– Жасхайыр Мұханғалиұлы, сіз басқарып отырған кафедрада қазақтың аңшылық мәдениеті туралы пән оқытылады екен. Осы туралы газет оқырмандарына мағлұмат берсеңіз?
– Жалпы айтсам, халқымыздың аңшылық мәдениеті өз заманында үлкен ілім ретінде қалыптасып, атадан балаға үзбей жалғасқан сабақтастық негізінде дамып отырды. Осы мүдде тұрғысынан біздің университет аңшы иттерді пайдаланып аң аулау мәдениетін оқытуды қолға алып отыр. Нақтырақ айтсам, мамандық ашылғаннан бастап кафедрада «Аңшылықтану және аң шаруашылығы» мамандығының білім беру бағдарламасына «Қазақстандағы аңшылық ит шаруашылығы» атты арнайы пән енгізілді. Студенттерге осы пәнді оқыту барысында, қазақ тазысын күтіп-бағу, аңшылыққа баулу және өсіру жолдары, қажетті ветеринарлық препараттар, яғни денсаулығын сақтау сияқты тәжірибелік талаптарды игеру қажеттілігін туындатумен қатар, оны ғылыми теориялық біліммен ұштастыру ісін оңтайлы атқарып жатырмыз.
Осы мақсатта, 2018 жылдан оқу процесіне бір жұп тазы кафедраға алынды. Нәтижесінде, бұл иттер күшіктеп, кәдімгідей шағын үйір пайда болды. Оларды баптап-күту ісіне студенттер тартылып, оқу ісінің тәжірибелік талаптары жолға қойыла бастады.
– Сіздердің қолдарыңызда аталмыш пәнді үйрететін оқулық немесе нұсқаулық бар ма?
– Әзірге толық кемелденген дайын нұсқаулық жоқ деуге болады. Десе де, оқытушылар мен студенттер өздері талаптанып, ізденудің арқасында тазы итті бағып-қағудың, әсіресе тазы күшігін аман-есен жетілдірудің тәжірибелік әдіс-айласын іс жүзінде үйрену үстінде. Әсіресе, тазыны аңшылыққа бейімдеудің табиғи ерекшелігі, ең бастысы қолда бар тұқым арқылы қазақ тазысының басқа иттерден стандарттық айырмашылығы қандай? деген сұрақтарды игеруде.
Бұл орайда, айта кетерлік дүние, бұған дейін отандық жоғары оқу орындарында «тазытану» ілімі жүйелі бағдарламалық сипатта оқытылған жоқ. Сол себепті біз бұл ілімнің ғылыми-тәжірибелік маңызын орнықтыру үшін бір студентке диплом жұмысын жаздырдық. Мұнда тазы күшігінің туған сәтінен бастап алты айға дейінгі өсіп-жетілуі, қоректенуі, азықтың құрамы, дәрілік витаминдер және оны пайдалану, уақытында вакциналау, ауырған жағдайда емдеу-сауықтыру үдерісі толық баяндалды.
Біздің университет 2019 жылы «Қансонар» аңшылық шаруашылығы қауымдастығымен бірлесіп халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Осы басқосуда қазақ тазысын әлемдік стандартқа сай өсірудің қажеттілігі сөз болып, ол үшін Қазақ агротехникалық университеті жанынан тазы өсіретін питомник құру мәселесі сөз болды. Себебі университетте маман ғалымдар бар, әрі болашақта лаборатория жасақтап жүйелі жұмыс атқаруға мүмкіндік жеткілікті. Бұл бастама болашақта қолдауды қажет етеді.
Ендігі мақсатымыз – қолдағы тазыларды ғылыми-генетикалық сұрыптау арқылы бес-алты ұрпақтан кейін нағыз қазақы стандартқа сай сапалы тазы тұқымын көбейту. Ол үшін қазіргі тазылардың сыртқы морфологиялық сипатына баса назар аударып отырмыз. Бірақ тәжірибелік жұмыстарымыз қолдағы тазылар екі-үш күшіктеген соң тоқтап қалды. Бұған себеп, біз оқу ісіне пайдаланып жүрген тазыларды одан әрі зерттеу мен күтіп-бағуға қаржы мәселесінің тапшылығы қол байлауда.
– Қаржылық мүмкіндікті шешудің басқадай жолы болмады ма? Тазы өсірумен айналысатын елімізде басқа ұйым-мекемелер бар ма?
– Қаржылық мүмкіндікке қол жеткізу үшін бірнеше рет ғылыми жобалар дайындап, Білім және ғылым министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі жариялаған қаржыландыру грантына ұсындық, десе де қолдау болмағандықтан жоба қаржыландырылмай қалды. 2019 жылы универстетімізге тәжірибе алмасуға келген француз ғалымы бізге қазақ тазысының генетикалық тұрғыдан еуростандартқа сай ғылыми негіздерін жасауға көмектесетінін айтты, қаржы тапшылығы кедергі болды. Айналып келгенде, тазыларымызды зерттеу жұмыстарын уақытша тоқтатуға тура келді.
Ал тазы асыраумен айналысатын елімізде жеке тұлғалар бар. Бірақ бұлардың шаруашылығы коммерциялық мақсатқа сай құрылған. Мысалы, Алматыда Константин Плахов дейтін Зоология институтының директоры болған, териолог ғалым Аркадий Слудский дайындаған стандарт бойынша тазы өсіріп отырған көрінеді. Бұл кісінің арнайы питомнигі де бар. Оның сыртында көкшетаулық Оралбек Қайсанов та қазақы тазы-төбет өсірумен айналысуда.
– Осы орайда, маман ретінде өзіңізден сұрайтын дүние: Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Осы құжатта бұған дейін ел арасында кең етек алған «ит таластыру» мәселесі шектелетін болды. Бұған қандай пікір айтасыз?
– Өзіңіз атап өткендей «ит таластыру» мәселесі халық арасында аса бір ұнамсыз, ұлттық менталитетімізге жат дүние. Қазақ төбетінің жаратылыс бейімділігі төбелеске арналмаған. Ол иесіне көмектесуші қайырымды хайуан. Оның сыртында дана халқымыз берекесіз істі «итше ырылдасты», «итше таласты», «иттің тірлігін жасады» деп жиіркенішті сипатта бейнелеп айтқан. Ендеше, осындай ұлттық тәрбиелік тұрғыдан жат саналатын істі тыйған дұрыс.
Ит таластырушылардың пікіріне қарасақ, хайуанды төбелестіру арқылы «жақсы тұқым сұрыптап, сынақтан өткіземіз» дейді. Бұл қате түсінік. Генетикалық та, табиғи сұрыптау да мұндай жолмен жасалмайды. Оның сыртында бұл құмар ойынға жататындықтан, мұсылман шариғаты да қолдамайды. Исламда мұндай табыс харам саналатынын білесіздер. Сондай-ақ ит таластыру ісіне еліміздегі барлық жануарларды қорғау ұйымдары қарсылық танытуда. Тіпті Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы Жолдауында жануарларға қарым-қатынасты қоғам өркениетінің өлшемі деп айтқаны тегін емес.