Технология • 29 Қазан, 2021

Министр Мусин ЖОО-ларды сынға алды

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық жобалар аясында 50 өңірлік оқу орнының IT-факультеттері бейінді IT-университеттерге немесе қалыптасып үлгерген IT-компаниялардың қамқорлығына беріледі. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министр Мусин ЖОО-ларды сынға алды

«Бәріміз жақсы түсініп отырмыз, қазір IT саласы үшін ЖОО-лар даярлайтын мамандардың деңгейі аса жоғары емес – яғни ЖОО-лар сапасы төмен мамандарды беріп отыр. Бұл да біздің ортақ проблемамыз. Сондықтан біз Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, 50 өңірлік ЖОО-ның IT-факультеттерін бейінді IT-университеттерге немесе қалыптасып үлгерген IT-компаниялардың қамқорлығына беру жұмыстарын жүргізетін боламыз», деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге министр IT стартапшылар үшін «реттеуші ортаның» болуы маңызды екенін жеткізді.

«Мысалы, стартапшы пиццаны дронмен жеткізгісі келсе, бұл үшін елімізде заңнама базасы жоқ. Немесе біреу автономды көлікті еш жүргізушісіз сынап көргісі келеді. Оған да Қазақстанда заңнама негізі жоқ. Мұндай технологияларды сынақтан өткізу үшін белгілі бір аумақта «реттеуші орта» құру қажет. Сол аумақта мұндай жаңа технологияларды қолдануға болады және стартаптар өз жаңалықтарымен жұмыс істей алады», деп түсіндірді Б. Мусин.