Қазақстан • 27 Қазан, 2021

Smart Zholy жеңімпаздары анықталды

347 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Цифрлық трансформация және жаңа өмір сапасы» тақырыбында OPEN MIND ашық инновациялар онлайн-форумы жұмысын аяқтады.

Smart Zholy жеңімпаздары анықталды

Форум сессияларының тақы­рыптары коронавирус пандемия­сы кезінде бүкіл әлемде болып жат­қан жеделдетілген цифрлы транс­формация бағытына арналды.

Өзекті мәселелерді талқылау­ға ел Үкіметі, кор­поративтік сектор, сарапшылар қауым­дас­тығы өкілдері, цифрлы қызметтерді шетел­дік әзірлеушілер, IT-ком­паниялардың бас­шылары және т.б. тұлғалар қатысты.

Форум сессиялары барысында «Ашық инновациялар мен жаңа цифрлық шындықтың міндеттері», «Цифрландыру және құқық: жаңа сынақтар», «Қазақ­стандық стартаптар сырт­қы нарыққа қалай шығады?», «Аутсорсинг. Қазақ­стан», «Қазақстандық университеттер қалай жаңа технологиялық жобалардың пайда болу алаңына айналуы мүмкін?» деген тақы­рыптар талқыланды.

Форум кезінде Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырған KazRoboProject-2021 роботтехника байқауында және Smart Zholy хакатонында жеңімпаз болғандардың есімі анықталды. Бұл форумның  маңызды бөлі­мі болды. Жыл сайын роботтехника бо­йын­ша чемпионат (10 жастан 21 жасқа де­йінгі жас­тар арасында өткізіледі) еліміз­дің барлық аймақтарынан ондаған жас өнер­тап­қыштарды анықтайды. Smart Zholy бағ­дар­ламасы перс­пективалы IT-стартаптарды қолдауға, олардың үздіктерін халықаралық деңгейге шығаруға бағытталған. Бағдарлама жеңім­паздары бірнеше жылдан бері Сингапурдегі Оңтүстік-Шы­ғыс Азия­­дағы ең ірі стартап ала­ңын­да өз жобаларын ұсынып келеді.

KazRoboProject-2021 бай­қауының «Концепт» номинациясы бойынша 10 жастан 15 жасқа дейін – Trashbot жобасы бар Jylyoi tehnik командасы үздік деп танылды. Бұл судағы қоқысты жинауға арналған құрылғы. Ол жүзіп жүріп контейнерде пластмассаны және басқа қалқымалы қоқыстарды жинайды. Бұл модельде процесті автоматтандыру элементтері, датчиктер мен ақпаратты беру құрылғылары бар. Ал 16 мен 21 жас аралығында – Eco-Robot жобасы бойынша Team Atom командасы таңдалды. Бұл робот қала көшелеріндегі қоқысты офлайн режімде және камера мен интернетті қолдана отырып басқару арқылы жояды. «Прототип» номинациясы бо­йынша 10-15 жас аралығында – «Ақылды Terminal» жобасын дайындаған Smart-TOP командасы жеңіске жетті. Олар мекеменің кіре берісіне орналастыруға болатын, дене температурасын өлшейтін, антисептикалық заттар шашатын және келушілерге маска тарататын терминал ойлап тапты. 16 мен 21 жас аралығын­да «Кванториум» командасы жеңімпаз ретінде танылды. Бұл команда 18 650 аккумуляторды автоматты түрде зарядтауға арналған станса ойлап тапты. Павлодар колледжінің жоғары курс студенттері батареяларды үлкен көлемде үздіксіз заряд­тауға арналған толық автомат­тандырылған кешен әзірледі. Батареялар құрылғыға контейнерден жеткізіледі. Батареяның зарядтауға жарамдылығы мен полярлығы тексеріледі.

Smart Zholy хакатонына қатысушыларға Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасында ішкі про­цестердің тиімділігін арттыру үшін жаңа цифрлы шешімдерді құру тапсырмасы жүктелген болатын. Атап айтқанда, бұл мобильді қосым­шалар, заманауи технологиялар арқылы қолданатын бағдарламалық шешімдер болуы мүмкін еді.

Хакатонға 35-тен астам қаты­сушы өтінім жібер­ді. Олар­­дың арасынан 5 коман­да шешу­ші кезеңге өтті. Smart Zholy бай­­қауы­ның нәтижесінде «Automatico командасы» жеңім­паз атанды. Команда транспорт саласы үшін процестерді автоматтандыру мен алмас­тырудың тиімді шешімін құрды.