Қазақстан • 27 Қазан, 2021

Машина жасау – экономика тірегі

1266 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ел Үкіметінің машина жасау саласына маңыз бере бастағанына көп бола қойған жоқ. Әрі кетсе он жылдың айналасы шығар. Одан көп емес. Билік бұл саланы экономиканы әртараптандырудың бір бағыты ретінде қарастырды. Әлбетте, ол кезде мұның экономиканың негізгі тірегіне айналарына көпшілік сенген жоқ. Сенбейтін де жөні бар еді. Өйткені Кеңес Одағынан мұра болып қалған кәсіпорындардың көбі талан-таражға түсіп, сала мүлдем тұралап қалған болатын.

Машина жасау – экономика тірегі

Саладағы серпіліс

Бірақ биліктің сол кездегі бас­тамасы өзін өзі ақтады. Оның жемісін қазір көріп отырмыз. Мысалды да алыстан іздеудің қажеті жоқ. Экономиканың бірқатар секторын «сұлатып» түсірген пандемия кезінде көрсеткішін кемітпей, қайта өсімін арттырған санаулы ғана сала бар. Соның бірі – маши­на жасау саласы. Күрделі кезең­де күш алған сала шынымен де эко­номиканың тірегіне айнал­ды. Елбасының ертеде айтқан «Отандық машина жасау – ұлт­тық қауіпсіздіктің кепілі» деген сөзі де шындыққа айналғандай.

Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев айтқандай, машина жасау – заманауи өнер­кә­сіп­тік өндірістің база­лық саласы. Өйткені бұл ғылы­ми-тех­ника­лық прогрестің дең­гейін ай­қын­дайды әрі өнеркә­сіп­тің бар­лық саласын қажетті жаб­дық­пен қам­тамасыз етеді. Отандық машина жасаушылардың биылғы форумына арнайы құттықтау хат жолдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сала­ның көрсеткіштеріне көңілі тола­тынын жеткізген болатын.

Ра­сында да өткен жылмен са­лыс­тырғанда осы жылдың қаң­тар-тамызында машина жасау са­ла­сындағы өндіріс көлемі 24 па­­йызға өскен. Жалпы, индуст­рия­­ландырудың алғашқы он жы­лында өңдеу өнеркәсібінің эко­но­миканың дамуына қосқан әсері тау-кен өндіру саласының үлесінен асып түсті. Бұл ретте, қазақстандық машина жасаушылар қойылған міндеттерді лайықты орындауда. Шығарылатын бұйымдар номенклатурасын кеңейтіп, жаңа технологиялық әзірлемелерді енгізуде. Елдегі экономикалық өзгерістерге ұйытқы болар көшбасшылардың қатарында машина жасаушылар да бар.

«Биылғы Жолдауда 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 24 млрд долларға дейін және еңбек өнімділігін 30 пайызға ұлғайту міндетін қойдым. Бұл үшін мемлекет Өнеркәсіптік сая­сат туралы заң қабылдап, отандық кәсіп­орындарды барынша қолжетімді шикі­затпен қамтамасыз ету тетігін бекітеді. Отандық агроөнеркәсіптік және өнер­кәсіптік саясат ұштастырылады. Қазақ­станның машина жасау саласы эко­номи­калық өсімнің, жұмыспен қамту мен экспорттың қозғаушы күшіне айнала­тынына сенімдімін», деген еді Прези­дент сол жолғы құттықтау хатында.

Қазақстанда машина жасау саласын дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған бес жылдық жол картасы бекітілген. Стратегиялық құжаттағы іс-шаралардың рет-ретімен орындалып келе жатқанына да екі жылдан асты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, Жол картасында көзделген міндеттердің 48-і орындалған. 9-ы әлі орындалып жатыр. Жоспардағы негізгі міндеттерге қол жеткізілгендіктен қазір Жол картасын қайта өзектендіру жұмы­сы қолға алынған.

– Стратегиялық құжаттың үш негізгі нәтижесіне тоқталғым келеді. Бірінші нәтиже – «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң­ның әзірленуі. Саладағы бірқатар мәсе­ленің түйінін тарқататын заң жобасын қазір Парламент пысықтап жатыр. Екін­ші нәтиже – өнеркәсіпті дамыту қоры­ның құрылуы. Соның аясында ұзақ мерзім­ді әрі арзан кредит беру тетігі іске қосыл­ды. Үшінші нәтиже – отандық машина жасау­шыларды шикізатпен қамту. Мұның да тетігі әзірленіп, қанатқақты жоба ретінде жұмыс істеп тұр, – дейді М.Қарабаев.

Ресми дерекке сүйенсек, индустрия­ландыру жылдарында елімізде 1,5 мың­нан астам жоба іске қосылып, ел эконо­микасына 9 трлн теңгеден астам инвес­тиция тартылған. Соның жалпы құны 450 млрд теңгені құрайтын 360 жоба­сы машина жасау саласында жүзеге асырылған.

– Әдетте өңдеу өнеркәсібі орташа есеппен жылына 6-7 пайыздық өсім көрсетеді. Ал былтыр машина жасау саласында 16 пайыздық өсім тіркелді. Осы жылдың соңғы сегіз айындағы көрсеткіш те жаман емес. Өсім – 24 пайыз. Демек, машина жасау саласын өңдеу өнеркәсібіндегі жылдам дамушы бағыт деп атауға әбден болады. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіндегі машина жасаудың үлесі 5 пайызға ұлғайды. Яғни 9 пайыздан 14 пайызға көтерілді, – деп нақтылады вице-министр.

Шикізат мәселесінде шикілік көп

Бірден айтайық, Қазақстанның машина жасау саласы жалынан ұстатпаған күйі жаһанға жайылып кетті деуден аулақ­пыз. Атқарылған іс ауқымды болғаны­мен, кемшілік әлі де көп. Бұлай болуы заңдылық та. Әсіресе, өмірге пессимистік көзқараспен қарайтындар Қазақстан­ның машина жасау саласы автокөлік құрастырумен ғана шектеледі деген пікірді алға тартып жүр. Біздіңше, олар қатты қателеседі. Өйткені Қазақстанда соңғы жылдары автокөлік өндірісіне қажетті дүниелерді шығаруға ерекше назар аударылуда. Соның нәтижесінде аккумулятор мен дөңгелек дискілерін өзіміз өндіретін жағдайға жеттік. Көлікке қажетті пластикалық бұйымдар мен құрылғылар да Қазақстанда жасалады. Ауыл шаруашылығы техникасына қажетті дестелегіш пен шөміш, су және май сорғылары – таза отандық өнімдер. Десе де, салаға қажеттінің бәрін елімізде өндіруге кедергі келтіретін қиындықтар бар. Соның бірі – шикізаттың жайы.

Қарағанды құю-машина жасау зауытының басшысы Жәнібек Бай­ғабыловтың айтуынша, шикізат мәселе­сінде шикілік көп. Себебі машина жасау саласына қажетті шикізаттың негізгі бөлігі шетелден әкелінеді. Қыс­қасы, өзгеге кіріптармыз. Ал кіріптар­лық отандық кәсіпорындардың бәсе­келестігін жандандыра алмайды. Бұған ел Президентінің маңыз беруі де сондықтан. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­ғы Жолдауында «Әзір­леніп жатқан «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң өңдеу өнеркәсібінің алдында тұр­ған сауалдарға жауап беруге тиіс. Со­ның бірі – шикізатқа қол жеткізудің қиын­дығы. Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауар­ларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек деген қарапайым ережені енгізуіміз қажет» деуі тегін емес.

– Шикізат мәселесін шешудің бірден-бір жолы – заманауи құю-машина жасау зауыт­тарын көбейту керек. Біз Қара­ған­ды мен Жезқазғандағы қол­даныстағы құю-ма­шина жасау зауыттарын қайта жаң­ғыр­туды көздеп отырмыз. Бұл ретте Мәс­кеудің «Заманауи құю технологиялары» компаниясымен бірлесіп жұмыс істемек ойымыз бар, – дейді Ж.Байғабылов.

Экспорт еселене түсті

Машина жасау саласындағы негізгі үлес автокөлік құрастыру бағытына тиесілі. Былтыр отандық автоөндірушілер 75 мың автокөлік шығарған екен. Биыл 100 мыңдық межені бағындыру міндеті тұр. Сондай-ақ өткен жылы ішкі нарықта сатылған 96 мың автокөліктің 67 мыңы отандық өндірістен шыққан. Бұл Қазақстанда сатып алынатын әрбір үшінші көлік отандық өнім деген сөз. Экспорт көрсеткіштері де жақсарып келеді. Былтыр шетелге 8 мыңнан астам жеңіл көлік экспортталған. Биылғы меже – 15 мың автокөлік. Келер жылы 30 мың автокөлікті шетелге жөнелту жағы қарастырылуда.

Экспорт демекші, мұнда да реттелуге тиіс мәселе жетерлік. Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікованың пікірінше, машина жасау ғылымды қажет ететін прогрессивті сала болып саналады. Сондықтан бұл салаға салынатын инвестиция да қомақты.

– Пандемия кезінде шетелден келе­тін импорттық тауарлар шектелді. Бұл экономикаға кері әсер еткенімен, отан­дық өндіріске жаңаша серпін берді. Жергілікті кәсіпорындар үшін нарықта бос кеңістіктер пайда болып, олар соны игеруге кірісті. Пандемия индустрияны, оның ішінде машина жасау саласын цифрландыру маңызды рөлге ие екенін көрсетті. Сондай-ақ саладағы цифрлы технологиялар қолданылатын тауарларға қатысты сауда-саттық көлемі артып келеді. Мәселен, қазір электронды қозғалтқышы бар техникаларға сұраныс жоғары, – дейді Ж.Күшікова.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақ­станда машина жасау саласының экспорты ұлғаюда. 2019 жылы 1,18 млрд доллардың өнімі шетелге шығарылса, былтыр көрсеткіш 11,7 пайызға жақсарған. 2021 жылдың қаңтар-шілде аралығындағы экспорт көлемі 742 млн долларға тең. Жалпы әлемдік сауданың 44 пайызы машина жасау саласына тиесілі. Бұл дегеніміз – 17 трлн доллар. Демек, Қазақстанның бұл нарықтан орын іздеуі құптарлық қадам және бұл қадамы сәтсіз де емес.

Осы орайда біздің ел 2025 жылға қарай экспорт көлемін шамамен 3 трлн долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл да қолдан келетін шаруа. Өйткені қазірдің өзінде Қазақстанда өндірілетін мойынтіректің 93 пайызы экспортқа жөнелтіледі. Негізгі тұтынушы – Ресей. Көрші мемлекет сырттан импорттайтын мойынтіректің 45 пайызы Қазақстанға тиесілі. Сол секілді отандық электронды аккумуляторлардың 72 пайызы шетелге сатылады. Электронды трансформаторлардың жартысынан көбі шекара асып жатыр.

Машина жасау саласының экономи­кадағы мультипликативті әсері жоғары. Сондықтан бұл салаға артылған сенім де жоғары.