оның кесек-кесек картиналарына қараған сайын қаймана халықты көресіз. Ұлтқа әлі де берері мол, танымы терең суретшінің туындылары әрқашан төрден түспесін дегіміз келеді.