Аймақтар • 29 Қазан, 2021

Ыбырай оқулары

646 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайда «Ыбырай оқулары» атты дәстүрлі байқау өтті. Биыл ұлы ағар­тушының 180 жыл­дығына орай облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйым­дастыруымен өткен өңірлік білім жарысына 18-29 жас аралы­ғындағы 40-қа жуық үміткер қатысты.

Ыбырай оқулары

Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Бақытгүл Сүлейменованың айтуынша, аталған шараны өткізудегі басты мақсат – Ыбырай шы­ғармалары арқылы өңір жастарының көркемсөз оқу шеберлігін, сөйлеу мәдениетін жетілдіру. Сон­­дай-ақ әдебиет пен өнерге құштар дарынды жас­­тарды ынталандыру.

Байқау барысында үміткерлер үш кезең бо­йын­ша білімдерін сынап көрді. «Менің пірім – Ыбырай» атты бірінші кезеңде қатысушылар ұлы ағартушыға арнаған арнау өлеңдерін оқыды. Одан кейін экрандағы ұяшықтарды таңдау арқылы Ыбырай Алтынсариннің соңғы үлгідегі латын графикасына түсірілген шығармасынан үзінді оқып берді. Ал үшінші кезеңге өткендер Ыбырай атамыздың өлеңдерін көркем тілмен мәнерлеп оқып шықты.

Байқау қорытындысы бойынша «Менің пірім – Ыбырай» аталымын Қостанай қаласының №14 мектебінің мұғалімі А.Аманбаева, «Алтынсарин мұрасының білгірі» аталымын Арқалықтағы №2 әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Е.Әуезхан, «Ыбырайды оқимын да тоқимын» аталымын Меңдіқара аудандық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы И.Мусинов жеңіп алды. Сондай-ақ қазылар алқасының шешімімен Арқалық қаласы Б.Майлин атындағы №3 мек­теп­тің мұғалімі А.Сәлімжан бірінші орынды, Қос­танайдағы Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің бөлім меңгерушісі С.Мырзабай екінші орынды иеленсе, Сарыкөл ауданының Урицк мектеп-лицейінің мұғалімі Е.Өміртай жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты.

 

Қостанай облысы