ЕЛДІГІМІЗДІҢ БОЛАШАҒЫ БАЯНДЫ БОЛСЫН
Мемлекет басшысына Оңтүстік Қазақстан облысының зиялы қауым өкілдері мен ардагерлері атынан хат келді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Оған Кеңес Одағының Батыры Т.Қауымбаев, “Даңқ” орденінің толық иегері Қ.Қалтаев, Социалистік Еңбек Ерлері Б.Шүкірбеков, К.Бөрғазиев, халық ақыны Ә.Қалыбекова, халық әртісі А.Абдуллина, ақын-жазушылар М.Байғұт, Х.Есенқарақызы, Е.Тұрысов, С.Сахабат, А.Мұсаев, журналистер Б.Қонысбек, Е.Боранбай, еңбек ардагері С.Қалғынбаев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры У.Бишімбаев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры Ә.Мұсақұлов, өнер қайраткері М.Рүстемов, ОҚПУ “Отырар” институтының профессоры Ө.Ғұбайдуллин, Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі А.Қалмырзаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ә.Омбаев қол қойған.
Авторлар Елбасы Н.Назарбаевты “Батыс-Шығыс” институтының Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығына ие болуымен құттықтап, осынау награда бүкіл Қазақстан халқы үшін үлкен қуаныш, асқақ абырой, мерейлі мәртебе екенін атап өтеді. Елбасы жүргізіп отырған сарабдал саясаттың арқасында Қазақстан тәуелсіздік жылдары әлем мойындаған мемлекетке, дүние жүзіндегі бейбітшілік саясатын іс жүзінде дәлелдеп келе жатқан елге айналғанына тоқталады.
Одан әрі хатта былай делінген: “Биылғы жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде биік тұғырға көтерілді. Азия, ТМД елдерінің арасында алғашқы болып Еуропа төріне шықты. Батыс та, Шығыс та мойындап, санасатын, құрметтейтін ел болдық. Бұл – елдің тұңғыш Президенті, ұлтымыздың ұлы перзенті, адамзат тарихынан лайықты орын алатын – Сіздің ерен еңбегіңіздің нәтижесі.
Дүние жүзінің бірқатар бөлігінде, іргелес жатқан елдерде бейбітшілікке қауіп төніп, халықтың басына ауыртпалықтар түсіп жатқанда, біздің елімізде орныққан ынтымақ, бірлік пен татулық, экономикамыздың қарқынды өсіп, халқымыздың әл-ауқатының арта түсуі кім-кімге де үлгі боларлықтай.
Елдігіміздің болашағы, баянды бақыты ұзағынан сүйіндіргей! Сол жолда Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз! Атқарып келе жатқан орасан еңбегіңіздің жемісін де, жеңісін де халқыңызбен бірге көре беріңіз!”, – делінген хатта.
СЫНДАРЛЫ САЯСАТТЫҢ ЖЕМІСІ
Елбасының атына Алматы облысының тұрғындары – Қазақстан Республикасы қоғамдық ардагерлер ұйымы бірлестігі Алматы облыстық филиалының төрағасы Е.Далбағаевтан, қоғам қайраткері Б.Сақауовадан, Еңбек Ері З.Тамшыбаевадан, соғыс және еңбек ардагері Ғ.Егембердиевтен және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Т.Қанапияновтан хат келді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Хат иелері Президенттің биылғы Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына қатысты мәселелер көтерілгенін атап өткен.
“Жұмыр жердің тағдыры үшін жауапкершілікті сезіну жайындағы тұшымды ойларыңызға, ядролық қарусыздану туралы бастама көтеріп, бүкіл әлемді бейбітшілікке шақырған игі тілегіңізге дүние жүзі құлақ түріп, Сізді қарусыз әлем құру ісінде лайықты көшбасшы деп бағалағаны және бірауыздан қолдағаны бізді шаттандырды.
Көршілес Қырғыз еліндегі берекетсіздік бәріміздің жанымызға батқан еді. Осы күрделі кезеңде ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қырғызстанның ішкі қауіпті жағдайын реттеуге, бауырлас ағайынның өзара шиеленісін болдырмауға ықпал еттіңіз. Төскейде малы түйіскен қоңсы Қырғыз еліндегі азаматтық соғыстың алдын алуға бар күш-жігеріңізді жұмсап, нақты әрекет жасадыңыз.
Сіздің жанқиярлықпен жүргізген қажырлы еңбегіңіз бен сындарлы саясатыңыздың арқасында елімізде бабалардың ежелгі арманы – егемендік пен тәуелсіздік, ынтымақ пен татулық жүзеге асты. Сондықтан да күллі қазақ халқы, барша қазақстандықтар өздерінің арманы мен болашағын Сізге деген сеніммен, парасаттылығыңызбен және тарихи ұлы көштің бастаушысына айналуыңызбен байланыстырады.
Біз, соғыс ардагерлері, “Ел басқарушылар – Алланың жердегі өкілі” деген Ислам қағидасын жиі қайталап, Елбасының айтқанына ұйып, жұртшылықтың тыныштық пен бірлік сақтауын әрдайым тілейміз.
Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы! Отанымыздың шаңырағын шаттыққа бөлеп, халқымыздың бағы мен бақытын еселей беріңіз!” – делінген хатта.