Коронавирус • 29 Қазан, 2021

Індеттің өршуіне себепкер – өзіміз

167 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тиісті орындар қанша мәрте ескерткенімен, баспасөзде жазылып, бас қосқан жиында айтылып жатқанымен, әлі де айылымызды жиятын емеспіз. Өңірде мониторингтік топтар жыл басынан бері әртүрлі меншіктегі 29 489 нысанда карантиндік шаралар қаншалықты атқарылып жатқанын тексерген. Тексеру барысында 635 мәрте карантин шаралары бұзылғаны анықталған.

Індеттің өршуіне себепкер – өзіміз

Жаман тұмаудың тұла бойың­ды түршіктірер алапат хабары ел шетіне жеткен кезде жамағат қатты қауіптеніп, бойын жинап алып еді. Кейін еті үйреніп кетті. Індет шеңгеліне іліккен, айтып келген апаттан ажал тапқандар туралы ет жүрегіңді мұздататын сұ­ра­пыл ақпарат судай сапырылып тұрса да уақыт өте келе зардабын елемеуге айналды. Өз басына ғана емес, өзге бейкүнә жұртқа да қауіп төндіретінін, нақтырақ айт­қан­да, дерт жұқтыратынын дендеп ескер­меу­дің түбі бүгінгі жайға жеткізіп тұр.

Карантин тәртібін бұзушылық ең алдымен облыс орталығында белең алған. Демалыс күндері бы­лай тұрсын, жұмыс күндерінің өзін­де есік пен төрдей терезелерін тұмшалап алған мейрамханалар мен дәмханалардың алдында көлік­тер сыңсып тұр. Той-томалақ та, жал­пақ жұртты жинаған қаралы жиын да үзбей өткізіліп жатыр. Осы­дан кейін «қызыл» аймақтың са­на­тынан шыға алуымыз мүм­кін бе? Көкшетау қаласында мониторингтік топтар карантин тәртібінің 222 мәрте бұзылғанын анықтаған. Аудандардың көшін Бурабай, Целиноград, Атбасар, Сандықтау бастап тұр. Степногор қала­сында да тәртіп жиі бұзылады.

Тәртіп бұзғандарға тиісті шара қолданылып жатыр. Мәселен, 672 рет әкімшілік айыппұл салынған. Көлемі 89 млн 572 мың теңге дең­ге­йінде. 18 іс әкімшілік сотқа жол­данды. Әйтсе де, көпшілік орын­дардан аяғын тартып, бо­­йын аулақ салып сақтану сұйылып ба­ра­­ды.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін қоғамдық тамақтану орындарында бақандай 113 мәрте көпшіліктің қатысуымен іс-шаралар өткізіліп, жалпыға ортақ тәртіптің табанас­ты болғаны белгілі болып отыр. Соңғы уақытта коттеджін жалға беретіндердің айы оңынан туып тұрғанын екпін түсіре айта кету керек. Мониторингтік топтар ор­та­­лықтағы мейрамханалар мен дәм­ханаларды жиі қадаға­лай­тын­дық­тан шағын мерекелік кештер жұрт көзінен қаға берістегі коттедж­дерге ауған. Бұл арада жасы­рын түк те жоқ, әлеуметтік желі­лер мен жарнамалық газеттерде «коттеджді жалға беремін» деген хабарландырудан көз сүрінеді. Мониторингтік топтар «індет ке­зін­дегі той» демекші, елдің аман­дығынан қарақан басының қа­мын ойлап, қысылған халықтан қарпып пайда тауып қалуды көк­се­ген коттедждерін жалға беру­шілерді де анықтап жатыр. Мұн­дай фактілердің жетеуі кездескен. Бұл көзге түскендері ғана. Анық­тал­мағандары қаншама? Дерт­тің демігіп тұруының бір себебі осында емес пе екен?

Қазан айында 296 рейд жасалып, 1 010 нысанды қамтыған кезде 30 тәртіп бұзушылық анықталған. Ескертуді құлағына ілмеген мейрамханалар мен дәмханалардың иелеріне 3 млн 622 мың теңге көлеміндегі 25 әкімшілік айыппұл салынған. Осыдан кейін тыйылар дейсіз ғой? Жоқ, әлі де өршіп тұр. Соңғы аптада 300 нысанды қамтыған 84 рейд өткізілген кезде тағы да 9 жерде карантиндік шаралардың өрескел бұзылғаны бел­гілі болған. Тәртіп бұзғандары үшін 1 млн теңге мөлшерінде айып­­пұл салынған.

Жоғарыда айтылған жайларды сараптай келе, айыппұлдың да өз пайдасын көксегендерге тосқауыл бола алмайтынына көзіміз жетіп отыр. Бәлкім, өңірдегі жағдайдың қалай қалыптасып отырғанын біле тұра тәртіп бұзғандарға тұсамыс салу үшін қолданылатын шараны қатайтқан жөн бе?!

 

Ақмола облысы