Бизнес • 27 Қазан, 2021

Пандемия шағын бизнеске қалай әсер етті?

595 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Арнайы зерттеу қорытындысы бойынша COVID-19 пандемиясынан туындаған дағдарыс ең жоғарғы мәніне жеткен кезде шағын және орта бизнес компанияларындағы сатылым деңгейінің ірі компаниялардан 20 пайызға қалып қойғаны анықталған.

Пандемия шағын бизнеске  қалай әсер етті?

Экономикалық зерттеуді Mas­ter­card халықаралық трансұлт­тық корпорациясы әлемнің 19 елінде жүргізген. Зерттеуге сүйенсек, 2021 жылы қайтадан са­тып алушылардың шығындары қа­лыпқа келе бастаған. Биыл та­мы­зда шағын және орта бизнес ком­панияларының сатылым нә­тижесі әлем бойынша 4,5 па­йыз­ға (былтырғы тамызбен салыс­тыр­ғанда) өскен. Ал электронды ком­мерция саласындағы сатып алулар 31,4 пайызға артқан.

Компания өзінің Recovery Insights: Small Business Reset деп ата­латын зерттеуінде негізгі бір­неше тенденцияларды бөліп шығарады:

Кәсіпорындардың жабылуы. Пандемия басталған сәтте эконо­микалық қиындыққа ұшы­рап есігі тарс жабылған шағын кәсіп­орын­дардың ұзақ мерзімді перс­пективада ашылмауы – ірі компанияларға қарағанда үш есе көп кездесетін болып шықты. Шағын кәсіпорындардың әрбір үшіншісі 2020 жылдың сәуір айында жабылған соң жарты жылдан кейін де жабық күйінде қала берген. Әрине әр елдегі ахуал әр алуан. Мәселен, АҚШ-та әрбір төртінші шағын және әрбір он екінші ірі ритейлер жарты жылға уақыт жұмыс істемей қалған.

Орналасуы. Орталық іскер­лік аудандардағы шағын және орта бизнес сегментіндегі пайда­лану­шылық шығындар 2019 жылмен салыстырғанда 33 пайызға төмен­деген. Сол уақытта қала шетіндегі орташа деңгейлі дүкендердегі сатылым көлемі 8 пайызға артқан. Адамдардың саяхаттауды азайтып, көп уақытын үйде өткізуі орталық ірі кварталдардағы шағын кәсіпорындарды тығырыққа тірей бермек. Олардың табысы сәт санап төмендейді.

Электронды коммерция. Жаппай жабылып жатқан кәсіп­орын­дар санының көбеюіне бай­ла­­нысты бизнес нысандары ай са­йын онлайн режімге белсенді түрде ауыса бастаған. Пандемияға де­йінгі кезеңмен салыстырғанда жұ­мыс форматын онлайнға ауыс­тыру үш есе артты. Ең максимум деңгейі 2020 жылдың шілде айын­­да тіркелген. Қазіргі кезде Қазақ­станда ғана емес, бүкіл әлемде цифр­ландырудың ерекше қарқын­мен жүруі байқалып жатыр.

«Цифрлы экономикада үш қуатты үдеріс жүріп жатыр: реал­ды уақыттағы төлем, ашық бан­кинг және жасанды интеллект. Бұлардың бір-бірімен селбесе қа­ты­насуы шағын және орта кәсіп­к­ерлік үшін жаңа мүмкін­діктер ашады. Бүкіл әлемде тұтыну­шылар 2020 жылы онлайн-саудаға 900 млрд доллар жұмсады» делін­ген зерттеуде.

Кәсіпкерлік. 2019 жылмен салыс­тырғанда 2020 жылы бөл­шек саудадағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандары әлде­қай­да көбейіп, бұл тұрғыда ашы­­лып жатқан ірі компания­лар са­ны­нан 8 есе артып кеткен. Был­тыр көптеген елдерде ша­ғын және орта бизнес санының өсімі ай­тар­лықтай байқалды: Ресейде ондай кәсіпорындар 10 пайызға көбейсе, АҚШ-та – 86, Аустралияда – 73, Германияда – 62, ал Бразилияда 35 пайызға көбейген.

Мейрамханалар және тұрғын үй. 2020 және 2021 жылдардағы жаз маусымдарында шағын қонақ­­үйлер табыс деңгейі бо­йын­ша ірі отельдерді басып озған. Мұндай үрдіс­тің пайда болуы – пан­демия­ға байланысты адам­дардың өз елі не­месе өз өңірі аумағында ғана сая­­­хат­т­ауымен байланысты. Яғни үл­­­­кен қалалардағы атағы жер жар­­­ған отельдер клиентсіз қалған. Мей­­рам­хана бизнесі сегментінде шағын ме­кемелер табыс бо­йынша ірі орта­лық­тардан 17 пайызға артқа қалды.

«Бүкіл пандемия уақытында жер­гілікті кәсіпорындарды қол­дау бәрін біріктіретін факторға айнал­ды. Алайда шағын бизнес жер­гілікті нарыққа, жеткізу тіз­бе­гі­не тәуелділік және қар­жы қоз­ға­лысының шектелуі жағда­йын­­да қиындықпен бетпе-бет кел­ді. Соған қарамастан бізді жаңа мүм­кіндіктер күтіп тұр. Пан­де­мия кезінде нарықтың жап­пай цифрлануы, онлайн фор­мат­қа ауысуы үлкен үміт сый­ла­ды – кә­сіп­керлікті дамыту мен инн­о­в­ацияларды енгізу процесі жылдамдады», дейді компанияның бас экономисі Бриклин Дуайер.