Жаман тұмаудың тұла бойыңды түршіктірер алапат хабары ел шетіне жеткен кезде жамағат қатты қауіптеніп, бойын жинап алып еді. Кейін еті үйреніп кетті. Індет шеңгеліне іліккен, айтып келген апаттан ажал тапқандар туралы ет жүрегіңді мұздататын сұрапыл ақпарат судай сапырылып тұрса да уақыт өте келе зардабын елемеуге айналды. Өз басына ғана емес, өзге бейкүнә жұртқа да қауіп төндіретінін, нақтырақ айтқанда, дерт жұқтыратынын дендеп ескермеудің түбі бүгінгі жайға жеткізіп тұр.
Карантин тәртібін бұзушылық ең алдымен облыс орталығында белең алған. Демалыс күндері былай тұрсын, жұмыс күндерінің өзінде есік пен төрдей терезелерін тұмшалап алған мейрамханалар мен дәмханалардың алдында көліктер сыңсып тұр. Той-томалақ та, жалпақ жұртты жинаған қаралы жиын да үзбей өткізіліп жатыр. Осыдан кейін «қызыл» аймақтың санатынан шыға алуымыз мүмкін бе? Көкшетау қаласында мониторингтік топтар карантин тәртібінің 222 мәрте бұзылғанын анықтаған. Аудандардың көшін Бурабай, Целиноград, Атбасар, Сандықтау бастап тұр. Степногор қаласында да тәртіп жиі бұзылады.
Тәртіп бұзғандарға тиісті шара қолданылып жатыр. Мәселен, 672 рет әкімшілік айыппұл салынған. Көлемі 89 млн 572 мың теңге деңгейінде. 18 іс әкімшілік сотқа жолданды. Әйтсе де, көпшілік орындардан аяғын тартып, бойын аулақ салып сақтану сұйылып барады.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін қоғамдық тамақтану орындарында бақандай 113 мәрте көпшіліктің қатысуымен іс-шаралар өткізіліп, жалпыға ортақ тәртіптің табанасты болғаны белгілі болып отыр. Соңғы уақытта коттеджін жалға беретіндердің айы оңынан туып тұрғанын екпін түсіре айта кету керек. Мониторингтік топтар орталықтағы мейрамханалар мен дәмханаларды жиі қадағалайтындықтан шағын мерекелік кештер жұрт көзінен қаға берістегі коттедждерге ауған. Бұл арада жасырын түк те жоқ, әлеуметтік желілер мен жарнамалық газеттерде «коттеджді жалға беремін» деген хабарландырудан көз сүрінеді. Мониторингтік топтар «індет кезіндегі той» демекші, елдің амандығынан қарақан басының қамын ойлап, қысылған халықтан қарпып пайда тауып қалуды көксеген коттедждерін жалға берушілерді де анықтап жатыр. Мұндай фактілердің жетеуі кездескен. Бұл көзге түскендері ғана. Анықталмағандары қаншама? Дерттің демігіп тұруының бір себебі осында емес пе екен?
Қазан айында 296 рейд жасалып, 1 010 нысанды қамтыған кезде 30 тәртіп бұзушылық анықталған. Ескертуді құлағына ілмеген мейрамханалар мен дәмханалардың иелеріне 3 млн 622 мың теңге көлеміндегі 25 әкімшілік айыппұл салынған. Осыдан кейін тыйылар дейсіз ғой? Жоқ, әлі де өршіп тұр. Соңғы аптада 300 нысанды қамтыған 84 рейд өткізілген кезде тағы да 9 жерде карантиндік шаралардың өрескел бұзылғаны белгілі болған. Тәртіп бұзғандары үшін 1 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынған.
Жоғарыда айтылған жайларды сараптай келе, айыппұлдың да өз пайдасын көксегендерге тосқауыл бола алмайтынына көзіміз жетіп отыр. Бәлкім, өңірдегі жағдайдың қалай қалыптасып отырғанын біле тұра тәртіп бұзғандарға тұсамыс салу үшін қолданылатын шараны қатайтқан жөн бе?!
Ақмола облысы