Қазақстан • 29 Қазан, 2021

Цифрландыру – сапалы өмірдің кепілі

635 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Цифрлы трансформация және өмірдің жаңа сапасы» – таяу­да өткен Open Mind ашық инновациялар форумының негізгі арқауы. Аталған жиын пандемия жағдайындағы тың технологиялардың дамуына арналды.

Цифрландыру – сапалы өмірдің кепілі

Нұрсұлтан Назарбаев қоры­ның бастамасымен қолға алын­ған форумда Үкімет мүшелері, корпоративтік сектор мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, сол секілді цифрлы сервистерді әзірлеушілер мен IT компаниялардың басшылары цифрлы технологияларға бай­ланысты өзекті мәселелер тал­қылап, пікір алмасты.

«Карантиндік шектеулер цифр­­ландыру үдерісінің тез да­муына ықпал еткеніне куә бол­дық. Кез келген дағдарыс се­кілді пандемия да адамзатқа сын-қатерді ғана емес, жаңа мүм­кіндіктерге де жол ашты. Ашық инновациялар форматы жеделдетілген цифрлы трансформация сынды өзекті үрдіске айналды.

Цифрландыру мен ашық инновациялар саласында белгілі қауіп-қатерлер де бар екенін түсі­неміз. Қазір кәсіби ортада кибер­қауіпсіздік және жеке деректерді қорғау мәселелері жиі айтылады. Электронды комму­никация саласындағы соңғы оқиғалар мұның қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Ашық инновациялар қоғамдық, мемлекеттік және корпоративтік институттар тиісті деңгейде дамыған кез­де ғана тиімді екенін байқата алады», деген Нұрсұлтан Назар­баев қоры атқарушы дирек­то­рының орынбасары Әл­кей Мар­ғұланұлы аталған қор­дың дирек­торы Дариға Назар­баеваның баян­дамасын жеткізді.

Спикерлер өткізіліп отырған форум Қазақстанның цифр­лы жүйесін дамытып, тиімді іске асы­руға мүмкіндік беретін құрал­дарды анықтауға ықпал ететініне сенімді. «Цифрлы трансформа­ция қо­ғамның барлық саласында өте маңызды. Қазақстан бұл ба­­ғытта жақсы табысқа қол жет­­кізеді деп сенемін. RoboCup кон­­­федерациясының жарысы­на қазақстандық студенттер көп қатысады. RoboCup – уни­вер­си­теттердің, ғылыми-зерт­теу инс­­титуттарының және өнер­кә­сіп­тің дамуына қомақты үлес қо­сатын таланттардың нағыз инкубаторы», деді RoboCup Азия-Тынық мұхиты халықаралық конфедерациясының (RCAP) президенті Чанцзю Чжоу.

Халықаралық сарапшы елі­міздің IT-технологияларды да­мытып, енгізуге қатысты жұ­мыс­­тарын оң бағалады.

Форумның алғашқы күні мамандар «Ашық инновациялар және жаңа цифрлы шындық­тың сын-қатерлері», «Цифрлан­ды­ру және құқық: жаңа сын-қатерлер», сондай-ақ «GovTech және DigitEl: бұл не және не үшін керек?» сынды қызықты тақырыптарда пікір алмасты. Сонымен қоса бұл жиын­да қазақ­стандық стартап­тар­дың ше­телдік нарыққа шы­ғуы, ІТ-аут­сорсингті дамыту және отан­дық университеттердің жаңа тех­нологиялық жобалар­ды дайын­дауға қатысу мүмкін­діктері ­пы­сық­талды.

Бұдан бөлек, KazRobo­Pro­ject-2021 роботтехника байқауы мен Smart Zholy жобасының жеңімпаздары анықталады. Жыл сайын роботтехника бірінші­лігі (10 жастан 21 жасқа дейінгі жас­тар арасында өткізіледі) елі­міздің барлық өңірінен онда­ған жас өнертапқыштың есі­мін жариялайды. Smart Zholy бағ­дарламасы болашағы зор IT-стар­таптарды қолдап, үздіктерін халықаралық деңгейге шыға­ру­ға бағытталған. Бағдарлама жеңімпаздары бірнеше жыл қатарынан Сингапурдағы Оң­түстік-Шығыс Азияның ірі с­тар­тап алаңында жобаларын ұсын­ғанын айта кеткен орынды.