Елорда • 26 Қазан, 2021

Құнды ертоқым

661 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордаға іргелес Жібек жолы ауылындағы халқымыздың ардақты перзенті, әнші-композитор Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектепте тұғырлы тұлғаға арналған шағын музей жұмыс істейді. Оған Иманжүсіп атамыздың немересі, белгілі ғалым Раушан Көшенова бас-көз болып отыр. Осында арда азаматқа қатысты біраз жәдігер сақталған. Соның ішінен Иманжүсіптің баласы Нұрханға сыйлаған ертоқымы туралы айтсақ дейміз.

Құнды ертоқым

Бұл жәдігер жайында бізге Нұрхан қарияның қызы Раушан әңгімелеп берді.

– Әкем маған көзі тірісінде екі аманат жүктеді, – деп бас­тады сөзін ол кісі. − Біріншісі – Иманжүсіп атамның сүйегі жатқан жерді анықтау, екін­шісі – су­ре­тін табу. Бүгінде әкем­нің екі ама­наты орындал­ды. Атам­­ның үш ұлы, жеті қызы бол­ған. Өзі атылғаннан кейін ұр­пақтары да көп қуғын көр­ген. Әкем өз әкесінен он жа­сында жетім қалды. Содан бас сауғалап Өзбекстанға барады, сол жақтан майданға алы­нып, соғыс аяқталғаннан кейін, яғни 1946 жылы ғана елге оралып, туыстарын іздеп, тауып алған.

Иманжүсіп атам алпыстан асқанда әкем өмірге келіпті. Сон­да ол кісі ағайындарды жи­нап, той жасаған. Бір шеберге «балама сыйым» деп бар жабдығымен айшықты ер­тоқым жасатқан. Бұл ертоқым сол. Кейін «балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтін қиын уақыт туды. Сол жылдары ертоқымды әкемнің туған ағасы Сейітхан көкем сақтап қалып, кейін бауыры елге аман-есен оралғасын өзіне берген. Әкем 1996 жылы дүниеден озды. Кейін інім Сейіт­бек ертоқымды, жү­гені, жабуы­мен бірге «атам атындағы мектепте тұрсын» деп музейге тапсырды, – деді тек­тінің тұяғы.