Аймақтар • 29 Қазан, 2021

«Түркі обатасы» – ауыл музейінің төрінде

384 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алакөл ауданының Леп­сі ауылында тарихи-өлке­тану музейі салтанатты ашылды. Лепсі тарихи-өлкетану музейі танымал меценат, жеке кә­сіп­кер Бауыржан Оспа­новтың қолдауымен еңсе­сін тіктеп отыр.

«Түркі обатасы» – ауыл музейінің төрінде

Бұған дейін ауылдағы орта мектептің бір бұрышында елеу­сіздеу қалып келген өлке тари­хының тәбәрігі енді кең де, жа­рық баспана ішінде келу­ші­лердің көзайымы болмақ. Жаңа мұражайға сегіз жүзден астам экспонат жиналып, сақтауға бе­ріліпті. Ал музей іргетасының қа­лануына Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы, белгілі ме­ценат Бауыржан Оспанов және жергілікті тарихшы, өлке­танушы Мұхаррам Хайбуллин өз үлестерін қосқан.

– Жетісудың бұл аймағы тарихи және мәдени мұраға бай екені белгілі. Алдағы уақытта Алакөлге келетін туристер шипалы судың емдік қасиетімен қатар, өңірдің тарихымен де таныса алатын болады. Бір кездері жергілікті мектеп кабинетінде орналасқан құнды тарихи экспонаттар бүгінгі күні кең мұражай залдарына орналастырылды, – деді облыстық мәдениет бас­қармасының басшысы Мәрлен Көлбаев ауылдағы мұражайдың ашылу салтанатында.

Бүгінде мұражайда 781 экспонат бар. Тарихи-өлкетану мұра­жайында өлкенің ежелгі та­рихы, тұрмыс-тіршілігі, мәде­ниеті мен шығармашылығы ұсы­нылған. Сондай-ақ мұнда Ке­ңес Одағы, азаматтық және Ұлы Отан соғысы кезіндегі экс­­по­наттары сақталған. Олар­дың барлығы 30 жыл бойы жер­гілікті тұрғындардың күші­мен жиналған екен.

– Лепсі ауылы Қазақстан та­рихында, әсіресе Жетісу өлке­сінде маңызды рөл атқарды. Бұл аймақта жыл сайын ағы­лып келетін туристердің қызы­ғу­шылығын оятатын ерек­ше орындар баршылық. Мұра­жай­ға келген әрбір демалушы Лепсі ауылының тарихынан сыр шертіп қана қоймай, елі­міз­дің әртүрлі кезеңдегі гео­саяси жағдайы туралы қызық­ты мәліметтерден хабардар бо­ла алады. Алдағы уақытта мұ­ражай Лепсі ауылының одан әрі ша­рықтап, дамуына өзіндік үлесін қосады деп үміттенеміз, – дейді Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы.

Айтпақшы, ауылдағы му­зей­дің бірегей экспонатының қатарында «Түркі обатасы» ата­латын бітік тас бар. VI-VIII ғасырдың аралығын қам­ти­тын таңбалы тас Лепсі айма­ғының жанынан табылған де­седі. Сонымен қатар ел іші­нен жиналған Алаш полкі сарбаз­дарының киімдері де еліміздің басқа мұражайларында кезде­се бермейтін теңдесі жоқ жәді­герлер санатында.

1

 

Алматы облысы