«Биік таулы жерге қарамастан, оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел көтерілді, келген сәтте 40 шаршы метр аумағында ашық жалынмен 2 қабатты саяжай үйі мен ауладағы құрылыстардың өртеніп жатқанын анықтады. Дереу өртоқпандары енгізіліп, өрт сөндіру автоцистерналардан су үздіксіз қамтамасыз етілді. Қысқа мерзімде өрттің көрші ғимараттарға таралу қаупі жойылды. Өрт 12 минутта ауыздықталып, 11:40-та сөндірілді. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 20-дан астам адам, 5 бірлік техника жұмылдырылды», деп хабарлады департаменттен.
Ведомства мәліметінше, 1971 жылы туған оқиға күәгері, көрші Бақытжан Қағазбеков жанып жатқан үйге кіріп 62 жастағы әйелді құтқарып қалған. Ол №4 қалалық ауруханаға жеткізілді. Бақытжан өзі ауруханаға жатудан бас тартқан. Өртті сөндіру барысында 47 жастағы ер адам мен 51 жастағы әйелдің денесі табылды.
Қыркүйек айында Медеу аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері осы үйдің тұрғындарымен қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы түсіндірме әңгіме жүргізген.