Өнер • 28 Қазан, 2021

Қыш құпиясы

445 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елена және Владимир Григорян­дардың авторлық қыш шеберханасы саз сиқырынан сәуле тапқан туындыгерлер топтасқан рухани бірлестік. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің Орталық көр­ме залында аталған ұжым шәкірт­те­рінің «Саз үндестігі» атты көр­ме­сі ашылды.

Қыш құпиясы

Саз балшық – өркениет пайда болғалы адамзатпен бірге жасап келе жатқан, мыңдаған жылдық тарихы бар табиғи материал. «Шамшырақ», «Тостағандар», «Уақыт бедерлері» атты негізгі үш тақырыптық инсталляциядан құралған өнер жәрмеңкесіне 16 шебердің қолтаңбасы қойылған. Топырақтың тілін білген қышшылар табиғаттан, тарихтан және жетістіктер көзінен шабыт алады. Олар жасаған жұмыстар күнделікті өмірде кездесетін заттардың рухани, көркемдік және тактильді әлеуетін ашып, шебер қолының жылуымен шұрайлана түскен.

Ежелгі уақытта адамдар құмыра­шылардың сиқырлы күші бар деп сенді. Қыштан жасалған туындыларды қалыптау процесіне адамнан басқа төрт элемент қатысады. Бұлар: жер, су, ауа, от. Жер – бұл саздың өзі, су – оны сұйылтуға қызмет етсе, ауа – мүсін­дел­ген пішіндерді кептіреді, ал от олар­ды күйдіріп, бұйымға соңғы бейне береді. Ең бастысы бұлардың барлығы шеберге бағынады.

Экспозициядағы Айша Юсупова, Алина Друзик, Анель Құлахметова, Арина Ван Энгелен, Елена Мазур, Ири­на Ароян, Эльза Ким, Ирина Шлы­гина, Қаламқас Бектұрғанова, Карина Дмитриева, Лариса Арюткина, Лилия Гөбекліоғлы, Наталья Покидова, Нике Ски­данова, Татьяна Грохотова, Юлия Ленгард сынды қыш құпиясын мең­герген шеберлердің қолтаңбасы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Авторлар өзі қа­лыптаған тақырыбын өздерінше сезініп, өздерінше түйсінеді.

– Көрме коллекциялық дизайн объек­тілері мәртебесіне заңды түрде өткен қазіргі әлемдегі қыш бұйымдарының кескінді, үйлесімді «дыбысталуын» көр­сетеді. Технологияның өрістеуі жаңа экспрессивті құралдар – күрделі әшекей­лер мен ангобаларды табуға, күйдіру ­сапасын арттыруға, электрлі көзе ұршы­ғын жасайтын жаңа бейнелеу құралда­­рын пайдалануға мүмкіндік береді. Деген­мен бүкіл артықшылықтарды қол­данса да, саз балшықпен жұмыс іс­теу әдістері өзгеріссіз қала береді, ал адам қолы – ­қыш жасаудың негізгі құралы. «Саз үндес­тігі» көрмесі – шығармашылыққа бет а­л­ған, қышты сүйетін және оқып-үйренуге табандылық таны­татындар үшін тамаша мүмкіндік, – дейді көрме жетекшісі Виолетта Вологодская.

Елена және Владимир Григорян­дардың шеберханасы – кәсіби қыш сурет­шілері мен мүсіншілерін плас­тикалық ше­­берлікке үйрететін Қазақстандағы алғаш­қы авторлық қыш галереясы. Ол 2012 жылы отандық суретшілердің бас­тама­сымен құрылды. Мұнда кәсіби шебер­лікке машықтанған өнер иелері әлемдік деңгейдегі көрмелерге қатысып, бай­қау­ларда жоғары марапаттарға ие болып жүр.

1

2

 

АЛМАТЫ