18 Ақпан, 2014

Алда – қарбалас күндер

275 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының бюро отырысы болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Палата Төрағасы «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын іске асыру мәселелері жөніндегі Үкі­мет­тің кеңейтілген отырысында Мем­ле­кет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев алға қойған міндеттерге қаты­су­шылардың назарын аударды. Төраға атап өткендей, Парламент алдында халықтың әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлікті ынталандыру, қаржы секторының тұрақтылығын нығайтуға бағытталған шараларды сапалы заңнамамен қамтамасыз ету міндеті тұр. Осыған байланысты, Қ.Тоқаев сенаторларды заң шығару саласында қарбалас күндердің күтіп тұрғанын жеткізіп, өнімді еңбек етуге шақырды. Бюро мүшелері Сенаттың ал­дағы 20 ақпандағы отырысының күн тәртібін бекітті. Атап айт­қанда, депутаттар Түркітілдес мем­лекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының Қаржы­лық қағидалары туралы келі­сім­ді ратификациялау туралы, Қазақ­стан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне екінші деңгейдегі банктерді қайта ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Сенаттың Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі тұрақты комитетін қайта атау туралы мәселелерді қарайтын болды. Салалық комитеттердің төра­ғалары депутаттардың осы заң жо­баларын қарау барысы туралы баян­дады.