Бұл күнде барша қазақстандықтардай біздің оқытушыларымыз бен шәкірттеріміз де Елбасының Жолдауын қызу талқылау үстінде. Бұл жолы да жаңалықты ойларға, құнды ұсыныстарға толы онда қойылған мәселелердің бәрі өте маңызды.Соның ішінде, ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда ауқымды жұмыстар күтіп тұрғандығына сәйкес нақты міндеттердің атап көрсетілуі ұстаздар қауымы көңілінен шықты. Атап айтқанда «Таяудағы 2-3 жылда дуалды, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет» деп Үкіметке 2014 жылғы 1 маусымға дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылуы көптен бергі мақсатымызға жетуімізді жеңілдететіндігіне қуантты.
Ойымыздан дөп шыққандай, бұл біздің сала қызметкерлерін толғантып жүрген мәселе болатын. Қарағанды көмірі қазынасын игеру қолға алынған уақыттан бері оған үлес қосу үшін орта буын мамандар даярлауға арналып құрылған, 80 жылдан астам тарихы бар, аймағымыздағы алғашқы техникалық білім ошағы еліміз өндірісін көтерген көшбасшыларымен танымал болса, сондайлық тұрпаттағы кадрларды қалыптастыру жолындағы үрдісті сақтап, жаңғырту жалғастырылып келеді. Жылдан-жылға өсіп, талап биігінен көрінуге ұмтылыс ұдайы назарда.Колледжімізде бүгінде 15 мамандық иелері даярланады. Бұлар облыс экономикасының барлық саласында еңбек ете алатын, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына қатысу икемі ұштатылған жастар ретінде оқу орнымыз беделін көтеріп жүр.
Бұл ретте жетістікке қанағаттанып қалып отырғанымыз жоқ. Білім берудің тиімді жүйесін жетілдіру және сапаға көшуге дайындықтағы іс-ізденістер толассыз. Солардың біріне тоқталғанда, оқыту мен мамандық меңгертудің дуалды тәсілін бірінші болып қолдануымызды атар едім. «Колледж – студент – кәсіпорын» арасындағы үшжақты келісімшарт аясында Еуропа елдерінде бұрыннан қалыптасқандай аталған жүйе бойынша кәсіптік оқыту үдерісінің басым бөлігі күні ұзаққа оқу орнында емес, кәсіпорындарда немесе арнайы жабдықталған тәжірибелік нысандарда өтеді. Студенттер оқу уақытының 70-80 пайызын тікелей өндірістерде өткізеді. Өңірдегі «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы, «Қазақмыс» корпорациясы, «Қарағандыжылу», «Қарағандысу» ЖШС сияқты іргелі құрылымдармен жасалған шартқа сәйкес білімдері мен кәсіби білігін өндіріс үстінде шыңдайды. Өздеріне қанша маман керек екенін анықтап, оқу орнына сұраныс жібереді. Оқуларын аяқтаған соң жұмыспен қамтылады. Осылайша, оқытудың өндірістің нақты талабына, сұранысына сай жүргізілуі жұмыс берушілерді қажетті мамандықтарды іріктеп алуларына тартуда. Соның арқасында жыл сайын бітіретін 800-ге жуық түлектеріміздің дені бірден еңбекке араласа алып отыр. Өңірде өнеркәсіп саласының қайта жандануы кәсіптік-техникалық мамандықтарды аса қажет ете түсуде. Осыған орай, қалаған түрін меңгертуге мүмкіндікті кеңейтуге және соған талпынушылар санын ұлғайту ойластырылуда.
Сөз орайында айта кету керек, дуальді жүйе бойынша оқу стандарттарымен бірге, кәсіптік стандарт жасалуы қажет. Бұл не десек, жұмыс берушілер тарапынан қойылатын талаптарға сай жеткіншектер болашақ мамандықтарына ерте бастан бейімделу керек. Бізде әзірге осы жағына көңіл бөлінбей отыр. Мәселен, Германияда кәсіптік бағдар беру балабақшадан, бастауыш сыныптардан басталады. Оқушылардың өзінің бейімі бар кәсіпке бет бұруына қолдау жасалады. Өндіріс орындары оқу үлгеріміне, еңбекке баулынуына, шеберлігі жетілдірілуіне тікелей араласып, бәсекеге қабілетті кадрды қанаттандыруға көмек көрсетеді.
Жалпы алғанда, бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес, сырт жерлерге де танылуда. Былтырғы күзде Екатеринбургте өткен Қазақстан-Ресей 10-аймақаралық форумда Президенттер Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путиннің қатысуымен қол қойылған келісімдерде Қарағанды политехникалық және Первоуральск металлургиялық колледжі арасында да өзара ынтымақтастық туралы шарт бекітілді. Орта буын техникалық мамандар даярлауда жинақталудағы тәжірибені бөлісу, студенттер алмасу, Теміртау металлургиялық комбинаты мен Челябі металлургиялық зауытында, мұнай-газ және энергетика, көлік кешенінде өндірістік тағылымнан өту тәрізді шаралар белгіленді. Қазір ортақ мақсат ойдағыдай іске асырылуда.
Зекен РАХИМОВ,
Қарағанды политехникалық колледжінің директоры,
техника ғылымдарының кандидаты, профессор.
ҚАРАҒАНДЫ.