Руханият • 28 Қазан, 2021

Аңшылық – асыл өнер

788 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ халқының жаратылыс ерекшелігі – қоршаған орта, тылсым табиғатпен біте қайнасып жатыр. Яғни адам баласы өзі өмір сүрген айналасын танып, білуі оның тіршілік ету дағдысын жеңілдетері анық. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды» дейді. Ұлт көшбасшысы айтқандай, халқымыздың дүниетанымына әсер етіп, ерте дәуірде нағыз тіршіліктің өзегіне айналған өнерінің бірі – қазақтың аңшылық кәсібі. Бұл орайда, осы өнердің бүгінгі таңда қоғамдағы орны мен маңызы жайлы білу үшін елорда төрінде орна­ласқан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­тех­никалық университетінің Орман шаруа­шылығы, жабайы таби­ғат және қорша­ған орта факуль­теті Аңшылықтану және балық шаруа­шылығы кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Жасхайыр Қарағойшин мырзаны сөзге тарттық.

Аңшылық – асыл өнер

– Жасхайыр Мұханғалиұлы, сіз бас­қарып отырған кафедрада қазақ­тың аңшылық мәдениеті туралы пән оқытылады екен. Осы туралы газет оқырмандарына мағлұмат берсеңіз?

– Жалпы айтсам, халқымыздың аңшы­лық мәдениеті өз заманында үл­кен ілім ретінде қалыптасып, атадан балаға үзбей жалғасқан сабақтастық негі­зінде дамып отырды. Осы мүдде тұр­ғысынан біздің университет аңшы иттерді пайдаланып аң аулау мәдениетін оқытуды қолға алып отыр. Нақтырақ айтсам, мамандық ашылғаннан бастап кафедрада «Аңшылықтану және аң шаруашылығы» мамандығының білім беру бағдарламасына «Қазақстандағы аңшылық ит шаруашылығы» атты арнайы пән енгізілді. Студенттерге осы пән­ді оқыту барысында, қазақ тазысын күтіп-бағу, аңшылыққа баулу және өсіру жолдары, қажетті ветеринарлық препараттар, яғни денсаулығын сақтау сияқты тәжірибелік талаптарды игеру қажеттілігін туындатумен қатар, оны ғылыми теориялық біліммен ұштастыру ісін оңтайлы атқарып жатырмыз.

Осы мақсатта, 2018 жылдан оқу про­цесіне бір жұп тазы кафедраға алынды. Нәтижесінде, бұл иттер күшіктеп, кәдімгідей шағын үйір пайда болды. Оларды баптап-күту ісіне студенттер тартылып, оқу ісінің тәжірибелік талаптары жолға қойыла бастады.

– Сіздердің қолдарыңызда аталмыш пәнді үйрететін оқулық немесе нұсқаулық бар ма?

– Әзірге толық кемелденген дайын нұсқаулық жоқ деуге болады. Десе де, оқытушылар мен студенттер өздері талаптанып, ізденудің арқасында тазы итті бағып-қағудың, әсіресе тазы күшігін аман-есен жетілдірудің тәжірибелік әдіс-айласын іс жүзінде үйрену үстінде. Әсіресе, тазыны аңшылыққа бейімдеудің табиғи ерекшелігі, ең бастысы қолда бар тұқым арқылы қазақ тазысының басқа иттерден стандарттық айырмашылығы қандай? деген сұрақтарды игеруде.

Бұл орайда, айта кетерлік дүние, бұған дейін отандық жоғары оқу орындарында «тазытану» ілімі жүйелі бағ­дарламалық сипатта оқытылған жоқ. Сол себепті біз бұл ілімнің ғылыми-тәжірибелік маңы­зын орнықтыру үшін бір студентке диплом жұмысын жаз­дырдық. Мұнда тазы күшігінің туған сәтінен бастап алты айға дейінгі өсіп-жетілуі, қоректенуі, азықтың құрамы, дәрілік витаминдер және оны пайдалану, уақытында вакциналау, ауырған жағдайда емдеу-сауықтыру үде­рісі то­лық баяндалды.

Біздің университет 2019 жылы «Қан­сонар» аңшылық шаруашылығы қауым­дастығымен бірлесіп халықаралық ғы­лыми-практикалық конференция өткізді. Осы басқосуда қазақ тазысын әлемдік стандартқа сай өсірудің қажеттілігі сөз болып, ол үшін Қазақ агротехникалық университеті жанынан тазы өсіретін питомник құру мәселесі сөз болды. Себебі уни­верситетте маман ғалымдар бар, әрі бола­шақта лаборатория жасақтап жүйелі жұмыс атқаруға мүмкіндік жеткілікті. Бұл бастама болашақта қолдауды қажет етеді.

Ендігі мақсатымыз – қолдағы тазыларды ғылыми-генетикалық сұрып­тау арқылы бес-алты ұрпақтан кейін нағыз қазақы стандартқа сай сапалы тазы тұ­қымын көбейту. Ол үшін қазір­гі та­зы­лардың сыртқы морфологиялық сипатына баса назар ауда­рып отырмыз. Бірақ тәжірибелік жұмыс­тары­мыз қолдағы тазылар екі-үш күшік­теген соң тоқтап қалды. Бұған себеп, біз оқу ісіне пайдаланып жүрген тазы­ларды одан әрі зерттеу мен күтіп-бағуға қар­жы мәселесінің тапшылығы қол байлауда.

– Қаржылық мүмкіндікті шешудің басқадай жолы болмады ма? Тазы өсі­румен айналысатын елімізде басқа ұйым-мекемелер бар ма?

– Қаржылық мүмкіндікке қол жеткі­зу үшін бірнеше рет ғылыми жобалар ­дайындап, Білім және ғылым министр­лігі, Ауыл шаруашылығы министрлі­гі жариялаған қаржыландыру грантына ұсындық, десе де қолдау болмағандықтан жоба қаржыландырылмай қалды. 2019 жылы универстетімізге тәжірибе алма­суға келген француз ғалымы бізге қазақ та­зысының генетикалық тұрғыдан еуро­­­стандартқа сай ғылыми негіздерін жа­­сау­ға көмектесетінін айтты, қаржы тап­­шылығы кедергі болды. Айналып кел­­генде, тазыларымызды зерттеу жұ­мыс­­тарын уақытша тоқтатуға тура келді.

Ал тазы асыраумен айналысатын елі­мізде жеке тұлғалар бар. Бірақ бұлар­дың шаруашылығы коммерциялық мақ­сат­қа сай құрылған. Мысалы, Алматыда Константин Плахов дейтін Зоология инс­титутының директоры болған, те­риолог ғалым Аркадий Слудский да­йын­­даған стандарт бойынша тазы өсі­ріп отырған көрінеді. Бұл кісінің арна­йы питомнигі де бар. Оның сыртында көкшетаулық Оралбек Қайсанов та қа­зақы тазы-төбет өсірумен айналысуда.

 – Осы орайда, маман ретінде өзі­ңізден сұрайтын дүние: Мәжілісте «Жануарларға жауап­кер­­шілікпен қарау туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Осы құжатта бұған дейін ел ара­сында кең етек алған «ит талас­тыру» мәселесі шектелетін болды. Бұ­ған қандай пікір айтасыз?

– Өзіңіз атап өткендей «ит талас­ты­ру» мәселесі халық арасында аса бір ұнам­­сыз, ұлттық менталитетімізге жат дүние. Қазақ төбетінің жаратылыс бейім­­ділігі төбелеске арналмаған. Ол иесіне көмектесуші қайырымды хайуан. Оның сыртында дана халқымыз бере­ке­сіз істі «итше ырылдасты», «итше та­лас­ты», «иттің тірлігін жасады» деп жиір­кенішті сипатта бейнелеп айтқан. Ен­деше, осындай ұлттық тәрбиелік тұрғы­дан жат саналатын істі тыйған дұрыс.

Ит таластырушылардың пікіріне қа­ра­сақ, хайуанды төбелестіру арқылы «жақ­сы тұқым сұрыптап, сынақтан өткі­земіз» дейді. Бұл қате түсінік. Генети­калық та, табиғи сұрыптау да мұндай жолмен жасалмайды. Оның сыртында бұл құмар ойынға жататындықтан, мұ­сыл­ман шариғаты да қолдамайды. Исламда мұндай табыс харам саналатынын біле­сіздер. Сондай-ақ ит таластыру ісі­не еліміздегі барлық жануарларды қор­ғау ұйымдары қарсылық танытуда. Тіп­­ті Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы Жолдауында жа­нуар­­ларға қарым-қатынасты қоғам өрке­­ниетінің өлшемі деп айтқаны тегін емес.