Сұхбат • 26 Қазан, 2021

Ортағасырлық Сарайшық – Ұлық ұлыстың бір бөлшегі

894 рет көрсетілді

Елімізде 2019 жылдан бері Ұлық ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығы аясында атқарылып жатқан шаралар аз емес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ортағасырлық Сарайшық қаласының Ұлық ұлыс тарихындағы маңызына назар аударды. Осыған орай «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтармен әңгімелескен едік.

– Әбілсейіт Қапизұлы, Сарай­шық­тың негізі қашан қаланды? Қазақ тарихында қандай қала болды, несімен маңызды?

– Бұл орайда алдымен ортағасырлық зерттеуші Әбілғазының еңбегіне назар аудару керек. Өйткені шежіреші Ұлық ұлыс ханы – Берке туралы жаза келіп: «Бір күні аттанып, ағасының (Батудың) салдырған Сарайшық атты шаһарына барды» деп анық көрсетеді. Яғни қаланы тікелей Ұлық ұлыс тарихымен байланыстырады. Дегенмен қаланың негізсіз жерде пайда болмайтынын ескерсек, оның тарихы тереңде жатқанын сезінесің. Кезінде бұл турасында Әлкей Марғұлан орынды ескерткен болатын. Қалай десек те Сарайшықтың атағы Ұлық ұлыс тұсында әлемге жайылды. Бату және одан кейінгі ел билеушілері заманында Сарай-Бату (Сарай әл-Махрус), Сарай-Берке (Сарай әл-Жадид), Сарайшық қалалары маңызды саяси, экономикалық орталыққа айналды. Зерттеуші В.Егоров: «Сарай-Бату қаласының көлемі шамамен 10 км, ал халқы 75 мың шамасында», топограф А.Алексеев 1861 жылы «Сарайшықтың көлемі 3 верст 350 сажен (бүгінгі өлшеммен 4,5 км)» деп көрсеткен. Археолог Л.Галкин «Сарайшықта 50 мыңға жуық адам тұрақтаған» деп санайды. Мұндай мәліметтерді нақты ізденістердің нәтижесі деуге болады.

Сарайшық – Ұлық ұлыстың астанасы дәрежесіне жеткен қала. Ортағасырлық деректерге сүйенсек, Сарайшықта Бер­ке хан, Тоқты хан мұсылмандықты қабыл­дады. Жәнібек хан, Бердібек хан таққа отырды, ел басқарды. Сарай-Бату тарихын зерттеуші ғалым Е.Пигарев 1242/43-1313 жылдары Еділ-Жайық аралығында астана деңгейіне жеткен екі қаланы – Сарай ал-Махрус пен Сарай­шықты көрсетеді. Ал өзіміз бұрын­нан аңыз қылып айтатын әз-Жәнібек хан тарихы да Сарайшықпен байланыстырылады. «Аққу көлі» мен «Алтын қайық» туралы аңыздар астарында үлкен тарих бар.

Сарайшық Еуропа мен Азияны бай­ланыстырған алтын көпір болды. Қаланың маңызды керуен жолында орналас­қанын Ұлық ұлыс заманында-ақ Ибн Батута (1333-1334 жж.), Джованни Ма­риньолли (1338-1353 жж.), испан пірәдары Пасхалия (1335-1339 жж.), ағайынды көпестер Франциско мен Доминико Пициганилер (1367 ж.) атап өтеді. Осыған байланысты Алтын Орда кезеңін зерттеуші Р.Почекаев «Сарай­шықты керуен жолдарынан алым-салық жинайтын әкімшілік орталық болды» деп есептейді. Ал қазір Сарайшық орнында жүргізілген археологиялық қазбалар оның Ұлық ұлыстың басты қалаларының бірі болғанын айғақтайды. Қазба кезінде ашылған кешенді сарай, тұрғын жайлар, одан табылған қыш бұйымдар, қытайлық селадон ыдысы, ирандық сырлы қыш түрлері қаланың бай-қуатты болғанын дәлелдейді.

– Бұл музей-қорықты Сарайшықты сақтау үшін құрылған деуге бола ма?

– Тарихи ескерткіштің маңызы кеңестік кезеңде-ақ белгілі болған еді. Мұны 1963 жылы жергілікті тарихшы Мұстажап Намазғалиевтің «Сарайшық» музейінің жұмысын қоғамдық негізде қолға алуы, ал 1971 жылы облыстық өлкетану музейінің филиалы ретінде құрылуы айғақтайды. Дегенмен кеңестік билік Сарайшықты кең көлемде зерттеуге, сақтауға ұмтылмады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Сарайшықтың жаңа кезеңі басталды. 1992 жылы 1 шілдеде Сарайшық жәдігерлерінің жағдайын саралаған облыстық Мәдениет басқармасының басшысы К.Танқиев сол кездегі облыс басшысы С.Түгелбаевқа: «Археологиялық жәдігерлердің басым көпшілігі Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік музейі мен Атырау облыстық музейі және «Сарайшық» қоғамдық музейінде сақталуда. Біздің есебімізше, Сарайшық қалашығы орналасқан елді мекеннен тысқары жерде коллекциялардың бұлай «шашырап орналасуы» ортағасырлық мәдениетті жан-жақты әрі толыққанды көрсете алмайды. Ескерткіш өзі қалып­тасқан жерінде ерекше әсерлі болмақ», «шынында ескерткіш иесіз, экспедициялар табылған жәдігерлерді есепке алмай, облыстан тысқары жерлерге алып кетуде» деген жанайқайын жеткізеді. Содан кейін облыс басшысы міндетін атқа­рушы Р.Шырдабаев 1992 жылы 10 шілдеде Махамбет ауданының Сарай­шық селосында облыстық тарихи-өлке­­­та­ну музейінің археология секторын құру туралы шешім қабылдайды. Міне, осы кезеңде белгілі археолог ға­лым­­дар К.Байпақов, З.Самашев жаңа ізденістерге қолдау көрсетіп, кешенді қаз­­ба жұмыстарының басталуына түрткі болды.

Ал 1999 жылы 23 сәуірде Атырау облысының әкімі И.Тасмағамбетов «Сарайшық» музей-қорығын құру туралы қаулы шығарды. Нәтижесінде, «Хан Ордалы-Сарайшық» музей-қорығы сол жылы 3 қыркүйекте ашылды. 2018 жылы 4 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №162 қаулысымен «Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Атырау облысы мұражай қорығы «Хан Ордалы-Сарайшық» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Қазақстан Респуб­ликасы Мәдениет және спорт минис­трлiгiнің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» респуб­ли­калық мемлекеттік қазыналық кәсіп­орны болып қайта құрылды. Осылай­ша, республикалық мекеме болып құ­рылған музей-қорықтың басты мақса­ты – Сарайшықтың тарихи-мәдени мұраларын сақтау, жаңа тарихи деректер мен жәдігерлерді анықтау, насихаттау, ғылыми-зерттеу және археологиялық-этнографиялық жұмыстарды, түрлі экспедицияларды, ашық аспан астындағы музейді ұйымдастыру арқылы туризмді дамыту деп нақтыланды.

– Қазір музей-қорықта ғылыми ба­ғытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Мәдениет және спорт ми­нистр­лі­гі­нен 2018 жылы тарих және мәдениет ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялау, археологиялық зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға берілетін мемлекеттік лицензия алынды. Ал 2019 жылы Білім және ғылым министрлігінен музей-қо­рықтың ғылыми субъект ретінде аккре­­диттелгені туралы куәлікке ие бол­дық. Бұл бізге республикалық ғылыми конкурстарға қатысуға мүмкіндік берді. Алдымен республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми жобалармен шұғылданатын жетекші мамандармен кеңесіп, ғылыми-зерттеу тақырыптарын белгіледік. Соңғы үш жыл ішінде Мәдениет және спорт ми­нистрлігі, Білім және ғылым министрлігі жариялаған конкурстарға бес жоба ұсын­дық. Соның ішінде үш жобаны ұтып алдық. Оның алғашқысы – Білім және ғылым министрлігінің 2020-2022 жылдарға арналған «ГУЛАГ жүйесіндегі Прорва және Астрахань лагерьлері: «Тарих, естелік, тағылым (1932-1950 жж.)» жобасы. Бұл – бұрын мүлдем зерттелмеген маңызды жоба. «ГУЛАГ» лагері туралы ғаламторда материалдар жоқтың қасы. Қазір Қазақстан, Ресей Ішкі істер министрліктері архивтерінен мол материалдар жинақталды. Алдағы жылы зерттеу қорытындысы жарияланады. Осыған байланысты 10-ға жуық мақала жарияладық.

Екіншісі жоба – Мәдениет және спорт министрлігінің 2021-2023 жылдар­ға арналған «Қазақстанның батыс өңірін­дегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХV ғғ.)». Биылғы жылы жоба бойынша белгілі археолог З.Самашевтың 1996-2008 жылдары қазған «кешенді сарай ғимараты» қазбасына жаңа материалдар қосылды. Қазба кезінде алтынордалық ғимарат орны ашылды. Ғимараттағы орталық бөлменің қабырғалары әктелген, басқалардан ерекшеленгені анықталды. Мұнда бөлмелерге ұзын дәліз арқылы кірген. Бұл қарапайым қала тұрғынының үйі емесі анық. Қоғамдық ғимарат болуы мүмкін. Барлық бөлме тандыр пешпен жылытылып, түтін жүретін кан арнала­ры сәкі (суфа) ішімен жүргізілген. Қаз­бадан күміс тиындар көмбесі, көп­теген мыс тиын шықты. Одан әзірге анық­талғаны Өзбек, Жәнібек, Қызыр хандар соғылымдары бар. Осы арқылы ғима­раттың уақыты XIV ғасырдың І жар­­тысы, орта тұсы деп есептеуге болады. Сонымен бірге бірталай қыш, металл, сүйек бұйымдар, моншақтар табылды. Қазба нәтижесі ортағасырлық бөлмелердің қаз-қатар әрі түзу тұрғызылғанын, қала ғимараттарының арнайы жоспармен салынғанын дәлелдейді. Сарайшықтан Жошы ұлысының астаналары – Сарай-Бату мен Сарай-Беркеге жүретін бағыт бойынша археологиялық барлау жүргізілді. Нәтижесінде, бұрын анықталмаған Канал тұрағы, Шойтас тұрағы, Ащысай-1 тұрағы, Ащысай-2 тұрағы, Есмахан тұрағы, Бурабай тұрағы, Көздіқара тұрағы және Құлпытас мекені секілді археологиялық ескерткіштер табылды. «Ортағасырлық Ұшқан» экспедициясынан алтынордалық тиындар, өзге де жәдігерлер әкелінді.

Үшіншісі – Мәдениет және спорт министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған «Ортағасырлық Сарайшық (ХІІІ-ХVІ ғғ.)» энциклопедиясы. Енді аталған министрліктің 2022-2024 жылдарға арналған конкурсына тағы екі жоба ұсынып отырмыз.

– Әлемдік тарихнамада «Сарайшық – ел билеушілер пантеоны» деген түсінік бар. Бұған байланысты не айтасыз?

– Расында ХІІІ-ХVІ ғасырларда Сарайшықта Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы билеушілері жерленген пантеон болған. Қазір Сарайшықта жеті хан жерленген деген ақпарат қалың көпшіліктің санасына ұялады. Тіпті туристер «Сарайшық» музей-қорығы аумағындағы «Хандар пантеоны» ескерткішінде аты жазылған жеті тұлғаның бәрін хан ретінде қабыл­дады. Расында хан атағы тек қана Шыңғыс ханның ұрпақтарына тиесілі болғанын есепке алмайды. Осы орайда айта кетерлігі, тарихымыздағы әлемдік тұлғалар – Ақсақ Темір мен Едіге де хан атағын ала алмады. Өйткені олар Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы емес.

Жазушы Әнес Сарай Сарайшыққа келгенде Шынияз Шанайұлы ақын еңбектерінің алғашқы басылымында «Сарайшықта бар дейді, 9 ханның моласы» деген жолдар болғанын айтқан еді. Біз осы мәселені саралауды қолға алдық. Алдымен, пантеон болды ма? Бұл турасында 1459 жылғы венециялық монах Фра Мауроның картасында Жайықтың оң жағалауына салынған, күмбезбен белгіленіп, «Билеушілер қабірстаны» деп жазылған деректі негізге алайық. Кейін бұл ХVІІІ ғасырда орыс ғалымдары П.Рычков, П.Паллас, ХІХ ғасырда А.Левшин еңбектерінде көрініс табады. 1937 жылы Сарайшықта алғашқы кешенді археологиялық қазба жүргізген Н.Арзютов «Алтын Орда хандарының жерленген жері» деп, 1950 жылы Г.Пацевич «Сарайшықта Жошы ұлысының астанасы және алғашқы Алтын Орда хандарының жерленген орны болғандай» деп жазды. 1950 жылы Ә.Марғұлан: «Жазба қайнар көздерінен байқауымызша, ХV-ХVІ ғасырлардағы тамаша сәулет ескерткіштері қазақ хандары Жәнібек пен Қасым ханға Сарайшықта тұрғызылды... 1524 жылы Сарайшықта қазақ ханы – Қасымның қаза тауып, жерленгені қайнар көздерінен белгілі» деген тоқтамға келді. Сарайшықта өткен ғасырдың 90-жылдары қазба жұмыстарын жүргізген З.Самашев пен Д.Талеев мақаласында: «Көптеген ғылыми проблеманың көлеңкесінде көрінбей келген мәселенің бірі сол хандар жерленген көне қорымды тауып зерттеу еді. Бір айға созылған іздеу жұмыстарының нәтижесінде хандар жерленген зираттың орналасқан территориясын анықтау мүмкіндігі туды» деп жазған болатын. Бір сөзбен айтқанда, олар ел билеушілері жерленген пантеон орнын анықтап, сызбасын жасады.

Ортағасырлық зерттеушілер еңбекте­ріне назар аударсақ, 1602 жылғы Қа­дыр­­ғали Жалайырдың «Шежірелер жи­на­ғында» Қасым хан «ақырында Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр», 1665 жылғы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» Алтын Орда хандары Тоқтағу хан жөнін­де «патшалық өмірі алты-ақ жыл болды, Сарайшық шаһарында жерленді» деп, Жәнібек хан туралы «ол он жеті жыл патшалық құрды. Сарайшықта жерленді» деп жазылған. Бұған қосымша Өтеміс қажының, Әбілғазының, Абдулғаффар Қырымидің және ноғай жырларындағы жанама деректерге сүйене отырып, Сарай­шықта Алтын Орда хандары Мөңке Темір хан, Бердібек хан, Тоқтамыс ханның басы, қазақ хандарының атасы Барақ хан жерленген деген болжам жасаймыз.

– Ортағасырлық Сарайшықты қазақ тарихындағы белгілі тұлға – Қасым ханмен не байланыстырады?

– 1541-1546 жылдары жазылған Мырза Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегінде Бұрындық ханның Сарайшықта, ал Қасым ханның одан іргесін алшақтатып, Моғолстанмен шекарадағы Қаратал қыстағына тұрақта­ғанын жазған-ды. Бұл деректі ресейлік ғалым В.Трепавлов: «Сарайшықта Жәнібектің, Бұрындықтың және Қасым­ның ордасы болды» деп тарқатады. Яғни Қазақ хандығындағы алғашқы хандар Сарайшықты ешқашан назарынан тыс қалдырмаған. «Қазақ хандары сонау оңтүстіктен солтүстік-батысқа неге келді?» деген сұрақ кім-кімді де ойландырады. Меніңше, олар Сарайшық қаласының Жошы ұлысы тарихындағы астаналық маңызын жете түсініп, ата-бабалары отырған «Алтын таққа» қол созды.

Ғалымдар Н.Атығаев пен З.Жандосова ортағасырлық парсының «Алам-ара-йи Шах Исмаил» еңбегін саралап, Қасым ханның қабылдауына кірген шайбандық Жәнібек сұлтан ханның Шыңғыс ханның тағында отырғанын, нағыз Шыңғыс хан мұрагері екенін тамсана хабарлағанын жазады. Сарайшықты Қазақ хандығының саяси орталығы ету арқылы Қасым хан қазақ халқының біртұтас саяси, эконо­микалық, этностық, мәдени кеңістігін қалыптастырып, мемлекет шекарасын Еділ өзеніне дейін кеңейтті. Осы тұста маңғыт билеушілері Сарайшықта дайындалған ресми құжаттарында Дешті Қыпшақты «Барақ ханның Қазақ жұрты», «Ұрыс ханның жұрты» деп атай бастайды. Кейін Қасым ханның саясатын Хақназар хан Қасымұлы жалғастырғаны баршаға мәлім. Осылайша, Қазақ хандығының Сарайшықтағы билігі жалғасын тапты.

Тұлға тарихындағы зерттелетін мәсе­ленің бірі – оның жерленген жері. Оның Сарайшықта жерленгеніне еш талас жоқ. Кезінде оны ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан да іздеді. Бірақ КСРО кезінде Қазақ мемлекеттілігінің тарихына қарсы шовинизм саясаты оған жол бермеді. 1950 жылғы Сарайшықтағы қазба жұмыстарынан соң қысым көрген Әлкей атамыз бұл мәселеге қайта оралмады. Кейінгі іздестіру жұмыстарын тәуелсіздік жылдары Зейнолла Самашев бастаған археологтер жүргізді. Дегенмен олар қазба жұмысының соңында: «Хандар жерленген зират табылған жерден жазба деректерде аттары аталатын хандардың қабірлерінің орналасқан жері анықталған жоқ. Сондықтан келешекте бұл мәселеге қайтып оралуымыз мүмкін» деген қорытындыға келді.

«Сарайшық» музей-қорығы құрылған соң біз де ғалымдармен ақылдасып, 2019-2021 жылдары «Хан моласын» іздеуді ұйымдастырдық. Осы жолы біз бұрын зерттеушілер қолына түспеген 1861 жылы әскери топограф А.Алексеевтің сызбасын пайдаландық. Ал сызбада «Хан моласы» орны көрсетілген. Астында «оны Жәңгір хан татар саудагерлеріне арнайы қоршатты» деген сөздер бар. Оған қоса жергілікті ауызекі деректерді қостық. Әзірге беделді тұлғалар жерленуге лайық екі қабірхана анықталып, топырақтан ашылды. Радиокөміртегі әдісімен жерленген адамдардың өмір сүрген уақытын анықтау мақсатында Вильнюске ғылыми үлгілер жіберілді. Бұл жұмыстар алдағы жылы жалғасын табады.

– Қазір Сарайшықты зерттеу, оны туризм орталығына айналдыру үшін қандай жұмыстар қолға алынып отыр?

– Биыл Сарайшықта Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігінің қолдауымен «Сапар орталығының» құрылысы басталды. Оның сыртқы фасадын ортағасырлық шығыстық қала үлгісіне өзгертуге қол жеткіздік. Төртіншіден, музей-қорық далалық экспедициялар арқылы Сарайшықтан Еуропаға баратын керуен жолдары мен керуен-сарайларды іздестіруді қолға алды. Қазірдің өзінде Ресей архивтерінен керуен жолдары, керуен-сарайлары көрсетілген карталар жинақталды. Сарайшыққа барар жол бойынан шамамен 4-5 гектар аумақты қамтитын ортағасырлық мекен орны, сол жерден алтынордалық қыш құмыралар сынықтары, күміс дирхем, мыс пұлдар табылды. Мұнда керуен-сарай болуы мүмкін деген болжам бар.

Қазір археологиялық қазба кезінде табылған, бұрыннан жинақталған 25 қыш ыдысты суретші-қалпына келтіруші О.Кендір қалпына келтіріп жатыр. Маманымыз тиын тазалауды, атрибуциялауды қолға алды. Қазір 50-ге жуық тот басқан тиын тазаланып, музей экспозициясында келушілер назарына ұсынылды. Музей-қорық қорына ХІV-ХVІІ ғасырлардағы Сарайшық қаласы көрсетілген 10 ортағасырлық карта мен архив құжаттарының көшірмелері, белгілі суретшілердің туындылары бар 490 жәдігер қабылданды.

– Енді алда қандай жұмыстар бар?

– Алдымен музей-қорықтың лайықты заманауи туризм орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстарды жүргізуді көздеп отырмыз. Құрылысы басталған «Сапар орталығы» тек Сарайшық қаласының ғана емес, сонымен бірге, Қазақстандағы Ұлық ұлыс – Алтын Орданың басты музейі болуы тиіс деген мақсатты ұстанамыз. Жайық өзенінің жағалауындағы жұмыстар кешенді жүргізіліп, ашық аспан астындағы музейге, өңір тұрғындары мен келушілердің демалыс орнына айналса деген ойымыз бар. Биыл Қасым ханның Сарайшықта жерленгеніне 500 жыл толды. Болашақта Сарайшықтың негізін қалаған Бату хан мен Қасым ханға лайықты ескерткіш орнатылғанын қалаймыз.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алтын қоры өсті

Экономика • Бүгін, 09:35

Бір тәулікте 683 науқас тіркелді

Коронавирус • Бүгін, 09:19

Халықты ревакциналау тәсілі өзгерді

Коронавирус • Бүгін, 09:15

Балық па, әлде жылан ба?

Аймақтар • Бүгін, 09:07

Үздік шетелдік ойыншы атанды

Теннис • Бүгін, 09:04

Індет кезінде тыныштық та ем

Коронавирус • Бүгін, 09:02

Ташкенттегі жарыс табысты басталды

Ауыр атлетика • Бүгін, 09:01

Ұшақ билеттері қымбаттады

Қоғам • Бүгін, 08:51

Ұқсас жаңалықтар