Аймақтар • 28 Қазан, 2021

Қарабалықтағы қарттар үйі жабылды

479 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарабалықтағы қарттар үйі жұмысын тоқтатты. Көп жылдар бойы бұл мекемені кемтар жандар да паналап келген еді. 6 қазанда аталған мекеменің моншасынан өрт шығып, интернат ғимаратының шатыры жанып кеткен болатын.

Қарабалықтағы қарттар үйі жабылды

Өкінішке қарай, облыс бас­шылығы бұған дейін ресми түр­де арнайы әлеуметтік қызмет көр­сету орталығы деп аталып келген мекемені жойып, 1938 жылы салынған ескі ғимаратты бұзу туралы шешім қабылдады.

Нәтижесінде 49 адам тұрақты жұмысынан айырылып отыр. Осы­ған орай, облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова бастаған жұмыс тобы Қарабалық ауданына барып, медициналық-әлеуметтік ме­кеменің ұжымымен кездесті. Жи­ынға аудан әкімі Руслан Ха­лықов та қатысты.

Жұмыссыз қалғандардың ішін­де санитарлар мен медбикелер, азпаздар, арнайы әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығының өзге де мамандары бар. Жиын ба­рысында аудан басшысы олар­дың әрқайсысының еңбекпен қам­тылуын тікелей бақылауына алатынын жеткізді. Аудандық жұ­мыспен қамту орталығының мә­ліметінше, қазір Қарабалықта 72 жұмыс орны бос тұр. Кездесуге қатысқан жергілікті мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары да бірінші кезекте зейнет жасына аз қалған қызметкерлерге жұмыс ұсынды.

Басқарма басшыларының айтуынша, аталған интернат үйін қалпына келтіру және бұдан әрі қарай ұстап отыру тиімсіз. Өрттен кейін медициналық-әлеуметтік мекемеде тұрып жатқан 51 адам көршілес аудандарға көшірілген. Мемлекет қамқорлығындағы қарттардың көбі Федоров, Рудный және Қарасу аудандарындағы әлеуметтік мекемелерге орналас­тырылды. Ал Қарабалықтағы аудан­дық ауруханада жатқан интернат үйінің бұрынғы тұрғындары емдеу мекемесінен шыққаннан кейін, Рудный қаласындағы №1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына орналастырылады.

 

Қостанай облысы