Қоғам дамуындағы тарихи құнды құжат болып табылатын Жолдауда өзекті мәселелер орынды көтерілуімен қатар, іске асырылуы тиіс ұйымдық-құқықтық шаралар да дәл мерзімінде анықталуымен ерекшеленеді. Ақиқатында, Жолдау көздеген мақсаттар жолда қалмау үшін оған барлық құзырлы тараптардан құқықтық және қоғамдық бақылау ауадай қажет. Осы тұрғыдан алғанда Жолдау айрықша болып отырғанын көзіқарақты азаматтар аңғаруы тиіс.
“Қазақстан – 2020” межесіне жету, тұтастай алғанда, әлеуметтік, ішінара алғанда мемлекеттік басқару мен қоғамдық басқару мәселелерін дұрыс ұйымдастыруды талап етеді. Әлемдік дағдарыс кезінде елдің экономикалық функциясы жетекші орынға шығатындығын және ол өз кезегінде ақталатын қызмет екендігін Елбасы нақты шаралар пакетін қабылдау арқылы дәлелдеді. Қаржылық дағдарыс жағдайында елдегі мемлекеттік басқарудың функциялары: болжау, жоспарлау, ұйымдастыру, үйлестіру және бақылау ұтымды іске асырылды және тиімді нәтижелерін әлі де беруде. Жолдауда келтірілген экономикалық дамудың статистикалық көрсеткіштері осы ойымызды бекіте түседі. Сондықтан да Қазақстан қаржылық дағдарыс орын алмаған немесе оның әсері төмен елдердің қатарынан саналады.
Ендігі жерде дағдарысты да, экономикалық өрлеуді де қаперде ұстай отырып, басқарудың аяқтаушы функциясы болып табылатын бақылау функциясын күшейту қажет. Сәйкесінше мемлекеттік басқарудың бақылау қызметі Қазақстанның дағдарыстан “аман” шығуына тікелей ықпал жасайды және оның маңызды кепілі бола алады.
Мемлекеттік басқарудың функцияларын рет-ретімен күшейту және оларға кезегімен жетекші маңыз беру – әлемдік қаржылық дағдарыстың қалыптасу, даму және жойылу фазаларына сай, орайлы іске асырылып жатқанын айту ләзім.
Қаржылық дағдарысқа қарсы тұрудың қазақстандық тәжірибесі (“Назарбаев моделі”) ендігі кезекте Елбасы Жолдауына сәйкес басқарудың аяқтаушы, яғни бақылау функциясына үлкен үміт артпақ. Жолдауда айтылған бақылау мәселелері басқарудың аяқтаушы функциясы ретінде қаржылық дағдарыстың аяқталу фазасымен өзара байланыста және қайшылықта даму арқылы оңтайлы нәтижеге қол жеткізуді көздейді. Бір сөзбен айтқанда, осы кезге дейін жасалған басқару функциялары (болжау, жоспарлау, ұйымдастыру және т.б.) текке кетпеуі үшін ендігі кезек бақылау функциясына келді.
Біз мемлекеттік басқарудың функциялары тұтас және қатар әрекет ететіндігін жоққа шығармаймыз. Бірақ, басқарудың кейбір қызметі қоғамдық даму үдерісінде күшейетіндігін және басқарудың шынайы мақсатына жету үшін солай болуы керектігін тәжірибе көрсетіп отыр.
Елбасы Жолдауында бақылаудың келесі түрлері әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайында және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму кезеңінде жетекші сипатқа ие болуы керектігі белгіленген: Олар: президенттік бақылау; үкіметтік бақылау; жұртшылықтың бақылауы; парламенттік бақылау; қоғамдық (партиялық) бақылау.
Аталмыш бақылау түрлерінің дағдарыс жағдайындағы рөлі, алдағы уақыттағы міндеттері, сондай-ақ қай бағытқа назар аударуы керектігі жеке-жеке айқындалған. Ойымызды дәйектесек, президенттік бақылау қаржы дағдарысы жағдайында нәтижелі жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Елбасымыздың тікелей бақылауымен “Жол картасы – 2009” бағдарламасы жедел әрі жария атқарылды. Кеңестік заман құлағалы бері жөндеу көрмеген жолдар мен істен шыққан ауыз су, жылу құбырлары, әсіресе, ауыл тұрғындарына көп пайдасын тигізді. “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасының мейлінше іске асуына септігін тигізді. Бағдарлама жергілікті халықты жұмыспен қамтыды. Тұрғын үй құрылысы саласындағы үлескерлердің бұзылған құқықтары қалпына келтіріле бастады. Өзге де құрылыс компаниялары тарапынан үлескерлер құқығының бұзылуына жол берілмеді және осы мақсатта қатаң бақыланды. Бұл қаржылық дағдарыс жағдайында Елбасы бақылауының нәтижелі қызметін дәйектеді.
2020 жылға дейінгі экономикалық өрлеудің бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз ету міндеті 1) Премьер-Министр жанынан және 2) облыстарда әкімдер жанынан орталық құру қажеттілігін белгілейді. Яғни: “Министрлер, әкімдер барлық ағымдағы мәселелердің шешілуі үшін жауапты болады. Олар барлық ресурстарын жұмылдырады да”. Сондай-ақ Елбасы Бағдарламаның іске асуы – “Нұр Отан” ХДП үшін де жұмысының өзегі болуы тиіс екендігін белгіледі. Демек, президенттік бақылау әдеттегідей тек министрлерге ғана емес, ендігі кезекте тікелей облыс әкімдерінің қызметтеріне, олардың ресурстарды барынша тиімді және мақсатқа сай пайдаланатынына да орнатылмақ. Сондай-ақ, партиялық бақылау (“Нұр Отан” ХДП) үшін де президенттік бақылау оған қатысты әрдайым жоғарғы бақылау көзі болып қала беретіндігіне назар аударамыз.
Еңбек өнімділігінің кешенді артуын – экономиканы әртараптандырудың маңызды міндеті ретінде бекіте отырып, Елбасымыз Үкіметке осы салаға қаржы бөлуді және бақылау орнатуды қатаң табыстады. Сәйкесінше, Үкіметтің бақылау функциясы – Үкіметтің ішкі бақылауын күшейтуді, әсіресе, инновацияларды енгізуде олардың тиімділігін ұдайы бақылауда ұстауды қамтуы қажет. Себебі, Жолдауда көрсетілгендей, “инновациялар ғана еңбек өнімділігінің шұғыл артуына жеткізеді”. Сәйкесінше, Үкімет өз кезегінде Президент алдында аталған міндеттерді іске асыру мәселесінде Қазақстан дамуының 2020 жылға дейінгі кезеңінде ерекше жауапты әрі бақылауда болатындығын білдіреді.
Сондай-ақ, республика Парламентімен аталған саладағы Үкіметтің жұмысы парламенттік тыңдаулар мен үкімет сағаттарын ұйымдастыруға негіз болуы тиіс әрі өзара ықпалдастық пен ынтымақтастық орнату қажеттігін болжайды. Республика Үкіметі бақылауының басты назарында Елбасы Жолдауында маңыз берілген келесі мәселелер болуы тиіс: “...барлық компаниялар мен кәсіпорындар басшыларының жауаптылығын арттыру қажеттілігі”, екіншіден, “Банктердің тек қана банк қызметімен айналысуын және олардың қызметінің барынша мөлдір болуын қатаң бақылауға алу керектігі”, үшіншіден, “Әкімдердің бағдарлама бойынша қаржыландырылатын шағын және орта бизнес жобалары үшін толық жауапты болатындығы” және т.б.
Елбасы Жолдауда жұртшылықтың бақылауын күшейту мәселесі мен оның бақылау объектісін нақты айқындайды: “Әр өңірде әрбір индустриялық жоба жергілікті биліктің ғана емес, сонымен бірге, жұртшылықтың да айрықша бақылауына алынуы керек. Бұл жұмыс таяудағы онжылдықта бүкіл еліміздің жалпыұлттық міндетіне айналуы тиіс”. Жұртшылықтың бақылауы – индустриялық жоба іске асырылып жатқан өңірде, бірінші кезекте, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының объективті ақпаратқа кедергісіз қол жеткізуін және оларды тұрғын халыққа жария етуін білдіреді.
Сондай-ақ, облыстық, аудандық мәслихаттар мен олардың депутаттары заңда белгіленген бақылау өкілеттіліктерін Елбасы айқындаған осы бағытқа мақсатты түрде жұмылдыруы тиіс. Жергілікті халық өңірдегі индустриялық жобаның мақсатқа сай әрі тиімді іске асуына бірінші кезекте мүдделі. Жекелей алғанда, өңірлердегі мұндай жобалардың дамуы жұмыс орындарының ашылуы сияқты жергілікті халық үшін жағымды жағдай қалыптастырумен қатар, тұтастай алғанда, мемлекет үшін жалпыұлттық дамудың көрсеткіштерін арттыруда маңызды болып табылады. Сондықтан да жұртшылық бақылауына ие болатын субъектілер бірінші кезекте осы мәселеге айрықша назар аударуы қажет. Өз кезегінде жергілікті халық та саналы түрде өңірлердегі индустриялық жобалардың дамуына мүдделі.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында “парламенттік бақылауға”, сондай-ақ “қоғамдық бақылауға” айрықша назар аударып, қоғамдық маңызды міндет жүктеді. Қазақстандағы парламенттік бақылау – мемлекеттік-құқықтық құбылыс ретінде осы күндері өте баяу дамуда. Қазақстан халқы атынан мемлекет дамуындағы маңызды мәселелерге Парламенттің бақылау орнатуы республика Конституциясында бекіген “халық билігі”, “заңның үстемдігі”, “құқықтық мемлекет”, “саяси және идеологиялық әралуандылық” қағидаларының дамуына жол бастайды. Елбасымыз Жолдауда баяндағандай, “құқық қорғау жүйесінің қызметі ішкі ведомстволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы тиіс”. Шындығында да ішківедомстволық мүдде – жария қызметті іске асыру арқылы дербестікке ұмтылатын, локальданған әкімшілік (аппарат) ыңғайына ғана сай қызметке бой алдыратын, түптеп келгенде, мемлекеттік мүддеден ірге ажыратуға қол созатын, мемлекет пен халық үшін кері әсерін тигізетін жағымсыз құбылыс.
Француз административисті Р.Драгоның, ресейлік заңгер-ғалым Ю.А.Тихомировтың, А.Н. Козыриннің және т.б. ғалымдардың еңбектерінде мұндай жағымсыз құбылыс түбегейлі сыналады. Сондықтан да орталық атқарушы органдардың (Үкімет құрамына кіретін), әсіресе, құқық қорғау функциясын іске асыратын органдардың қызметіне парламенттік (қоғамдық) бақылау орнату адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына және тиісінше (барлық ресурстармен) қорғалуына жол ашады. Құқық қорғау органдары жүйесінің қызметі, тұтастай алғанда, ең алдымен мемлекеттегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім және ел қауіпсіздігін нығайту мәселелері тұрғысынан бағаланады. Мұндай көрсеткіштердің орнықтылығы және жетілдірілуі, Елбасы көрсеткеніндей, “ең алдымен азамат пен мемлекеттің мүддесін” қамтамасыз ету арқылы іске асуы қажет. Мемлекет мүддесінің қозғаушы күші – жария қатынастан туындамауы тиіс, ол Елбасы белгілегендей, “қазақстандықтардың жақсы өмір сүруін” негізге алуы қажеттігіне қосыламыз. Тұтастай алғанда, “Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу” болып табылады. Сондықтан да болар, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Жолдауынан кейін бірінші кезекте мәдениет пен өнер қайраткерлерімен арнайы кездесу өткізуі кездейсоқтық емес, бұл шара бағдарламаның түпкі мақсатымен іштей байланыста екендігін айқындай түседі.
Қорыта айтқанда, бақылау (мемлекеттік) – құқықтық институт. Сондықтан да Елбасы Жолдауында айқындалған бақылау мәселелері құқықтың мәні мен қағидаларына сай іске асыруды қажет етеді әрі тез арада құқықтық тұрғыдан регламенттелу керектігін болжайды.
Қазыбек ДАУТАЛИЕВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің конституциялық және әкімшілікқұқық кафедрасының оқытушысы.
АЛМАТЫ.